Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының құрылғанына биыл 18 жыл толады. Әскери институт – елімізде ғана емес, Орталық Азиядағы әскери байланысшылар мен инженерлерді дайындайтын жалғыз оқу орны.

2002-2019 жылдар аралығында институт қабырғасынан 2007 офицер түлеп шықты. Былтыр институт тарихында алғаш рет 51 курсант оқуды үздік дипломға бітіріп, оның 11-і алтын медаль иегері атанды. Бұл – 11 түлектің бір төрттік бағасы болмаған деген сөз.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына оқуға қалай түсуге болады? Жоғары оқу орны қандай мамандарды дайындайды? Курсанттар оқуды бітірген соң қайда қызмет атқарады? Осы сұрақтардың жауабын әскери институттың баспасөз қызметінің басшысы, аға лейтенат Жанар Әміржановадан сұрап білдік.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты «Радиобайланыс және радионавигация», «Радиотехника, көпсалалы және бір салалы зенитті-зымыранды әскерлер», «Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері», «Радиоэлектрондық күрес және радиоэлектрондық барлауды ұйымдастыру», «Автоматты басқару жүйесі», «Байланысты ұйымдастыру мен радионавигация», «Ақпараттық технологияның қауіпсіздігін ұйымдастыру» мамандықтары бойынша Қазақстан Қарулы Күштері мен басқа да қуатты құрылымдарға мамандар дайындайды. Былтырдан бастап институт киберқауіпсіздік саласы бойынша мамандарды оқытуды да қолға алды.

Институт базасында Әскери оқу орталығы жұмыс істейді. Алматы облысы, Іле ауданының Ащыбұлақ ауылында институттың оқу-жаттығу орталығы бар. Институтта жоқ әскери техникалардың барлығы сол жерде орналасқан. Оқуға түскісі келетін үміткерлер гарнизонда тұрып, барлық сынақты сол жерде тапсырады. Ал оқуға қабылдауға қандай талаптар қойылады дегенге келсек, институтқа 11-сыныпты және әскери мектепті бітірген 18-24 жас аралығындағы азаматтардың бақ сынауға мүмкіндігі бар. Әскери институтта білім алғысы келетін талапкер әр жылдың ақпан айынан бастап дайындыққа кірісуі керек.

«Әуелі жергілікті қорғаныс істері басқармасына өтініш жазу қажет. Содан соң Қорғаныс министрлігінің тарапынан арнайы комиссия құрылып, үміткерлердің білім көрсеткіші, психологиялық деңгейі және дене дайындығы тексеріледі. Байланыс және инженерлік институты болған соң үміткердің математика, физика пәндерінен дайындығына аса мән беріледі. Бірақ ҰБТ-дан жоғары балл жинаса да, психологиялық тестілеуден сүрінетіндер көп», – дейді Жанар Әміржанова.

Конкурс кезінде мектепті «Алтын белгімен» бітіргендердің, халықаралық олимпиада жүлдегерлерінің және жалпы білім беру пәндері бойынша ғылыми жоба сайысы жүлдегерлерінің, республикалық пәндік олимпиада мен спорттық жарыс жеңімпаздарының басым құқығы болады. Сонымен бірге қорғаныс саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің балаларына да жеңілдік қарастырылған. Соңғы екі жылда әскери институтқа 160 грант бөлініпті. Биыл да шамамен осынша адамға әскери қызметкер атануға мүмкіндік беріледі.

«Курсанттар институтта 5 жыл тегін оқып, білім алады. Жататын жері, тамағы, киетін киіміне дейін мемлекеттің есебінен төленеді. Ал оқуды бітіргеннен кейін олар жұмыс іздеп, сабылмайды. Барлық түлек қолына дипломмен бірге жолдаманы қатар алады. Онда курсанттың қай жерде жұмыс істейтіні көрсетіледі. Олар қай әскери бөлімге баратынын сол кезде ғана біледі. Жыл сайын әскери бөлімдерден, күштік құрылымдардан қай сала бойынша қанша маман керек екені айтылады. Институт түлектері еліміздің барлық әскери гарнизонында қызметін жарғыға сай адал атқарып жүр. 1800-ден аса түлек взвод, рота командирінен бастап, дивизион, бригада командирі қызметтерінде борыштарын атқарып жатыр. 200-ге жуық офицер Президент күзет қызметі, ҰҚК, Ұлттық Ұлан, Шекара қызметі, төтенше жағдайлар саласында және Ішкі істер министрлігінде жұмыс істеп жүр», – дейді баспасөз қызметінің басшысы.

Қорғаныс саласын таңдаған адам жан-жақты ойланып, өзін осы салаға арнап келуі керек. Өйткені курсант белгілі себепке байланысты оқудан шығып немесе институтты бітірген соң әскер саласында жұмыс істегісі келмесе, оқу кезіндегі барлық шығынын мемлекетке толық қайтаруға міндеттеледі. «Мұндай жағдай әзірше институт тарихында болған жоқ. Оқуды жаңадан бітірген курсант взвод командирі болып қызметін бастайды. Әскери қызметкер бір мекемеде бес жыл қызмет атқарады, одан соң басқа жерге ауыстырылады. Ондай кездерде қызметкердің отбасына, өзіне көшіп-қонуына барлық жағдай жасалады», – дейді аға лейтенант.

Институтта курсанттардың жан-жақты білім алуы үшін оқу кабинеттері мен заманауи құрал-жабдықпен қамтылған лабораториялар бар. Болашақ әскери байланысшыларға әскери тәжірибесі мол профессорлар мен оқытушылар сабақ береді.

«Институттың 90%-ы цифрлық технологияға көшкен. Оқу барысында қолданылатын құрал-жабдықтар мен әскери техникалардың барлығы қазіргі заман талабына сай, олардың мүмкіндігі жоғары», – дейді Жанар Әміржанова.

Курсанттардың физикалық дайындығын күшейту мақсатында институтта
жоспарланған сабақтар, спорттық жарыстар жүргізіліп отырады. Институтта
дайындалған спорт командалары түрлі жарысқа қатысуға мүмкіндік алады.
Сонымен бірге институт басшылығы курсанттардың тынығуына және мәдени дамуына да көп көңіл бөледі. Мұнда ғылыми жобамен айналысып, тіл меңгеруге,
оған қоса дебатқа, КВН ойындарына қатысуға да мүмкіндік бар.

Мейірман ІЛЕС

Ұлан» газеті, №28
9 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз