Таяуда Павлодарда робототехникадан бүкіләлемдік олимпиаданың республикалық біріншілігі өткен болатын. Бұл жолы олимпиаданың тақырыбы – Ақылды қала (SMART CITY). Яғни, оқушылар адамның тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге тырысады. Роботтар бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен екі жүзден астам оқушы «Regular: Elementary, Junior, Senior», «Open», «WRO: Football»,
«Jasampaz» санатында бақ сынады. Командалық есепте шығысқазақстандық өрендер жүлде саны жағынан алға озып, WRO кубогын жеңіп алыпты. Алматылық оқушылар да үздік шығыпты. Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Никита Носков пен Даниил Прохоренко автономды режимде бірнеше жұмысты орындайтын робот жасапты. Робот барлық тапсырманы орындап, 1-орынды жеңіп алыпты.

«Open Junior» санатында 9-сыныптың оқушылары Шыңғыс Қуанышбай мен Михаил Дудиновтың тапқырлығына таңданғандар көп. Олар инженерлік құрылғылардың,  лифтінің, көлікті байланыссыз жуу мен сымсыз зарядтаудың қағидаларын біріктіретін үш деңгейлі смарт-паркинг жүйесін әзірлеген. Смарт-паркингтің тиімді тұсы көп. Уақыт пен орынды үнемдейді әрі қауіпсіз.

Жылдам әрі қауіпсіз көлікке мінгің келе ме? Әсіресе, үлкен қалаларда көлік кептелісі кедергі жасайды. Жол апаты да жиі болады. Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушылары Асылбек Сәкенов пен Ескендір Асанқұл автопилоттық
ерекше такси құрастырыпты.

«Жолаушы Андроид арқылы мекенжайын көрсетеді. Картадан баратын жерін белгілейді. Яғни, Uber, Яндекс такси сияқты. Бірақ жүргізуші жоқ. Адамдар жылдамдықты асырып, көшені таба алмай, ұзақ жүруі мүмкін. Автопилот таксиде ондай жоқ. Олимпиада кезінде техникалық себептерге байланысты өзімізді дұрыс көрсете алмадық. 3-орын да үлкен жетістік. Комиссия жеңіске жеткен үш топты сарапқа салады. Маңызды деген жобаны халықаралық жарыстарға жібереді. Биыл бірнеше жарысқа қатысып, жеңімпаз атандым. «Наурыз кездесулері» ғылыми жоба сайысында ғарышты зерттеудің жолын ұсындым. Жұмысыма өте жақсы деген баға беріп, 1-орын алдым», – дейді Асылбек.

Мақсатымыз – жеңіске жету

«Ұланның» өткен сандарында Назарбаев мектебінің оқушыларына арналған «Ең үздік жоба» фестивалі жайлы жазғанбыз. Никита Носков бастаған бір топ жігіт бір емес, бірнеше рет марапатқа ие болған-ды… Оқушылардың жұмыстарына баға берген мамандар Никитаны бөле-жарып, «болашағынан зор үміт күтеміз» деп ақ
жол тілеген еді. Мектептің мақтанышына айналған Никитамен әңгімелескен едік.

Никита: Менің түсінігімде робототехниканың мағынасы терең. Физика, математика,
бағдарламалау, механика, электроника ғылымдарының жиынтығы. Робот құрастыру үшін білім мен көп тәжірибе керек. Робот құрастыруды отырғызып қойып, арнайы үйретпейді. Егер ізденіп, қызығып жүрген болсаң, бір күні өзің-ақ робот жасайсың. Біздің қоғамды робототехникасыз елестету мүмкін емес.

Ұлан: Бес, он жылдан кейін қандай роботтар шығуы мүмкін?

Никита: Адамның қолынан көп нәрсе келеді. Жылдар бойы күткен жақсы армандар орындалады.

Ұлан: Робототехника олимпиадасына қалай дайындалдың?

Никита: World Robot Olimpiad (WRO) – робот құрастыруға қызығатын жеткіншектерге арналған әлемдік маңызы бар олимпиада. Әрбір қатысушы аймақтық және республикалық кезеңнен өтеді. Іріктеуден өткен соң Ұлттық құрамаға өтуге тырысады. WRO ақтық сыны жыл сайын жаңа елде өтіп отырады. Былтыр Таиландта болған, биыл Венгрияда өтеді. Олимпиадаға дайындық жарысқа бір, екі ай қалғанда басталмайды. Жыл сайын нон-стоп режимде жұмыс істейміз. Жоғары нәтиже көрсеткіміз келсе, соған сай еңбек етуіміз керек. Команданың жеңіске жетуіне ұстаздарымыз, достарымыз бен ата-аналарымыз көмектесті. Бір адамды еңбегі күшті деп, бөліп айта алмаймын. Өйткені менің жетістігім айналамдағы адамдармен тығыз байланысты. Біз жеңіске жетуді мақсат еттік, тоқтау ойда жоқ.

Ұлан: Жеңіске жеткен роботты қалай анықтайды?

Никита: WRO әр маусымға жеке робот құрастыруды талап етеді. Шарт солай. Жарыс алаңында қосымша роботтарды қоюға рұқсат беріледі. Роботтың міндеті – жүктелген тапсырманы орындау. Мысалы, кабельді апару, қайта қосу, құрылғыны қажетті орынға қою… Тапсырманы дұрыс орындаған сайын ұпай қосыла береді. wro.nis.edu.kz сайтынан роботқа қойылатын талаппен танысуға болады. Қай робот көп ұпай жинаса, сол жеңіске жетеді. Кейде жарыста «тосынсый» беріледі. Робот уақытты тиімді пайдалануы керек. Өзін көрсетуге 2 минут беріледі.

Ұлан: «Ең үздік жоба» фестиваліне бірнеше жоба ұсынып едің…

Никита: Иә, біздің команда жасаған жұмыс өте көп. СОБД (жол қауіпсіздігіне арналған), ChemMY, PhysMY, GeoMY білім беруге, House Control (ақылды үй), Planet Overview (үш өлшемді картография), City Keeper (тазалық жұмыстарын жасайтын ақылды робот). Зияткерлік мектепте оқып жүріп жасаған жұмыстарымыз. Осы жобамен тоқтап қалмаймыз. Қоғамға пайдасы бар тағы екі жобаны жоспарлап қойдық. Біздің мектепте кез келген оқушы робототехникамен айналыса алады. Ықылас, ынта болса, жарыстарға қатысса, жетіп жатыр. Әрбір жарыс бізді бір саты жоғары көтереді. Басқа балалар секілді ең төменнен бастадық. Уақыт өте келе өзімізге қызық нәрсені оқуды үйрендік.

СОБД құрылғысын жаяу жүргіншілер жолағына және автокөлікке орнатуға болады. Жолаушы жүрген кезде жүргізушіге құрылғы белгі береді. Елімізде латын әліпбиіне көшуге байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Біз «Qazak» жобасы арқылы үлес қоссақ дейміз. Бағдарлама арқылы жеңіл сөздерді емес, көркем әдебиет, оқулық пен құжат сөздерін латын карпіне аударып, оқи аламыз. Күзде Венгрияда өтетін WRO-ға қатысамыз. Робототехника бойынша әлемнің үздік 10 команданың қатарына кірсек дейміз.

Ұлан: Сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №28
9 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз