Америкаға оқуға түскенде отбасымды да өзіммен бірге ала кеттім. Балам 1-2-
сыныптарды сонда оқыды. Бастауыш сыныптан бастап мектепте «көшбасшылық» тақырыбында сабақтар өтеді. Жапониядан келген сыныптасының анасы ауырып қалып, емделуге Жапонияға кетті. Ал әкесі мен сыныптасы Америкада қалды. Сынып жетекшісінің ұйымдастыруымен барлық бала, ата-ана жиналып тамақ істеп, әкесі мен баласына апарып беретінбіз. Көшбасшылық дегеніміз бір нәрсені бастау болса, жанашырлықтың өзі көшбасшылық дағдыларына кіреді. Демек, көшбасшылық – кез келген оң өзгеріске бастамашы бола алатын, өз ісін жақсы білетін жауапты адам болу. Бастық болу деген сөз емес. Лидер өз өмірін өзгертіп, өзгеге де ықпал ете алады.
Сондықтан көшбасшылықты бала жастан оқытқан дұрыс деп есептеймін.

Мазмұндама деген не? Ол оқырманға не береді?

Оқуда жүргенімде «Келіссөздер жүргізу», «Маркетинг», «Менеджмент» сияқты түрлі тақырып жөнінде білім үйрендік. Солардың ішінде «Көшбасшылық» тақырыбы қатты ұнады. Бұл жөнінде бірнеше курс алдым. Біздің қазақ қоғамында бұл зерттеле қоймаған тақырып екен. Сөйтсек, Кеңес заманында көшбасшылыққа ғылым ретінде қарамаған болып шықты. Ал Батыс қоғамы мен Америкада бұл тақырып өте танымал. Осы салаға келетін кітаптарды астын сызып отырып оқитынмын. Адам таңғалатын небір ой-идеяларды оқып, «елге аман-есен оралсақ, осы кітаптарды аударамын» деп шештім. Түгел болмаса да, ең, ең дегендерін қазақша сөйлетуге бел будым. Дипломымызды алған соң, Қазақстанға да келдік. Ал енді іске кірісу керек. Бірақ қай кітаптан бастаймын? Қай кітаптарды аударамын? Америкада көшбасшылық туралы жеті жарым мыңға жуық кітап шыққан екен. Ойлана келе, бұл саладағы ең үздік он кітапты аударайын дедім. Бірақ сонша кітаптың ішінен ТОП-10-ды қалай іріктеп алмақпын? Бұл мәселеде «Amazon», «New York Times» бестселлерін қарап шықтым. «Good Reads» деген халықаралық платформа бар. Оқырмандар кітап оқып болған соң, үздік кітаптарға дауыс береді. Соның нәтижелерін зерттеп, ақыры соңында он автордың он кітабын бөліп алдым. Ал енді осыларды аударайын дедім. Сөйтсем, оның өзі әжептеуір жұмыс екен. Одан әрқайсысының мықты идеяларын қалқып алып, оқырман алдына тосқаным жөн екен. Солайша он кітапты бір кітапқа сыйғыздық. Әр кітаптың ағылшынша summary, қазақшасы мазмұндамасын жазып шықтық. Мазмұндама дегеніміз – кітаптың басты идеяларына шолу. Біздің мазмұндама сізге не береді? Біріншіден, әлем ойшылдарының құнды
идеяларымен танысасыз. Біз іріктеген әр кітаптың авторы – қоғамдық-әлеуметтік саланы зерделеуге өмірін сарп еткен жандар. Екіншіден, уақыт үнемдейсіз. Екі-үш күн оқитын кітаптың негізгі ойын жарты сағат ішінде меңгересіз. Біздің мазмұндама жинағын 14 жастан асқан жасөспірім оқи алады. Мұнда қазақша, орысша және ағылшынша мыңға жуық сөздің аудармасы берілген. Тікелей аударма емес. Сөздің мағынасын аударуға тырыстық. Яғни оқырман кітапты оқып қана қоймай, сөздік қорын да байытады.

ТОП-10 кітаптан не үйренесіз?

«Көшбасшылық» – Mazmundama жобасының алғашқы топтамасы. Оның соңынан отбасы, саясат, кемелдену, өзін-өзі дамыту секілді тақырыптар ермек. Әр кітапқа он кітаптың жүгі артылған.

Қолымыздағы жинақ Уоррен Беннистің «Көшбасшы болу хақында» деген кітабымен басталады. Автор көшбасшылықтың атадан қалған мұра немесе туабітті қабілет еместігін айтады. Алла тағала оны таңдаулы адамға ғана сыйлап, қалғандарын құр қалдырып қоймаған. Ол – дағды. Демек, көшбасшылықты кез келген адам үйрене алады. Лидердің қай қасиетке ие болу керегін осы автор талдап береді.

Питер Друкер есімді менеджменттің атасы саналатын автор бар. Біздің кітапта «Тиімді басшы» туралы ой толғайды. «Тиімді басшы болу үшін, – дейді автор, – іспен дұрыс айналысу жеткіліксіз, дұрыс іспен айналысу керек». Айталық, жоғарыға шығу үшін баспалдақты қабырғаға қоясыз. Баспалдақта тәп-тәуір өрмелейсіз. Ал сол баспалдақ сүйеген қабырға түзу ме, әлде қисық па? Ол сіздің мақсатыңызға жеткізе ма, әлде жарты жолдан омақаса құлайсыз ба? Соны әңгімелеп шығады.

Джон Коттер 25 жылдық еңбегінің нәтижесі ретінде «Өзгерістің алдында бол» кітабын жазып шығады. Мұнда автор сегіз кезеңнен тұратын жаңғыру процесін суреттейді. Өзі былай дейді: «Бастық деген бар және басшы деген бар. Бастық – жұмысты қамшы салдырмай жүргізеді. Ал басшы – өзгертеді. Лидер болу үшін жұмысты мінсіз атқару жеткіліксіз. Оң өзгеріске бастамашы болу қажет. Сен біреуді өзгертем деме, алдымен өзің өзгер. Ал адамға өзін өзгерту – сұмдық қиын дүние».

«Күрмеуі қиын көшбасшылықтың» авторы Рональд Хайфецтің пікірінше, дағдарыс кезінде халықтың назары бүкіл сұраққа жауабы мен шешімі дайын басшыға ауады. Ал, шын мәнінде, тығырықтан шығу үшін бізге қиындыққа қасқая қарсы тұруға итермелейтін басшыларды іздеу керек.

«Жақсыдан – жасампаздыққа» деген аңызға айналған еңбектің авторы Джим Коллинз Fortune-500 тізіміне енген 1,5 мың компанияның арасында айтулы жетістікке жеткен он бір басшының сырымен бөліседі. Джеймс Кузес пен Барри Познердің «Көшбасшылық сынағынан» көшбасшы болудың он міндеті мен бес машығын біліп шығасыз. Әр тараудың соңында көшбасшылық қабілетін жетілдіретін жаттығулар берілген.

«Егер лидер өзінің негесін тапса, не істеу керегін де, қалай істеу керегін де
біледі». Саймон Синек «Неге деген сұрақтан бастаңыз» кітабында осылай дейді.
Эмоционалды интеллект ұғымының атасы саналатын Дэниел Гоулман «Эмоционалды көшбасшылық» кітабында: «Адамның ақыл-парасаты эмоцияның алдына келгенде бас иеді. Мықты білімді адамдарды көріп жүрміз, бірақ олардың эмоционалдық интеллектісі жоқ. Лидерге сұмдық білімді болуы қажет емес. Ол адамдардың эмоциясымен жұмыс істей алуы тиіс», – дейді. Мәселен, бастығыңыз бір құжатты реттеуді тапсырды да, сіз оны лайықты деңгейде орындай алмадыңыз. Оған қоса, әбден кешіктіріп бітірдіңіз. Бастығыңыз сол құжатты күтіп отыр. Эмоционалдық интеллектісі төмен басшы жасағаныңызды екіге айырып, кабинеттен қуып шығуы мүмкін. Ал эмоционалдық интеллектісі жоғары басшы жұмысты дұрыс жасамағаныңды көрген соң, қалай жасау керегін түсіндіріп, қайта жасауға мүмкіндік береді. Басшының кабинетінен қанаттанып шығасыз. Эмоционалдық интеллектісі төмен басшысы бар қызметкер жұмыстан жабығып қайтып, бар ашу-ызасы мен өкпе-ренішін отбасынан алады. Отбасының берекесі кетеді, түнімен ұйықтай алмай шығады. Жұмысқа сүлесоқ келіп жүреді де, қатардағы бағыныштылардың бірі болып қалады. Ондай қызметкерден енді қандай оң бастама күтуге болады?

Билл Джордж бен Питер Симстің «Дұрыс бағыт» кітабы 125 топ-лидердің
сұқбаттарына негізделе отырып жазылған. Ішкі компасына сүйенген әр адам шынайы лидер бола алады. Кітап лидерлік табысқа жетудің толық бағдарламасы іспеттес.

«Көшбасшылық» кітабында лидерлік туралы ой-пікір кейде бір-біріне қарама-қайшы келіп жатуы мүмкін. Бірақ авторлардың түйінді мәселеде пікірі бір арнада тоғысады: лидердің басты жұмысы – өзгеріс. Қоғамда, жұмыста, отбасында өз басыңыздағы жарқын өзгеріске жасампаздықпен басшылық етіңіз.

Таңшолпан
БЕГАЛЫҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №28
9 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз