Жақында редакциямызға Еркенұр есімді оқырманнан хат келді. Ол balapan
арнасынан көрерменге жол тартқан, Anyzfilm киностудиясының туындысы «Ақ құс» фильмінің саундтрегін орындайтын Қарақат Башанова туралы білгісі келеді екен. «Арманыма жетемін», «Ақ құс» әндерінің караоке нұсқасын да сұрапты. Оқырманның тілегіне орай Қарақатпен танысып, шығармашылығы жөнінде әңгімелестік.

– Талғар ауданына қарайтын Рысқұлов ауылында дүниеге келдім. К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің 5-сыныбына көштім. Скрипка және фортепиано бөлімінде оқимын, – деп бастады әңгімесін Қарақат. – Екі жылдан бері «Қарақат» мектеп-студиясына вокалға қатысамын. Наурызда «Ана мен бала» деген қайырымдылық концертінде өнер көрсеттім. «Бала дауысы» байқауының финалисі болдым. Қазір Димаш Құдайбергеновтың «Бақытты бала» халықаралық конкурсына дайындалып жатырмын. Екі жылдан бері өтіп жүрген конкурс. Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында өтеді. Алғашқы кезеңінде Ержан Максим жеңімпаз болды. 500 өнерпаздың ішінен 20 бала ақтық мәреге өтті. Финалистердің қатарында болғаныма қатты қуандым. Димаш ағамен бірге ән
салып, бір сахнада өнер көрсету барлық өнерпаздың арманы шығар?!. Канада мен Украинадан да жас әншілер келеді. Қазылар алқасы да шет елге танымал өнер жұлдыздары. Күн сайын ауылдан қалаға келіп дайындаламын. Мен бірінші сыныпты екі жыл оқыдым. Жұбанов мектебіне емес, Байсейітова мектебіне түскім келді. Алпыс талапкерден кейін алпыс бірінші болып ілініп тұрдым. Ауылдағыларға қалада оқимын деп айтып кеткесін қайтадан баруға ұялып, Алматыдағы М.Әуезов атындағы қарапайым мектепте білім алдым. Сол жылы әкем қайтыс болып, үйдегілердің менімен ісі болмады. Анамның қолдауымен келесі жылы тағы тапсырып көріп, бағым жанды. Бірақ қазақ бөлімінде орын болмай, орыс бөлімінде оқып жатырмын, – дейді кішкентай өнерпаз.

Қарақат отбасындағы үш қыздың кенжесі. Марқұм әкесі қызының әнші болуын
армандапты. Көзінің тірісінде Қарақатқа ән салдырып, өзі телефонға түсіріп жүреді
екен.

Отбасымда өнерге жақын ешкім жоқ. Әкемнің телефонында кішкентай кезімде айтқан әндерімнің видеолары сақталған. Бір күні үйдегілер көріп, әнге қабілетімді байқап, дамытуға көмектесті. Мектепке қабылданбас бұрын сынақ тапсырдым. Музыкалық қабілет пен аспапта ойнай алатыныңды тексереді. Мен бір аспапты да шертіп көрмегенмін. Бір ән айту керек болды. «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін орындап беріп, сынақтан сүрінбей өттім.

Болашақта кәсіби маман болғым келеді. Бос уақытымда сольфеджиоға барамын. Музыкаға қатысты пәндерді оқимын. Түске дейін мектепте боламын. Одан кейін әртүрлі үйірмеге қатысамын. Қазір конкурсқа қатысып жатқандықтан, ағылшын үйірмесі тоқтап тұр. Ақтөбедегі конкурста «I have nothing» мен халық әні «Желкілдекті» орындаймын. Аздап толқу мен қорқыныш бар. Жеңімпаз болған өнерпаздарға ақшалай сыйлық тігіліпті. Қатысудың өзі жеңіс дегендей, өнердегі достарыммен жүздесетін күнді асыға күтіп жүрмін, – деп қуанышын да жасырмады.

«Отан» әніне бейнебаян түсіргім келеді

«Әнші болу – арманым, әнді жаным сүйеді» деген ән жолдарын білмейтін бала жоқ. Неше түрлі нұсқада айтқан әртүрлі жастағы балалардың видеосы желіде кең тараған. Әлеуметтік желідегі аудиториясы көп парақшалар көшіріп басыпты. Қарақаттың өзіне де лебіз білдіріп жатқандар көп екен.

– Вокалдан беретін ұстазым Ақнұр Байлина ән жаздыру туралы ұсыныс айтты. Ұшқын аға Жамалбекпен хабарласып, «Отан» әнін жаздырдық. Ұшқын ағаға дауысым ұнап қалыпты. «Ақ құс» деген фильм түсірілейін деп жатыр, кастингке барып көр» деп ұсыныс айтты. Мінезім ұяң болғандықтан, өзімді көрсете алмадым. Тұрдыбек аға: «Ән айта аласың ба?» – деп сұрады. Сол жерде саундтректі орындап бердім. Кейін хабарласып, екі әнді де маған жүктеді. Қазір көп баланың сүйікті әніне айналыпты. «Әнші болғым келеді» әнінің YouTube арнасындағы қаралымы екі миллионнан асқан. Ол маған шабыт береді. Өзіме де жазып, әннің сөзі мен караоке нұсқасын сұрайтындар бар.

Өнерді шыңдайтын байқаулар жиі ұйымдастырылса екен. Балаларға арналған әндердің көп болғанын қалаймын. Болашақта бейнебаян түсіріп, халыққа ұсынғым келеді. Менің демеушім – әпкем. Әкемнің туған ағасына анамның туған әпкесі тұрмысқа шыққан. Сол кісілер көмектеседі. Өскенде отбасыма көмектесіп, үлгілі қыз болғым келеді. Сәннен гөрі әнге мән беремін. Бірақ қазылар алқасы киімге де қарайды деп естідім. Ақтөбедегі кон курсқа «Jado» сән үйінің костюмін киемін. Өз елімізбен ғана шектелмей, әлем танитын өнерпаз болуды армандаймын. Әніммен әлемді мойындатқым келеді, – дейді өнердің кішкентай жанашыры.

Әңгіме арасында замандастарының тойда ән салатынын айтып қалдық. «Тойда ән салғаннан гөрі, музыкамен айналысқанды жақсы көремін. Көпшілік жерді ұнатпаймын» деп қысқа қайырды.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №28
9 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз