Жойқын жарылыстан шошып қалған жұрттың қорқынышы сейіліп, арыстықтар үйлеріне оралды. Көп тілегі қабыл болып, қаладағы жағдай тұрақталды. Ел болып көмекке ұмтылдық. Анасынан көз жазып қалған балалар аман-есен қауышты. Аймақтағы еңбекке жарамды тұрғындардың барлығы ерікті қызметіне кіріскен. Араларында он бір жастағы Айдос Әбсадық та бар. «Сол күнгі оқиғаны ұмытпайтын шығармын», – дейді өзі.

Қарындастарым үшін алаңдадым

– Үйіміз қоймаға жақын орналасқан. Сол күнгі жарылыста үйді тастап қашып шықтық. Көшеде адамдар толып жүрді. Көшіріп жатқан адамдарға көмектесу керек екенін түсіндім. Бірақ өзіммен қатар балаларды көрмедім. Күн сайын қоймаға заттар әкелінді. Оларды ағалар бөліп, біз тасыдық. Таңертеңнен кешке дейін барлық адамға көмектестім. Сол кезде түк шаршамадым. Ауа қауіпті болғасын көп баланың ата-анасы рұқсат етпеді. Жарылыс болғанда Шымкент пен Түркістанға да адамдар кетіп жатты. Әжем мен қарындастарым үшін қатты алаңдадым. Оларға бәрі жақсы болатынын айтып, тыныштандырдым. Қауіп жоқ дегенді естіп, қорқынышымыз басылды. Еңбегіме ақы емес, алғыс алдым ғой. Қазір адамдар үйлеріне көшті. Бірақ тұруға жарамсыз. Қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарына да көмектесіп жатырмын. Тамағымды ішіп алып, қайтадан жұмысқа кірісемін. Әлі күнге дейін үйлерге азық-түлік тасып жатырмын, – дейді кішкентай
ерікті.

Айдос тұңғыш немере екен. С.Қожанов атындағы орта мектептің жетінші
сыныбына көшіпті. Немересінің әңгімесін әжесі Роза апай жалғады:

– Баламыз ерлік көрсетіп, ата-әжесін, ата-анасын қуантып жатыр. Әлеуметтік желілер де Айдос туралы жазыпты. Кешегі жарылыстан бәріміз есеңгіредік. Қазір жағдайымыз жақсы. Қалаға су мен жарық келді. Бұзылған үйлер жөнделіп жатыр. Ә дегенде балаларымызды таппай, улап-шулап қалдық қой. Айдос болса үлкен кісілермен бірге қиналғандарға көмектесіп жүрді. Жазғы демалысын лагерьде өткізгісі келген. Жарылыстан кейін ол жоспар қалды. Бізді Шымкенттегі мектепке орналастырды. Сол жерде де еріктілерге көмектесіп, бөпелердің сүтін беріп, ойнатты. 28-і күні көшуге болады дегенді естідік.

Ауылымыз соғыстан қалған қала сияқты. Үйімізге келсек, адам көргісіз боп тұр. Есік-терезелер сынып, қабырғалар құлапты. Балам, келінім үшеуміз жиналған үйінділерді әлі тазалап жатырмыз. Су мен азық-түлік жетпей жатыр дегенді естіген Айдос базаға кетіп қалыпты. Түске таман тамағын ішіп алып, қайта барды. Ұйқыдан тұра салып, сол жаққа жүгіреді. «Үйдің тірлігін өзіміз істеп аламыз. Арысқа жан-жақтан тағы да көмек келіп жатыр. Соларды тасып, орналастыратын адам керек. Менен басқа бала жоқ», – деді. Айдос отбасыларға пакетпен тамақ үлестіруге жауапты екен. Өзінен кейін үш қарындасы бар. Оларға да бауырмал. Өзінен гөрі өзгені көбірек ойлап тұрады. Болашақта әскери маман болғысы келеді. Күні кеше Түркістан облыстық әкімдігінен Сәкен Қалқаманов келіп алғыс айтты. Бүгін «Атамекен» арнасына сұқбат берді. Мектептен де алғыс айтып жатыр. Үлкен кісілермен бірдей еңбек еткен баламызға берілген бата қабыл болса екен. Атаның емес, адамның баласы болып өсіп келе жатқанына қуанамыз. Басқа балалар да көмекке келер еді. Бірақ олардың ата-аналары ауылға әкелмеді. Біз бала-шағамызбен көшіп алдық, – дейді Роза апай.

Ағам екеуміз 100-ге жуық баланы құтқардық

Айдоспен бірге 80 бүлдіршінді құтқарған Асқар Әбдіхалықтың да есімі ерекше аталды. 18 жастағы жігіттің «Лидер» балабақшасына жүргізуші болып орналасқанына бір ай ғана болыпты. Өзінің айтуынша, он бес орындық көлікке 80 баланы сыйғызып, Шардараға жөнелткен.

– Күнделікті таңертең балаларды үйінен алып, бақшаға апарып тастадым. Үйге келіп, шәй ішуге отыра бергенде ағам келді. Ол да сол бақшада жұмыс істейді. Әскери бөлімше жарылып, жұмысқа шақырып жатыр деді. Үш минутта жеттім. Ол жерден балаларды алып кетуді ғана ойладық. Ағамның көлігіне де балаларды тиедік. Тәрбиешілері «Газельге» балаларды мінгізуге көмектесіп, өздері жаяу қашты. Менің көлігімде екі тәрбиеші мен 80 баладай болды. Ағамның көлігіне 40-қа жуық бала мінген. Жол бойы балалардың ата-аналары хабарласып, алып қалды. Шардараға 70 баламен кірдік. Бір баланың анасы жолдан мініп еді. Оның Шардарадағы балық зауытында істейтін танысы бар екен. Соған хабарласып, мән-жайды түсіндірді. Балық зауытына барып, балаларды тамақтандырдық. Ата-аналарына суретке түсіріп жіберіп, үрейлерін бастық.
70 балаға үш жауапты адам ғана қалдық. Балаларға қарау да оңай болмады. Кешке таман Шардара ауданының әкімі келіп, колледжге әкелді. Ол жақта үлкен кісілер жиналыпты. Көп баламен сыймағандықтан, «Балауса» бақшасына түнедік. Сол жерден ата-аналарына тараттық. Айдың-күннің аманында жарылыс болатынын ешкім білмеді. Өзіміз де қатты қорықтық. Арыстан шығып бара жатқанда қайта-қайта снарядтар жарылды. Машина да дірілдеді. 80-ге жуық адамның өмірі менің қолымда тұрды. Жан сауғалап кеткен адам көп. Машинаға снаряд тисе, бір секундта жоқ қылады ғой. Балалар шошып қалмау үшін өзімді сабырлы қалыпта ұстап, аман-есен жеткіздім. Аналарымен жылап қауышқан балаларды көргенде көзімізден жас шықты. Бәрі алғысын айтты. Баламыздың өмірін құтқарып қалғаның үшін деп ақша ұсынғандар да болды. Әрине, оны біз алмадық.

Туған жерімнің ертеңгі тағдыры не болатынын білмеймін. Қазір көшіп келдік. Бірақ халықтың қорқынышы әлі басылмады. Қоныс аударуға жағдайлары көтермейді. Үй-жайы, жұмысы осында еді. Басшылық қазір төніп тұрған қауіп жоқ екенін айтты, – дейді елдің ертеңіне алаңдайтын Айдос.

Арыстағы оқиға кезінде ерлік танытқан адам көп. «Алтын тұмар» балабақшасының 27 қызметкері 113 сәбиді аман алып қалғанын естігенде, өмір осындай жандармен шуақты екенін түсіндік.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №28
9 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз