Біздерде мынадай бар…

Сенiң  дәптерiң қандай?

Қазiргi қазақ баласы мектепке әдемi дәптер емес, сырты әлем-жәлем нәрсе ұстап барады. Күнделiктiң, дәптердiң кейбiр түрлерiнде ғана елiмiздiң туы, елтаңбасы, әнұраны көрсетiлгенi болмаса, көпшiлiгiнде – заманның «ерке» тұлғаларының бейнесi.

Ал өзге елдерде оқушы дәптерi қандай? Бiздiң дәп­терлерден ерекшелiгi бар ма? Осы мәселенi бiз шетелдердегi достарымыздың көмегiне сүйене отырып анықтауға тырыстық.

АҚШ: дәптер деген  ұғым жоқ

Арнайы «Ұлан» үшiн Лос-Анджелес қаласынан «Бола­шақ» стипендиясының иеге­рi, тарих ғылымда­ры­ның кандидаты Арафат Мамыр­беков хабарлайды:

– Жалпы, Америка мектеп­терiнде, орта мектепте дәптер деген түсiнiк жоқ. Әр сабақтың жұмыс дәптерi (Workbook) бөлек болады, үйге берiлетiн тапсырмалар сол уоркбукта орындалады. Жоғары сыныптың оқушылары шығарма жазу үшiн ғана дәптер пайда­ланады. Оларда тест­буктар болады. Яғ­ни, тапсырманы орындайтын, тест­ке дайындалатын жеке кiтап­тар. Ол негiзгi оқулыққа қосымша есебiнде. Бiздегi сияқты пән оқулы­ғында әр тақы­рыптың соңында үй тапсырмасы жазылмайды. Үйге: «Тестбуктан осы тапсырманы орын­дап келе­сiң­дер», – деп тап­сырылады. Оқу жылының басында ата-аналар әр пәннен осы екi кi­тапты сатып алады, оқушы со­дан оқып, соған үй тапсыр­масын қа­рындашпен орындай­ды. Қате болса, мектепте тү­зей­дi, қатемен мектепте жұ­мыс жасайды. Уорк­буктар сыртында мультфильм, ертегi кейiпкерлерi аса жарқын кейiп­те бейнеленген. Алба-жұлба киiнген әншiлердiң, қа­тал фильм­дерде қару кезенген қорқынышты кейiпкерлердiң суретi атымен жоқ.

Студенттер пайдаланатын дәп­терлер балалардiкiне қа­ра­­ғанда байыпты және сал­мақты. Дәптер бетiне тұтастай берiлген күннiң өзiнде, ешбi­рiнде жарқ-жұрқ суреттер жоқ. Яғни, пай­да­ланушының назарын ерiксiз ауда­ратын ештеңе бей­неленбейдi.

«Ұланның» тапсырмасын орын­­даймын деп жүрiп, айыппұл төлей жаздадым. Сөйтсем, АҚШ-тың әмбебап дүкенде­рiнде тауарды суретке түсiруге тыйым салады екен. Әкiмгер екi рет ескерту жаса­ды, сосын бұл әрекетiмнiң мән-жайын түсiндiр­ген соң ғана келiсiмiн бердi.

Украина: дәптерлер өмiрге өте жақын

Арнайы «Ұлан» үшiн Киевтегi №57 мектептiң 11-сынып оқу­шы­сы Артем Богословский хабар­лайды:

– Украинаға, оның iшiнде Киевке сырттан дәптерлер көп кiрмейтiн сияқты. Бiздiң пайдаланатынымыз – Харьков және Львов қалаларынан шығатын дәптерлер. Олардың сыр­тында алабөтен ештеңе жоқ. Төменгi сынып дәптерлерiнiң сыртында табиғат көрiнiсi, жануарлар бейнеленедi. Үшiн­шi-төртiншi сынып оқушылары үшiн көбейту кестесi, басқа да таб­лицалар берiледi. Ең бастысы, бәрi де украин тiлiнде. Дәптерлердiң соңғы бетiнде мiндеттi түрде украин әлiпбиi болады.

Түркия: олар өз тарихын ардақтайды

Арнайы «Ұлан» үшiн Ыстамбұл университетiнiң магис­тран­ты, «Ұланның» жас тiлшiсi Ғалия Серiкқызы хабар­лайды:

– Түркия дәптерлерi соңғы жылдары жалпыадамзаттық үрдiс­тер үлгiсiнде, яғни, назарды тез аудара қоятын суреттермен бе­зендiрiлiп келедi. Бiрақ төменгi сынып оқушыларына арналған дәп­терлерге түрiк ағайындар өте қатал қарайды. «Әдемi жазу дәп­те­рiнде» бала ойын бөлетiн ештеңе жоқ. Жоғары сыныптарға жет­кенде ғана бала дәптер сыртынан әдемi көлiктердiң, қазiргi бала­ларға тән виртуалды әлемнiң бүгiнгi өмiрмен байланысқан коллаж­дарын көре алады. Бiр атап өтетiн жайт, Түркия мемлекетi өз тарихына өте сергек қарайды. Оны дәптер сыртынан байқау аса қиын емес. Ел өмiрiндегi iрi және әсерлi, ең бастысы, естелiгi ха­лықты сүйсiндiретiн, рухын көтеретiн оқиғалар фото, шарж, штрих түрiнде бейнеленедi. Мысалы, Ыстамбұлдың «Галатасарай» футбол командасының 2000 жылы УЕФА кубогын және Супер­кубогын жеңiп алғанын әдемi штрихпен, қарапайым ғана бере сала­ды. Мұны клубтың жанкүйер балалары мақтана сатып алатыны өз алдына, қолына ұстаған кез келген оқушы сүйсiнiп қалатыны анық. Дегенмен түрiк балалары «Бүйi-адам», «Мадагаскар», т.б. мульт­фильм кейiпкерлерi бейнеленген дәптерлердi де еркiн ұстай бередi.

Ғалияның түсiнiктемесiне қосымша. Елiмiзге түрiк дәптерлерi 1990 жылдардың ортасында көптеп келген болатын. Сыртына жылдың төрт мезгiлi бейнеленiп, бiр ауыз ғана, бiрақ өте тағылым­ды сөздер жазылатын. Мұқабаның iшкi жағында төрт-бес шумақ өлең тұратын. Абдулла есiмдi курстасыма «Байрағым» деген бiр өлеңдi аудартып, қатты таң қалғаным есiмде. «Сен қай жерде жел­бi­реп тұрсаң, менiң мемлекетiм сол жерде» деген жалынды жыр екен. «Бiзде әрбiр дәптерде мұндай өлеңдер бар» деп едi Абдул­ла. Ұлттың ұланының бойына мемлекетшiлдiктi бала жасынан қалыптастырудың бiр тиiмдi жолы осы ғой, аңғара бiлген адамға..

Ресей: «Әкесiнiң  қыздары» жүр дәптерде

Арнайы «Ұлан» үшiн Екате­ринбург универ­ситетiнiң III курс студентi Айдана Оралғазина хабар­лайды:

– Ресей мектептерiнде бастауыш сыныптарда сурет­сiз және арнайы пән­дерге арналған дәптерлер қолда­нылса, орта және жоғарғы сыныптардың оқушылары ұстайтын дәптер­лерде көбi­несе табиғат көрiнiсi мен жануарлар бейнеленген. Iшi­нара экран жұлдыз­дарының, мысалы, «Папины дочки» сериалының актрисаларының суреттерi бар. Олар мәде­ниеттi киiнген, ашық-ша­шық жерлерi жоқ. Ресей оқушыла­рының дәптерлерiнен жар­тылай жалаңаш әйелдер мен ер адамдардың бейнесiн мүлде көрмейсiң. Студент­терде де дәл осындай жағ­дай. Кеңсе тауарлары саты­латын дүкен­дердегi өнiмдер­ден ешқандай көзге ерсi көрiнетiн суреттердi таппай­сың. Тек дәптер емес, жалпы кез келген кеңсе тауарында ерсi сурет бейнеленбейдi.

Қазақстан: бiзде басқанiкiнiң  бәрi бар

Бiздiң тұтынып жүрген оқу құралдарының денi көршiлес Ресейден  өндiрiледi. Соның iшiнде – дәптерлер.  Қағаздың ағаштан жасалатынын бiлемiз. Жерiмiздiң денi орманды алқап. Демек, шикiзат көзi бар. Бiрақ өндiрiс ошағы жоқ. Сол себептi сырттан тасымалдауға мәжбүрмiз.

Жуырда әдеби кештi тамашалауға бардық. Қасымызда бiр топ оқушылар отырды. Шара орта тұсына келгенде, бiреуi сөмкесiнен қалың дәптерiн суырды. Сыртында жартылай лыпасыз шетелдiк әншiнiң суретi бар екен. Ұзақ тесiлдi. Аударыстырып, соңғы бетiн көрдi. Тағы да әлгi суретi. Дәптерге ендi айналасындағылардың да назары ауа бастады. Сөйтiп, дем арасында суреттi дәптер қолдан-қолға өтiп жүре бердi.

Бiз бұдан қандай тәрбие аламыз? Психолог мамандар дәптердiң тек оқу құралы ғана емес, тәрбие көзi екенiн айтады. Ғалымдардың зерттеуi бойынша, дәптер сыртындағы адамның, аңның, көлiктiң, ғимараттың суретi көз жанарына керi әсер етедi екен. Керiсiнше, табиғаттың көрiнiсi болса, назарын аударған жан еркiн демалып, көзi сергитiн көрiнедi. Мәселе қайда. Ал бiздiң тұтынып жүрген дәптерлердiң 80 пайызында әлем-жәлем суреттер бар. Сонымен бiрге, әлемдiк өлшем бойынша дәптерлердiң бет саны 12-18-ден аспауы тиiс екен. Бүгiнде бұл заңдылық сақталады деу қиын.

Қайсыбiр жылы семейлiк  Қуанышбек Төлеуханов қазақы үлгiдегi дәптер шығарған. Қолдаушы болмай, тың бастама орта жолда қалды. Алты ай бойы тынымсыз еңбектенудiң нәтижесiнде жарыққа шыққан дәптерлердiң ерекшелiгi – ою-өрнекпен әдiптелгендiгiнде. Одан сырты нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер де үйлесiм тапқан. Осындай үлгiдегi 10 мыңға жуық дәптер семейлiк оқушыларға үлестiрiлген. Қалған 10 мыңы астаналықтарға жөнелтiлiптi. Бұл бiздiң сұранысымызды қамти алмайды. Сондықтан да сырттан келетiн дәптердi сатып алуға мәжбүрмiз.

Дайындағандар Е.Жеңісұлы, Қ.Нұрданбекұлы

(«Ұлан», №17. 26.04.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз