Арман Оспановтың есімі еліміздегі спорт жанкүйерлеріне етене таныс. «Сұңқар» лақап атымен танылған отандасымыз аралас жекпе-жектен әлемнің ең үздік
100 спортшысының қатарында. Әлемдегі ең беделді тұжырымдардың бірі АСА (Absolute Championship Akhmat) тұжырымында сынға түсетін Арман АСА 95 турнирінде қарсыласын секіріп барып, тіземен теуіп, ауыр нокаутқа түсірген болатын. Бұл нокаут кештің ең үздік нокауты атанып, «Сұңқар» 10 мың доллар көлемінде қосымша сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, АСА тұжырымындағы «Ең үздік нокаут» аталымын жеңіп алды. Шаршы алаңға бір жылдық үзілістен кейін қайта оралған спортшымен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Расында, жарақатыма байланысты шаршы алаңға бір жылдай шықпадым. Мұрныма ота жасатқаннан кейін бес айдай күтініп, жаттығуға толыққанды кірісе алмадым. Әрине, бір жылдық үзілістен кейін оралғандықтан аздап қобалжу, іштей толқу болды. Өйткені елдің үкілеген үмітін ақтап, жанкүйерлерді жерге қаратпау сынды түсінік бар. «Әр нәрсенің қайыры бар» демекші, бастысы жеңістің биік тұғырынан көріндік.

«Сұңқар» АСА тұжырымында өткізген төрт жекпе-жегінің үшеуінде жарқын жеңісі үшін қосымша 10 мың доллар көлемінде сыйақы алды. Соңғы кездесуінде нокауттың дәмін сезіп көрмеген германиялық Лом-Али Эскиевті (15-4) ауыр нокаутқа түсірді. Бұл жеңісі арқылы ол өзінің спорттық мансабына күмәнмен қараған көпшіліктің аузына құм құйды.

– Аллаға шүкір, халқым әрқашан ыстық ықыласы мен жылы лебізін білдіріп, қолдау көрсетеді. Мен үшін тақымын қысып, шынайы жанкүйер болған жандарға алғысым шексіз. Олардың қолдауы жеңісте де, жеңілісте де бірдей сезіледі. Жалпы, спортшыларға халықтың қолдауы, тілегі аса маңызды. Өйткені халқыңның саған деген махаббаты әрқашан жеңіске жетуге жетелейді. Жерден алып, жерге салатын жандар да жетерлік. «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей, бос әңгімеге мән бермейміз.

Арман АСА 90 турнирінде атышулы Расул Мирзаевпен жекпе-жек өткізуі тиіс еді. Алайда жарақатына байланысты бұл кездесу болмай қалды. Осы тұста кейіпкерімізге сын айтып, табалағандар көп болды.

– Мұрныма ота жасалғаннан кейін бір аптадан соң Расул Мирзаевпен жекпе-жекке шығу туралы ұсыныс келді. Уақыт тығыз болғандықтан бұл ұсынысты қабылдамадым. Бірақ АСА тұжырымы біздің жекпе-жегіміз өтеді деп афиша жариялап, жұрттың қаншалықты қызығушылығы бар екенін білгісі келді. Кездесуден бас тартқаным үшін сынның астына алып, әртүрлі пікір айтқандар көп болды. «Жігітті жылы сөз ширатпайды, сын ширатады» демекші, сын әркез айтылады. Әр нәрсенің ыстығына күйіп, суығына тоңу – табиғи заңдылық. Спортта арман-мақсатыңа жету үшін мұның бәрінен өтуің керек. Ерік-жігері мықтылар мен мақсатының жолында табандылық танытқандар ғана арманына жететінін ұмытқан емеспіз.

Көп спортшы гонорарын айтпай, жасырғысы келеді. Бірақ Оспанов соңғы жекпе-жекте тапқан табысын ашық айтты. Жекпе-жекке шыққаны үшін 10 мың, жеңіске жеткені үшін 10 мың және кештің үздік нокаутын жасаған үшін тағы да 10 мың доллар көлемінде ақша алған.

– Меніңше, тапқан табысыңды жария қылудың еш ағаттығы жоқ. Керісінше, бұл жас спортшыларға мотивация беріп, үлкен жетістікке жетуге итермелейді. Кәсіби спорт үлкен бизнеске айналғанын бәрі біледі. Спортпен де күн көруге, жақсы табыс табуға болатынын білдіру мақсатында айттым. Бәлкім кейбір спортшылар табысы аса көп болмағандықтан немесе ол қаржы тек оқу-жаттығу жиындарына кететіндіктен жасыратын шығар. Алдағы жекпе-жектерде бұдан көп қаржы табамыз деген ойдамын.

Арман Оспанов, Қайрат Ахметов, Жалғас Жұмағұлов бастаған еліміздегі танымал аралас жекпе-жек өкілдері Алматыда бас қосып, үлкен жобаны іске асырмақшы.

– Қазақ елінің мүддесі үшін еңбек етіп, қазақтың жағдайына шынайы жанашырлық танытып жүрген ел ағалары жетерлік. Бауыржан Оспанов, Данияр Қасқарауов сынды ағаларымыз әрқашан аралас жекпе-жек өкілдеріне қолдау көрсетіп келеді. Жақында еліміздегі үздік спортшылармен үлкен жобаны іске асыру мақсатында бас қостық. Арлан Шабдарбаев, Кеңес Рақышев сынды ағаларымыз Қазақстандағы ММА спортын дамыту, деңгейін көтеру туралы жобаларды қолға алуды көздейді. Осы мақсатта үлкен команда құрып, бірлесе жұмыс атқаруды жоспарлап отыр. Біздің де осы команданың қатарына қосылсақ деген ниетіміз бар.

Әлемнің ең үздік 100 спортшысының қатарына қосылған Арман Оспанов елімізде де үздіктердің көшін бастап тұр. Төбелесу мәнері ерекше, ешкімге ұқсамайтын спортшының бұл туралы өз ойы бар.

– Шыны керек, ешқашан мен үздікпін, мықтымын деп көкірек қаққан емеспін. Мақсатымыз еліміздегі үздік спортшы атану емес, әлем алдында қазақтың жауынгер халық екенін көрсету, дәлелдеу. Ал кімнің үздік екенін халық өзі шешер. Егер сол атаққа лайық деп жатса, соған сай өнер көрсетіп, әлем алдында ел намысын биік ұстауымыз керек. Еліміздің әр өңірінде «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты спортшылар көп. Жалғас Жұмағұлов, Қайрат Ахметов, Қуат Хамитов, Асылжан Бақытжанұлы, Ержан Естанов, Евгений Егембердиев, Сәбит Жүсіпов, Қалдар Қасымбаев, Қаршыға Дауытбек сынды спортшылардың бәрі әлемдік аренада мықтылығын көрсеткен. Одан бөлек, Әли Қожа, Мұрат Бақторазов, Асылжан Таскет сынды болашағынан үлкен үміт күттіретін інілеріміз өсіп келеді. Шаршы алаңда қазақтың намысы үшін айқасып жүрген жігіттердің ешқайсысы осал емес.

Арман Америкадағы атақты Джексон Уинк залында UFC чемпионы Джон Джонс, Каб Свонсон, Карлос Кандит сынды спортшылармен бірге жаттығады, солармен жақсы қарым-қатынаста. Тіпті, олармен спарринг өткізіп, таңғалдырған кездер де болған.

– Америкадағы атақты Jackson Wink MMA академиясында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жүргеніме 3-4 жылдай уақыт болды. Ол жерде UFC чемпионы Джон Джонс, Андрей Орловский, Карлос Кондит, Каб Свонсон, Диего Брандао, Джон Додсон сынды спортшылармен бірге жаттығып, спарринг те жасап, дастарқандас та болдық. Кезінде бұларды тек теледидардан, интернеттен көретінбіз. Академияның бапкерлері Грег Джексон мен Майк Винкелджонның маған деген көзқарасы дұрыс, бірге жұмыс істегісі келетінін де айтқан. Қабілетімді байқап, еңбекқорлығымды бағалап, кез келген жаңа дүниені тез игеретінімді, ойлау қабілетімнің де жақсы екенін көріп, таңданысын жасырмады. Болашақта осы бапкерлермен жұмыс істеп, UFC төрінен көріну ойымызда бар. Мақтанғандай болмайын, бірақ жаттығуда, спаррингте жоғарыдағы спортшыларды таңғалдырған кездеріміз болды. Бұл академияға әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар келіп дайындалады. Солардың ішінен суырылып шығып, бапкерлерге мықтылығымызды дәлелдедік.

Қазір кейіпкеріміздің АСА тұжырымында екі жекпе-жегі қалды. Қарсылас ретінде атышулы дағыстандық Расул Мирзаев немесе соңғы АСА 77 турнирінде төрешілердің көмегімен жеңіске жеткен Алексей Полпудников болуы мүмкін.

– АСА тұжырымында әлі екі жекпе-жек өткізуім керек. Осы екі кездесудің бірінде қарсыласым Расул Мирзаев, Алексей Полпудников немесе Джихад Юнусов болуы мүмкін. Шыны керек, біздің салмақта (66 келі) мықты спортшы өте көп. Ешқашан «мынау спортшымен шығамын» деп қарсылас таңдаған емеспін. Кез келген мықты спортшыға әрқашан дайын болуым керек. Бірақ жанкүйерлер үшін Расул Мирзаев пен Алексей Полпудниковқа қарсы жекпе-жек қызықты әрі маңызды болмақ. Өйткені Расулмен екі рет жекпе-жегіміз болмай қалды. Ал Алексеймен болатын үшінші кездесу көпшіліктің көкейіндегі сұрақтың нүктесін қоймақ. Қазір менеджерлерім Ризван Магомедов пен Әли Абдел Азиз тұжырыммен келіссөз жүргізіп жатыр.

Арманның менеджері Әли Абдел Азиз атақты Хабиб Нурмагомедовпен бірге жұмыс істейді. Одан бөлек, бірнеше UFC чемпионының менеджері. Кейіпкеріміздің спорттық мансабына қаншалықты көңіл бөліп жатқанын білуді жөн көрдік.

– Иә, Әли Абдел Азиз атағы дардай, ММА саласындағы ең үздік менеджердің бірі. Хабиб Нурмагомедов, Генри Сехудо, Камару Усман сынды UFC тұжырымының чемпиондарын алға сүйреп жүр. Әли Абдел Азизбен үш жылға келісімшартқа отырып, бір жарым жылдай бірге жұмыс істеп жатырмыз. Онымен ылғи байланысып, жоспарларымызды ақылдасып іске асырамыз. Көзқарасымыз бен ой-пікіріміз бір жерден шығып, мақсатымызды ашық айттық. Қазір мені UFC тұжырымына кіргізу үшін қарекет жасап жатыр. Бірақ елде жүріп, менеджерлеріме «мені UFC-ге кіргіз» деп айту да бос әңгіме. Ол үшін өзім де Америкада солармен бірге жүріп, бірге дайындалып, командамен жұмыс істеуім керек. Әли Абдел Азиз: «Америкада «JacksonWink MMA» академиясындағы бапкерлермен бір команда болып жұмыс істейік, бұл UFC-ге жолымызды ашады», – деген болатын. Алла қаласа, болашақта UFC тұжырымында өнер көрсетемін деген сенім-демін. Алдағы уақытта Әли Абдел Азиз, Ризван Магомедов сынды танымал менеджерлерді елімізге қонақ қылып кең-байтақ жеріміз бен салт-дәстүрімізді көрсету ойымызда бар. Қазақстанның дүниежүзінде жер көлемі бойынша бекерден-бекер тоғызыншы орында тұрмағанын, жауынгер халықтың ұрпағы екенімізді көрсетіп, қазақтардың да UFC төрінде атой салуға әлеуеті жететінін дәлелдегіміз келеді. Әли де Қазақстанға келуге ынтасы бар екенін айтқан болатын.

Аралас жекпе-жекті серік еткен әр спортшының арманы – UFC тұжырымында өнер көрсетіп, чемпион атану. Арманның да мақсаты – сол тұжырымда атой салып, еліміздің мәртебесін көтеру. Біз де «Сұңқарға» Сұңқардай биікке самғай бер дегіміз келеді.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз