«Сақтансаң сақтаймын» деген сөздің түп-төркінін жақсы түсінетін ата-ана нақты іске келгенде онша сақтана қоймайтынына күнде көзіміз жетіп жүр. Мысалы, белесебет тебетіндер міндетті түрде басына шлем киюі керек. Бұл шлем шаңғы теп-кенде де, мотоцикл айдағанда да қажет. Кәдімгі көлікке отырған кезде қауіпсіздік белдігін таққан сияқты дағдыға айналуы керек. Тіпті үйіңізде тамақ пісіріп, шай қайнатып жүрген газдың жанында өрт сөндіргіш тұрғаны да абзал. Мұны «қауіпсіздік мәдениеті» деп атайды.

«Осы уақытқа дейін бұл ескертпені естімептік» деп ешкім айта алмас. Тіпті ара-тұра қауіпсіздік мәдениетін сақтайтын да шығар. Бірақ жаппай әдетке айналдырып дағдыланғандар сирек. Мысалы, өз басым қандай да бір ғимаратқа кіріп бара жатқан кезде, апаттық жағдайда шығатын есік-тесіктердің схемасына бір қарап аламын. Әдетте схема ғимаратқа кіреберісте ілініп тұрады. Мұны көріп жүрген балам да қазір мойнын созып, шығатын қанша есік бар екенін санайды. Яғни өзіңіз сақтанып жүрсеңіз, балаңыздың да қаперінде көп нәрсе жүреді. Алайда бізден басқа ешкім қауіпсіздік схемасына тесіліп қарап тұрғанын көрмеймін. Бұл шағын мақаланы жазу барысында белгілі журналист Шыңғыс Мұқанның Фейсбук парақшасында ілгеріде салған бір жазбасына көзіміз түсті. Шыңғыс Мұқан бүй дейді: «Қазақ пен қауіпсіздік антонимдер секілді ме, қалай? Өткен демалыста Ақбұлаққа барып, шаңғы тептік… Айтпағым, қазір шаңғышылар қатары көбейген. Қаланың қазақтары емес, қазақша сөйлейтін кәдімгі ауылда туып өскен қазақтар. Бірақ бір байқағаным, біз қауіпсіздікке көп көңіл бөлмейді екенбіз. Аспа жолмен тау бөктерін бағыттап келе жатырмыз. Аяқта шаңғы. Төменде сырғанақ. Бақсам, қазақтардың басында шлем жоқ. Кейбір кісілердің қолында тіпті қолғап та жоқ. Аспа жол аяқталып, сырғанақтың бастауынан түсіп қалдық. Біздің соңымыздан екі орыс жігіті ілесті. Бірі шаңғыда, бірі сноубордта. Екеуінің басында да шлем. Киімі де қысқы спортқа арналған. Көп ұзамай құладым. Демалып алайын деп жамбастап жатырмын. Машықтанғандар құлдилап бара жатыр, мен сияқты жаңа бастағандар әне-міне құлап қалам деп қолтыраңдап сырғып бара жатыр. Жанымнан жиырма адам өтті-ау. Бәрінің басына қараймын. Қазақтың көбінде шлем жоқ. Өзімнің басымды сипалаймын. Шлем менің басымда да жоқ. Неге? Себебі, шаңғыны 5 мың теңгеге жалға алдық. Шлем қосымша ақша екен, 1500 теңге. «Құрсын, не болар дерсің?» деп, осы жаңа ғана ақша үнемдеп қалғаным есіме түсті.

Ел көрдім, жер көрдім, азды-көпті қызмет істедім, орта көрдім деген менің өзім қауіпсіздікке салғырт қарайтыныма ұялып бара жатырмын.

Америкада да дәл осындай тағы бір жағдай болып еді. Бала-мызға самокат алдық. Мектепке сонымен барып жүрді. Самокат сатып аларда Амазон дулығасы мен тізерлігін қосып ұсынады. «Ей, не болар дейсің?» деп, самокаттың өзін алғанбыз. Мектепке бара жатқан жолда оқушылар самокат теуіп келе жатты. Америкалықтар. Бәрінің басында дулыға, аяғында тізерлік. Соны көріп тұрып шлемді ақыры алмадық қой. Ұят-ай! Жолда жөңкіген белесебетшілер де басына шлем киген. Соның бәрін көріп жүрсем де, қауіпсіз өмір салты маған жұқпапты.

Атырауда төрт жыл істедім. Сонда мұнайшылар шетелдік компаниялардың қауіпсіздікке қалай көңіл бөлетінін аңыз қылып айтады. Шет-жағасын өзіміз де көрдік. Айталық, ТШО-ға (Теңізшевройл-ред.) жиналысқа бара қалсаң, алғашқы сөз берілмес бұрын қауіпсіздікке жауапты адам шығып, нұсқаулық береді. Өрт бола қалса, ғимараттан ана есіктен шығасың, мына есіктен шығасың… Сондағы ойым: Атырау қаласының қақ ортасында орналасқан қаладағы ең қауіпсіз ғимаратты өрт шалар деймісің?!

Енді ҚМГ (ҚазМұнайГаз- ред.) мен ТШО-ның қауіпсіздік талаптарын салыстырыңыз. Білетін адамдар түсінеді. Талаптар болуы мүмкін, бірақ көпшілік немқұрайды қарайды. Осындай жағдайда тап менен бастап, қауіпсіздік талаптарын xалықтың өмір салтына қалай айналдырамыз?» – деп сұрақ қояды Шыңғыс Мұқан.

Айтып отырғанына сіздің де келіспеске әддіңіз жоқ. Сіз де шаңғы немесе беле-себет тепкенде шлем, тізерлік кимейсіз. Токты ашық қалдырасыз, газдың қасында өрт сөндіргіш о бастан жоқ, терезеңізге тор салынбаған, кейде көлікте қауіпсіздік белдігін шешіп тастайсыз, күні бойы компьютердің алдында отыратын жұмысыңызда көзіңізді мүлдем қорғамауыңыз мүмкін. Былайша айтқанда, қауіпсіздік мәдениетіне пысқырып та қарамайсыз. Оны көрген балаңыз да соны істейді. Көшеде кетіп бара жатқанда кәріз құбырларының үстінен баспай жүру керек екенін, бағдаршамнан өткен кезде белесебеттен түсіп, жетектеп өту керек екенін, шлем мен тізерлікке үйрету керек екенін, оталып тұрған көліктің арт жағында тұрмау керек екенін, тағы да басқа өміріне қауіпті нәрселерден сақтану керек екенін айта алмайсыз. Өйткені ата-ананың әдетінде жоқ нәрсе мектепте де үйретілмейді. Бұлай беймарал жүру бәлкім біздің кеңес заманынан келе жатқан менталитетімізге де байланысты шығар? Осы уақытқа дейін қауіпсіздік мәдениетінің қоғамда қалыптаспауының сыры неде? Транзакт анализ бойынша психолог Меруерт Әбішева былай дейді:

– Меніңше, адамның білім-білігі жетпегеннен де қауіпсіздікке мән бермейді. Қазір ата-аналар қауіп-қатерді елемейді, тіпті алдын ала болжамайды да, сезбейді де. Отбасылық жағдайына байланысты үнемдеу үшін арзан, жеңіл заттарға жүгіреді. Ал оның зардабын ойламайды. Барлығын бір менталитетке жүктегім келмейді. Өйткені дүкендерде, көшелерде баласына ескертулер айтып, қауіпсіздікке мән беріп жатқан ата-ананы анда-санда ғана көреміз. Қоғамдық орындарда-ғы ескертпелер кім үшін, не үшін жазылған сонда? Түрлі саладағы қауіпсіздік ескертпелері балаларға дұрыс жеткізілуі қажет. Мысалы, өрт, су, газ, техника құралдары, жол жүру ережелері, дәрі-дәрмек, санитарлық ережелер, құлып, домофон, бөтен адамдардың тарапынан жасалатын қысым секілді жағдайларға байланыс-ты отбасында «сабақ» өткізілуі қажет. Барлық ата-ана бұл мәселе жөнінде ізденіп, балаларына үйретіп жүруі қажет. Бұл балабақшаның немесе мектептің ғана жауап-кершілігінде десек қатты қателесеміз.

Бұл біздегі жағдай. Ал өркениетті елдерде қалай? Әрине, дамыған елдерде қауіпсіздік мәдениеті де ерекше дамығаны өз-өзінен түсінікті нәрсе. Психолог Меруерт Әбішева шетелдіктердің қауіпсіздікке қалай мән беретінін жеріне жеткізе айтты:

– Шет мемлекеттердің қауіпсіздік мәдениетінен көп нәрсені үйренуге болады. Осы тұрғыдағы заңдары мен ережелері көп. Мемлекет арқылы жағдайы төмен отбасыларды жиі тексеріп тұрады, егер далада немесе бір үйден айқай-шу естілсе, міндетті түрде полицияға қоңырау шалады. Шомылу аймақтарында түрлі-түске боялған жалаулар ілініп
тұрады, олардың түсі қауіпсіздік деңгейін білдіреді. Жағада арнайы жауапты құтқарушы міндетті түрде болады. Ол күні бойы адамның қауіпсіздігіне жауап береді және көмектеседі. Балаларға арналған арнайы автобустар күтіп алып, шығарып салады. Велосипед айдау үшін міндетті түрде бас киім, тізеқап, шынтақ қорғағыштар кигізіледі. Егер мұндай ережені сақтамаса, ата-анаға шағым түсуі мүмкін. Бірнеше шағымнан кейін ата-аналар тәрбиелеп-түзету мекемесіне сілтеме алады. Шлемсіз шаңғы тепкені үшін айыппұл төлейді. Киноларда көріп жүргендей, әр үйде түтін-хабаршы құралдар бар. Кәмелеттік жасқа толмағанша балаларды қараусыз қалдыр-майды, өздерінің уақыты болмаса бала бағушы жалдайды. Бұның барлығы қалыптасқан шеңбер ретінде жүретін жауапкершілік, ата-ана баласын үйретеді, оған қосымша балабақша немесе мектепте тағы үйретеді, ата-ана түсінбей жатса мемлекет шара қолданады. Қуантарлық бір жайт, елімізде көліктерге камера орнату дағдысы қалыптасып келе жатыр. Әр адам өз өміріне жауапты, сондықтан кішігірім әрекет арқылы өзінің, жақындарының қауіпсіздігін ойлауы қажет және тәуекелге бара бермеген жөн.

Ал қауіпсіздік мәдениетін ата-аналардың санасына қалай сіңіру керек?

Шыңғыс Мұқанның ұсынысы мынандай: «Жаңа әдетті үйретудің бір жолы – айыппұл. Кезінде көлікте ешкім белдік тақпайтын еді. Айыппұл салып, заң қадағалаған соң, бәріміз белдік тағып жүретін болдық.

Қызмет көрсететіндердің жұмысында қауіпсіздік талаптары жіті қадағаланбаса болмайды. Мәселен, шаңғы бір бөлек, шлем бір бөлек емес, екеуі бірге жалға берілуі керек. Аспа жолға кірер турникте тұратын жігіттер қауіпсіздік талаптарына сай емес киінген адамдарды сыр-ғанаққа жібермеуі керек. Сырғанаққа келгендерге алдымен қауіпсіздік талаптарын түсіндіруді жолға қойған жөн. Сол сияқты адам жүретін жерлердің барлығында алдымен қауіпсіздік қамтамасыз етілуі керек. Кез келген қауіпті жағдай арнайы белгіленіп, сақтандыру жүйесін жолға қойған дұрыс».

P.S. Иә, көріп отырғанымыздай мәселе тек шлем мен тізеқап киюге тіреліп қалған жоқ. Әлем бойынша қауіпсіздіктің түрлі стандарттары бар. Алайда оның бәрі сақтала бермейтіні анық. Елімізде қауіпсіздік үшін ойлап табылған заң-талаптардың бәрі тек есеп беру кезінде ғана керек сияқты әсер етеді. Мәселен, қазір кез келген өндіріс орны мен мекемеге барып немесе көше аралап жүріп, қауіпсіздікке байланысты ақауларды оп-оңай тауып алуға болады.

Осы мақаланы жазу барысында Фейсбуктегі тағы бір жазбаға көзім түсті. Бір әйел белесебеттен құлапты. «Басым аман, бірақ бұғанам сынды. Басымда шлем бар еді. Енді сынған бұғананың кесірінен веложарыстарға қатыса алмайтын болдым», – деп жазыпты. Досым осыған ұқсас бір қайғылы әңгіме айтты. Ауылдағы туысы далаға душ орнатыпты. Түнде қараңғы болмасын деп, электр жарығын қосып қойыпты. Сол үйдің келіні шомылып жатып, көбік-көбік еденде тайып жығылып бара жатып, төбеден салбырап тұрған сымнан ұстап үлгеріпті. Алайда ток жүріп тұрған сым ашық тұрған екен. Бала да, шаға да түсетін салқын душтың сиқы осы!..

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз