Олимпиадада волейбол спорты да ерекше маңызға ие. Әсіресе,  келесі жылы Олимпиада ойындары Жапонияда өтетінін ескеретін болсақ. Өйткені Күншығыс елі 4 жылда бір келетін волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионатын өте жиі өткізеді. 1998 жылдан бері 4 рет әлем біріншілігін қабылдаған. Осының өзі көп нәрсені айғақтайды. Жергілікті халық волейболды жақсы көреді.

Олимпиадаға іріктеу

Волейболдан Олимпиада ойындарына қатысу қиындай түскен. Іріктеу кезеңіне 2017 жылы өзгеріс енгізілді. Халықаралық волейбол федерациясы (FIVB) 2020 жылғы Олимпиада ойындарына бұрынғыдай ерлер және әйелдер арасында 12 құрама қатысатынын мәлімдеді. Оның ішінде 6 жолдама халықаралық іріктеу турнирінде сарапқа салынады, 5 жолдама әр құрлықтың жеңімпаздарына үлестіріледі және бір жолдама жарыс қожайыны Жапония құрамасына автоматты түрде беріледі.

Ал бұрын сәл өзгеше болған. Яғни екі жолдама – әлем кубогында, бес жолдама – құрлық біріншіліктеріне, үш жолдама – бірінші әлемдік іріктеу турнирінде және тағы бір жолдама – екінші әлемдік іріктеу турнирінде сарапқа салынатын. Соңғы жолдама жарыс қожайынына берілетін.

Волейболдан Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңі 2 тамызда басталады. Алдымен құрлықаралық әлемдік іріктеу турнирі өтеді. Ол 2-4 тамызға жоспарланған. Мұнда рейтинг бойынша Жапониядан өзге әлемдік рейтингтегі 24 құрама өзара 6 топқа бөлініп сайысқа түседі. Қазақстан әйелдер құрамасы осы үздіктердің қатарына қосылған.

Құрлықаралық іріктеу турнирі әлемнің алты елінде өткізіледі. Олар:

A тобы: Вроцлав (Польша, 2-4 тамыз)

Сербия, Пуэрто-Рико, Таиланд, Польша;

B тобы: Нинбо (Қытай, 2-4 тамыз)

Қытай, Түркия, Германия, Чехия;

С тобы: АҚШ (әлі қаласы анықталған жоқ, 2-4 тамыз)

АҚШ, Аргентина, Болгария, Қазақстан;

D тобы: Белу-Оризонти (Бразилия, 2-4 тамыз)

Бразилия, Доминикана Республикасы, Камерун, Әзербайжан;

E тобы: Калининград (Ресей, 2-4 тамыз)

Ресей, Корея, Канада, Мексика;

F тобы: Катания (Италия, 2-4 тамыз)

Нидерланды, Италия, Бельгия, Кения.

Қазақстан әйелдер құрамасы рейтингте 23-орында орналасқан. Біздің топта АҚШ (3-орында), Аргентина (11-орында), Болгария (16-орында) бар.

FIVB регламенті бойынша әр топтың жеңімпаздары тікелей Күншығыс еліндегі Олимпиада ойындарына жолдама алады. Шыны керек, біздің құрамаға дәл қазір бұл өте қиын тапсырма. Оның үстіне, іріктеу кезеңі АҚШ аумағында өтеді. Соған қарамастан құрама мүшесі Кристина Карапетянмен тілдескенімізде: «Мүмкін емес ештеңе жоқ, сондықтан бізден сенсация күтіңіздер», – деп жауап берді.

Біздің құрама үшін құрлықаралық іріктеуде Азияның өзге үздік құрамаларының сәтті өнер көрсеткені де маңызды. Мысалы, Қытай В тобының ойындарын өз елдерінде өткізеді. Қарсыластары – Түркия, Германия, Чехия. Әлемдік рейтингте шығыстағы көршіміз екінші орында орналасқан. Сондықтан олардың Олимпиадаға тікелей жолдама алу мүмкіндігі жоғары. Ал Корея үшін Ресейде сайысқа түсу қиынға соғары анық. Бәлкім, Таиланд Польшада топ жарып қалар. Өйткені, келесі жылы Азия және мұхит елдері аймағы бойынша құрлықтық іріктеу өтеді. Сол кезде жалғыз жолдама сарапқа салынады. Ол жолдамаға иелік ету үшін бізге осы мықтылардың қатыспағаны дұрыс. Әлемдік іріктеуден оза шапқандар бұл додаға бармайды.

Ерлер құрамасының көрсеткіші, нәтижесі әйелдермен салыстырғанда төмен. Әлемдік рейтингте 39-орында орналасқан. Олар үздік 24 құраманың қатарында болмағандықтан, тамыз айындағы құрлықаралық іріктеуге қатыса алмайды.

Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаевтың айтуынша, ерлер құрамасы негізгі басымдықты Иранда өтетін Азия чемпионатына қойып отыр екен.

«Иран құрамасы Олимпиада ойындарына жолдаманы осы тамызда жеңіп алуы тиіс. Сол кезде біз құрлық біріншілігінде үздік 8 құраманың қатарына кіруге тырысамыз. Жапония Олимпиаданы өткізетін ел ретінде аймақтық іріктеуге қатыспайды. Оларсыз да Қытай, Оңтүстік Корея, Қатар құрамалары бар. Біз осылармен бірге жолдамаға таласып көру үшін аянып қалмаспыз. Бірақ мүмкіндігіміз өте аз. Бәлкім, 2017 жылғы Азия чемпионатындағы жетістігімізді қайталап қалармыз. Ерлер құрамасын Азия чемпионаты мен Азия және тынық мұхит аймағы бойынша өтетін іріктеу турниріне тыңғылықты дайындап апарамыз», – дейді Ермек Сырлыбаев.

 

Жапониядағы жетістік

Волейболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы алғаш және әзірге соңғы рет 2008 жылы Пекин Олимпиадасына қатысқан болатын. Жолдама, әрине, оңай келген жоқ. Әйелдер құрамасын ол тұста Виктор Журавлев жаттықтыратын.

Қазақстан құрамасы Пекиндегі Олимпиада ойындарына жолдаманы соңғы болып еншіледі. Ең соңғы іріктеу 2008 жылдың 17-25 мамырында өткізілген. Бұл тұста Олимпиада қатысатын 8 құрама анықталып қойған. Олар – Қытай (жарыс қожайыны), Италия, Бразилия, АҚШ, Алжир, Ресей, Куба және Венесуэла.

Қалған 4 жолдаманың тағдыры Токиода шешілді. Қытайға барудан Польша, Сербия, Жапония, Доминикана Республикасы, Қазақстан, Корея, Таиланд, Пуэрто-Рика үмітті болатын. Бұл жерде регламент бойынша алғашқы үштікке кірген құрамалар тікелей өтсе, бір жолдама ең үздік көрсеткішке ие болған Азияның бір құрамасына берілетін болып шешілген.

Күншығыс елінде іріктеу біз үшін аса сәтті басталған жоқ. Виктор Журавлевтің командасы қатарынан 5 ойында жеңілді. Сербия, Польша, Жапония, Доминикан және Пуэрто-Рика қыздары бізден басым түсті. Осындай сериялы жеңілістен кейін кез келген құрама үшін өз-өзіне келу оңайға соқпайды. Бірақ жерлестеріміз негізгі ойындар алда екенін жақсы түсінді және өз күштеріне сенді.

Жарыстың соңғы күндерінде Қазақстан, Таиланд, Корея құрамаларының қалған бір жолдамаға мүмкіндіктері бірдей еді. Осылардың арасында Қазақстан қыздары маңызды екі ойынды да ұтып, тарихи жолдамаға қол жеткізді. Алдымен, Оңтүстік Кореяны үш партияда оңай ұтты – 3:0 (25:18, 25:21, 25:21). Сосын Таиландпен кездесті. Бірінші партияда қарсыласымыздың жолы болды – 13:25. Бірақ одан кейінгі үш партия Қазақстанның пайдасына шешілді (25:18, 25:14, 25:21).

Іріктеудің қорытындысы бойынша Польша, Сербия, Жапония тікелей жолдамаға иелік етсе, Азия құрлығына бөлінген жалғыз квотаны жерлестеріміз жеңіп алды.

90 жылдық тарихы бар қазақ волейболы

Былтыр қазақ волейболына 90 жыл толды. Бастауы 1928 жылдан алатын отандық волейбол әсіресе, КСРО тұсында қатты көтерілді.  Алматының «Буревестник» командасы 1969 жылы КСРО чемпионы атанса, бір жылдан кейін Еуропа Чемпиондар кубогын жеңіп алды. Октябрь Жарылғапов, Жанбек Сауранбаев, Заңғар Жәркешев атағы алысқа тарады. Оларға КСРО-ның үздік клубтары қызығушылық танытты. Әсіресе, Жәнібек Сауранбаев Кеңес Одағының ұлт­тық құрамасының белді ойын­шы­ларының қатарынан орын тепті. Олимпиадалық спорт түрлерінен Әлем кубогын қанжығаға байлаған бірінші қазақ баласы кім десеңіз, тағы да Жәнібек Сауранбаев алдыңыздан шы­ғады.

Ерлерден қыздарда қалыс қалмады. Алғашында «Еңбек» деп аталған кейіннен АДК деп атауы өзгерген әйелдері командасы 1984 жылы КСРО чемпионатында топ жарды. Араға бір жыл салып, Еуропа чемпиондар кубогының иегері атанды. 1988 жылы КСРО құрамасының сапында Елена Чебукина мен Ольга Кривошеева Сеулде өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тақты. Оның алдында осы команданың ойыншысы болған Нина Смолеева КСРО құрамасының сапында екі дүркін Олимпиада чемпионы болған.

Ендеше, волейбол спорты біз үшін таңсық емес. Октябрь Жарылғапов, Жәнібек Сауранбаевтардың ізбасарлары өсіп шығатына сенеміз.

Жақында құрамаға жаңа бапкер келді. Енді Қазақстан әйелдер командасын түркиялық маман Нежат Сенчак жаттықтырады.

Халықаралық волейбол федерациясында (FIVB) жаттықтырушы-нұсқаушы міндетін атқаратын Сенчак  осы айда келісімшартқа қол қойып, кейін жаңа қызметіне кіріседі екен.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №28
9 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз