Мектеп оқушысының IELTS емтиханынан 6,5 балл жинауы, 17 жаста Нархоз университетінің грантына ие болу, 18 жаста шетелде оқу грантын жеңіп алу,
қазақстандық студенттің IELTS-тан 8,0 жинауы, «Air Astana» әуе компаниясына жұмысқа орналасу… Жасы жиырмаға толмаған Еркежан Тұрлыбекова аталғандардың бәрін бағындырып үлгерген. Оны көргенде мұның бәрі қаршадай қыздың қолынан қалай келді екен деп таңғаласың. Жетістігінің сырын кейіпкеріміздің өзінен сұрап білдік.

Ай сайын 450 мың теңге шәкіртақы алдым

1999 жылы 7 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында өмірге келдім. Бес жасыма дейін ауылда өстім. Кейін анам екеуміз Алматыға көшіп келдік. Алматы қаласындағы №104 мектепте оқыдым. Мектепте математика-жаратылыстану бағытындағы пәндерді сүйіп оқыдым. Есеп десе, ішкен асымды жерге қоятынмын. Ал гуманитарлық бағыттағы пәндерді меңгеру маған қиынға соқты. Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиетінен нашар болдым.

Анам – ағылшын тілінің мұғалімі. Университетте студенттеріне сабақ бергенде мені артқы партаға отырғызып қоятын. «Қызым, ағылшын тілін үйрен» деп қанша айтқанымен, қызығушылығым оянбады. 2013 жылы анаммен бірге Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласына бардым. Шетелге алғаш шығуым осы болды. Екі аптадай Лондонда болдық. Сол кезде маған бәрі қызық көрінді. Жергілікті адамдармен сөйлескім келді. Дүкенге күніне сан мәрте барып, оны-мұны сұрап, сатушымен ағылшынша сөйлескенді қызық көретінмін. Көшедегі жазулардың бәрі ағылшынша болатын. Соны түсінуге тырысып, анамнан сұрайтынмын. Осы сапардан кейін ағылшын тілін меңгеруге деген ықыласым артты. Елге келе салып тіл меңгеруге кірістім.

9-сыныпты бітірген соң №126 мектепке ауыстым. Мектепте оқып жүргенде екі рет IELTS емтиханын тапсырып, 6,5 ұпай жинадым. Бұл менің жасымдағы балалар үшін үлкен жетістік. ҰБТ-да география пәнін таңдадым. Себебі есеп және аудит мамандығы бойынша оқығым келді. Мектеп бітіретін жылы Назарбаев университетіне түсу үшін құжат тапсырдым. Бірақ, физика пәні бойынша төмен ұпай жинап, өте алмадым. Әр нәрсенің өз қайыры бар деген рас екен. Нархоз университетіне бухгалтерлік есеп және аудит мамандығының ағылшын тілінде оқитын тобына грантқа түстім.

Нархозға оқуға түскен жылы жоғары оқу орындарының студенттеріне шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Erasmus+» бағдарламасы бар екенін білдім. Бірақ, мен оқуға түскен жылы жасым 17-де болғандықтан шетелге оқуға қабылдамады. 2-курста қайта тапсырдым. Университет бойынша 40 адам тапсырып, бес адам іріктеуден өтті. Мені Австриядағы университет грантқа қабылдап, алты ай бойы шамамен 450 мың теңге шәкіртақы алып оқыдым.

Шетелде «жиендік жасауға» жол жоқ

Шетелдегі оқу мен Қазақстандағы оқу жүйесінде айырмашылық көп. Ол жақта студенттер қиналмай оқиды. Бұл – шетелде оқу оңай деген сөз емес. Мысалы, бізде өзіңе ұнамайтын пәнді оқуға, меңгеруге міндеттейді. Сабаққа барғанда міндетті түрде лекция жазуың керек, ұстаздар кітап-дәптеріңді түгендеумен болады. Ал шетелде бәрін өз еркіңмен, қызығушылығыңмен жасайсың. Профессордың өзіңе ұнаған тақырыбы мен сөздерін жазып аласың, әркімнің алдында жеке ноутбугы болады. Өзіңе ұнаған тақырыпта жазуға, ойталқы жасауға болады.

Олардың емтихан тапсыруы да басқаша. Бізге емтихан, ҰБТ, сессия деген қорқынышты болып көрінеді. Оған қаруланып, дайындалып барамыз. Ал шетелде шпаргалка деген атымен жоқ. Емтихан тапсырмалары сыни ойлауға, өз ұсынысыңды білдіруге бағытталады. Әр студенттің жұмысы антиплагиатқа салынады. Шетелде туындының түпнұсқалығы бірінші орында. Күнделікті үй тапсырмасының өзін түпнұсқалыққа тексереді. Көшіру, «жиендік жасау» деген жоқ.

Отандық оқу жүйесінің жақсы жақтары да жетерлік. Мысалы, шетелде өзіңе қажетті оқулықты, оқу құралдарын табу қиын. Бағасы да қымбат. Кейбір кітаптардың бағасы шамамен 300 мың теңге тұрады.

Шетелде мұғалім мен студент арасында шекара жоқ. Бірдей деңгейде әңгімелесе аласың. Ұстазыңның қателігін немесе ұнамайтын тұсын еркін айта аласың және бұл сенің оқу үлгеріміңе немесе ұстаздың саған деген қарым-қатынасына әсер етпейді. Қарапайым бір оқиғаны мысалға келтіре кетейін. Бізге Австрияда ұлты неміс әйел сабақ берді. Ағылшын тілінде сөйлегенде акцент байқалатын. Сосын үнемі сабақ түсіндіргенде ойын жеткізе алмай, «ы-ы-ы» деген дыбыс шығаратын. Бірде топтағы студент бәріміздің көзімізше «ы-ы-ы дегеннің орнына басқа дыбыстар қолдануыңызды сұраймын» деп ұсынысын білдірді. Ұстазымыз оның ұсынысын дұрыс қабылдады. Әр нәрсені айтпас бұрын үнсіз ойланып алатын болды. Егер біздің елімізде осындай оқиға болса, қалай болар еді? Осыны ойладым. Расымен, қалай болар еді, білесіз бе?..

«Air Astana» әуе компаниясына қалай келдім?

Алғашқы екі курста университетте, шетелде өз мамандығым бойынша негізгі теориялық білім алдым. Енді оны тәжірибемен ұштастыру керек деп ойладым. Нархозда карьера орталығы ұйымдар көрмесін ұйымдастырады. Көрмеге барып «Air Astana» әуе компаниясының қаржы бөліміне түйіндемемді қалдырдым. Кейін өздері хабарласып, компанияға шақырды. Әуе компаниясына жұмысқа орналасу оңай болмады. Іріктеу үшін үш кезеңнен өттім. Бірінші кезеңде өз салаңды қаншалықты жақсы меңгергеніңді тексеру үшін тест алды. Екінші кезеңде ағылшын тілін білу деңгейін тексерді. IELTS емтиханында 8,0 ұпай жинағандықтан бұл кезеңнен өту қиынға соқпады. Үшінші кезеңде логикалық сұрақтар мен графиктер, сыз балар берілді. Іріктеу кезеңінен өткен соң екі рет әңгімелесуге бардым. Бұл кезде дедлайнмен жұмыс істеу, күйзеліске төзімділік, адамдармен қарым-қатынас, болашақ арман-мақсаттарым туралы сұрады. Барлық кезеңнен сәтті өтіп жұмысқа қабылдандым. Менің міндетім – шетелде оқуға жіберілетін ұшқыштар мен бортсеріктердің шығынын есептеу.

P.S. Еркежан Тұрлыбекова жақында Ресейдің оңтүстігіндегі Геленджик қаласына барайын деп жатыр екен. Ол жақта экология мәселелерін талқылайтын жазғы мектепке қатыспақ. Бір бойына сан түрлі білім мен қабілетті тоғыстыра білген, сонымен қатар қарапайымдылығын жоғалтпаған Еркежаннан біздің оқырмандар үлгі алса екен.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №28
9 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз