АЙДАР ТҰРЛАНОВ – Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. Сабақты жақсы оқығаны үшін АҚШ-та қыдырып қайтқан санаулы оқушының бірі. «Қазақстанның дарынды балалары»
тізіміне енген жас талант. Болашақта кино саласында еңбек еткісі келеді. Жас режиссер-аниматор. Үйде отырып-ақ мультфильм жасаудың шебері. Айдармен елімізде кенжелеп дамып жатқан өнердің болашағы төңірегінде әңгімелестік.

– Бала күнімде компьютер ойындарына құмар болдым. Ойынды өзім құрастырғым келетін. Қызығып жүріп, монтаж жасауды үйреніп алдым. 9-сынып оқып жүргенде мектеп президентіне үміткер балаға видео жасадым. Мұғалімдер күніне арналған видеоны монтаждадым. Осыдан кейін менің шығармашылық өнерім қалыптасты. Сол жылы мультфильм құрастырдым. 10-сыныпқа көшкенде тизерін жасадым. Қазір мультфильм құрастырып жатырмын, – дейді ол.

– Режиссура саласының мамандары талантты дегенге сенбеймін. Оны бәрі істей алады. Еңбек пен ізденіс керек. Көп еңбектенсем, мықты режиссерден де озып кетемін. Қазір сценарий де жазамын. Біздің мектеп өзіңе ұнайтын іспен айналысуға кедергі жасамайды. Оқу үлгерімім де жақсы. Мұғалімнің берген жобасын орындамағаным үшін, информатика пәні ғана «4» болып тұр. Видео түсіру үшін сабақтан сұранамын. Кейін қосымша тапсырмалар алып, қалған күнімді өтеймін, – дейді талапты жігіт.

Айдар қазірденақ кәсіби маман болуды армандайды. Жетістігі де аз емес екен. Кино саласында еңбек етсе, «Оскар сыйлығын иелену үшін тынбаймын» деп отыр.

– Киноиндустрия қатты ұнайды. Қысқаметрлі кинолар сұранысқа ие. Мультипликацияда бәрін өзің істейсің. Кино түсіру үшін қыруар қаржы керек. Осы салаға қатысы бар дүниенің бәрі ұнайды. Бөліп-жарғым келмейді. Болашақта үлкендерге арналған комикс түсіргім келеді. Елімізде кино өнері қарқынды дамып келеді.Қазақфильмнен отыз жеті фильм шықса, соның отызы – жас режиссерлердің дебюті. Әлеуметтік желідегі парақшасына кірсеңіз, жаңалық көп.

Өткенде «Қазақфильмге» хабарластым. Бір режиссермен пікір алмастық. Идеяларымды айттым. Мағынасыз комедиялар көп және ол бізге керек. Талғампаз көрермен қалыптастыру үшін бәсеке маңызды. Егер кинодан хабарыңыз болмаса, дамымай жатыр деп айтуға құқығыңыз жоқ. Көрермен кинотанушы мен киносыншы емес. «Байқоңыр» фестиваліне мультфильмді ұсынғым келген, бірақ үлгере алмай жатырмын. Басқа байқауларға да қатыстырғым келеді. Илья Горбунов деген әнші көмектесемін деп уәде берді. Жалғыз өзім жасап жатқандықтан, қиындық көп.

Аз уақыттың ішінде біраз жетістікке жеттім. 2017 жылы «Infomatrix Asia» халықаралық конкурсында «Компьютерлік графика және өнер» бөлімінде жеңіске жеттім. «Кинетикалық үй» жобам Мәскеудегі В.В.Вернадский атындағы конкурста 1-орынды иеленді. Республикалық ғылыми жобалар байқауында 2-орынды жеңіп алдым. Барселонада және Мысырда өткен жарыста финалист болдым. 2018 жылы «Ғарыш зымыранымен арманға» мультфильмім АҚШ-та жартылай финалға өтті. Насер Бин Хамад халықаралық шығармашылық байқауында жеңіп, 7000 доллар көлемінде сыйақы иелендім, – дейді жас талант.

Айдар Байқоңыр қаласында «Ғылым әлемін ашу» атты ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми сайыста топ жарды. Ол сыныптасы Диас және мұғалімдері Жәнібек Жанқұлов пен Мира Елемесқызының жетекшілігімен Марсқа жылыжай салу жобасын ұсыныпты. Өнер мен білімді қатар алып жүрген замандастың жетістігі көпке үлгі.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №29
16 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз