Қарт құмырсқа өзінен тараған ұрім-бұтағының бәрін жинап алды. Арасында өзінің ізін басып келе жатқан жасамыстары да, енді-енді қимылдап жүрген кішкентайлары да бар еді. Еңбексүйгіш құмырсқалардың бұл жолғы кеңесі де азық жинау төңірегінде өрбіген.

– Көктем шықты. Қар кетті. Былтырғы жинаған азық бітуге таяды. Ендігі істер әрекетіміз өздеріңе мәлім. Қыстық азықты биыл да молынан жинап алуымыз керек. Бірліктеріңді бұзбай, үлкендеріңнің сөздеріңді кішілерің тыңдап, іске кірісіңдер,– деді ақырын тыныстап.

Бәрі қарттың сөзін мұқият тыңдап тұрған. Бастарын иіп, бұлжытпай орындаймыз дегендей тұра қалды.

Ертесі таң атып, күн нұры жер бетіне толық түсіп болған. Құмырсқалар ақсақалдың тапсырмасымен іске кірісіп те кетіп еді. Үлкендері кешелі бері шапқылап, жақын маңнан қыс бойы бидай сақталған қораны тапқан. Соның бұрыш-бұрышында қалып қалған, жол шетіне шашылған бидай қалдықтары өте көп екенін де білген. Бүгін міне қаз-қатар тізіліп, сол жаққа бет алды. Жерде шашылып, кейбірі тапталып жатқан бидайды бір-бірлеп илеулеріне таси бастады.

Аулада үш-төрт бала ойнап жүрген. Қастарынан жіптей тізіліп өтіп бара жатқан құмырсқаны ересектеу біреуінің көзі шалды.

– Қараңдаршы, құмырсқа деген көп екен. Ауыздарында дәндері де бар,– деп басқаларын шақырды. Бәрі үймелей қалды. Сарбаздардай тізіліп, жылдам кетіп бара жатқан құмырсқаларға қызығып қарап тұрған. Араларындағы сотқарлау сары соңын ала кетіп бара жатқан бір құмырсқаны мыжып тастады. Қасындағы сәл ересектері «қойсаңшы» деп еді. Оған сары тентектің көнетін түрі жоқ. Барған сайын еліріп кетіпті. Аяғымен бірталайын таптап жіберді.

– Құмырсқалар күшті болады деуші еді. Кәнеки, күшін көрейік. Мықты болса тұрып кетер, – дейді өз ісіне масайрап. Содан шыбық әкеліп мылжаланып қалған құмырсқаларды түрткілей жөнелді.

Бұл кезде басқа құмырсқалар індеріне жетіп үлгерген еді. Өздері аман келгендерімен, бауырларының басына түскен қайғылы жайт бәрінің жүрегін ауыртып тұрған. Қарт құмырсқа да қатты күйініп кетті. Дереу іннен шықты да, жас құмырсқалардың қырылған орнына келді. Әрбірі әр жерде жатыр екен. Сары тентек біраз түрткілеп ойнаған соң жайына кетіпті. Қарт құмырсқа өлген құмырсқаларды дереу жинауды тапсырды.  Олар өлгендерінің бәрін індеріне тасып әкетті.

– Ешкімге залалы жоқ, тынымсыз еңбек ететін қарапайым тіршілік иесі едік. Бұл адамдарға осыншама не болған? Әлде тентегін тыятын қарттары қалмаған ба? Алла жан берген тірі затты өлтіруге болмайтынын ескертетін ата-аналары қайда? Қайран ұрпақтарым-ай, обал-сауапты білмеген тентектерге қор болғаның-ай!– деп күңіренді қарт құмырсқа.

Өзге тіршілік иесінің бұл күңіренісін балалар естімеп еді. Өз жөндерімен асыр салып ойнап жүрген.

«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз