«Ақ желкен» журналында істеп жүрген кезім. Бір күні Дулат аға дəлізден көре сала ренішін айтты. «Сендерге балалар басылымы ғой деп бір баланың жазғанын апарып беріп едім. Екі айдан асты, əлі шықпады. Баспасаңдар, өзіме əкеп беріңдер, «Қазақ əдебиетіне» жариялатқызам», – деді. Үйтіп-бүйтіп ақталған болдым. Іштей «үлкен кісілер де таныстарын тықпалап, жақсы деп мақтап-мақтап, қалайда газет-журналға шығарудың амалын жасайды емес пе» деп қоям. Бірақ «Қазақ əдебиетіне» берем» дегені ішімді бүлк еткізді. Кабинетке кіре сала Дулат аға айтқан баланың шығармасын іздедім. Үлкен жазушы алғысөз жазыпты. Анадай алғысөзден кейін шығарманы оқымау мүмкін емес. Бас алмай оқыдым. Арасында еріксіз күлем. Əр кейіпкерін жақсы көріп, құшақтап алғым келеді. Тура мультфильмнің ішіне кірдім де кеттім. Бітпесе екен, бітпесе екен деп қимай отырасың. Дулат аға сияқты мен де бастапқыда осындай дүниені 9-сыныптың баласы жазғанына сенбедім. Бірақ сол баланың жазғандарына жанкүйер болып кеткенімді өзім де сезбей қалыппын. Жақсы нəрсе оқысаң, басқалар да сол туралы білсе екен деп тұрасың ғой. Содан бастап жас жазушы туралы жүрген жерімде айтып, жазғандарын қағазға шығарып беріп, үлкендерге оқыта бастадым. Бəрі мақтайды. Дидахмет Əшімханұлы ағам да оның алғашқы оқырмандарының бірі болып алды. Тіпті бірді-екілі шығармасының атын да қойып берген.

Бірде Тұрсынжан Шапай ағама сондай мықты жазушы бар екенін айттым. «Өтініш, оқып шығыңызшы» деп поштасына бір топ шығармасын жиып-теріп жібере салдым. Тұрсынжан ағаның жазғандарын оқығанымыз болмаса, адам ретінде жыға танымаймын. «Əзірге бір шығармасын ғана оқыдым. Оригинально. Қызығып, ішек-сілем қатып оқыдым. Риза болдым. Қазақта бұлай ешкім жазбаған», – деп бір хабарласып қойды. Төбем көкке жеткендей болды. Тұрсынжан Шапайдан мұндай пікір есту кез келген жастың басына бұйыра бермейтін бақ қой, былайша айтқанда. Ал оны түсінетін біздің жазушы ма? Əй, қайдам, ол əдеби ортадан жырақ жүрген жан. Тұрсынжан Шапайдың кім екенін де білмейтін шығар əуелі. Ал білсе, ол өзін сұмдық «жұлдыз» сезінер ме еді… Білмегені де дұрыс-ау деп қоямын.

Тағы бір күні түнге қарай ұйықтайын деп жатсам, Тұрсынжан ағамнан қоңырау келіп тұр. Мəссаған! Десе де, білдім. Ол кісіні жақсы шығарма ұйықтатпаған. Түгел оқыса, міндетті түрде хабарласады деп күтіп жүргем. Жарты сағаттан аса уақыт сөйлестік. «Жадыра, сен жіберген баланың жазғандарын оқып шықтым» дейді. Мейіржан Жылқыбайды айтып тұр.«Қазақ əдебиетіндегі жаңалық» деп жүретінмін өзім. Тұрсынжан ағам осы сөзімді қолдап отыр.«Жазбай кетсе, ол бала ештеңе жоғалтпауы мүмкін, бірақ қазақ балалар əдебиеті үлкен жазушысын жоғалтып алады. Мейіржанда қазіргілердің ешқайсысында жоқ ерекше түйсік бар екен. Ерекше ойлайды. Өзің айтқандай, тазалықты, балалықты аңсағанда оқитын дүниелер жазады. Оның ең үлкен «плюсі» – жүрегі əлі баланікіндей. Сондықтан осындай дүние жазады. «Ертегілер елінде» деген ертегі-хикаятын бас алмай, қызығып оқыдым. Əсерленгенім сонша, тез арада сондай жақсы дүниелерді оқығанымды біреуге
айтқым келді. Жанымда ешкім жоқ. «Жіберген сен еді ғой» деп есіме түсіп, өзіңе звондап жатқаным»,
– дейді. Қатты қуандым. Біздің кішкентай жазушы туралы қазақ руханиятындағы таудай тұлғаның пікір білдіргеніне толқып та тұрмын. Мейіржан туралы айтып жатырмын, айтып жатырмын. «Аға, ол баланың бір ғана «минусы» бар – қазақша көп оқымайды. Сосын ол шығарманы түнде «біреу» түртіп оятқанда ғана жазады. Жəне ол жазғандары тек бəйгеден жүлде алса дейді», – деп «жамандап» та қойдым. «Жоқ, ол оқитын бала», – дейді. «Оқыған кітаптарының авторының кім екенін білмейді күйдіріп», – деймін. «Солай айтсаңшы. Оқитыны көрініп тұр. Тек авторға қарамай оқи береді. Бір жағы ол да жақсы», – деп түзетіп қойды ағам. Сөйтіп, екеуміз Мейіржанның шығармашылығын телефон арқылы біраз талдап тастадық. Əр шығармадағы кейіпкерлеріне тоқталдық. Соңында Тұрсынжан аға: «Осы балаға сəлем айтшы. Мүмкіндігің болса, жаздыра бер. Əдебиеттен кетіп қалмауына ықпал етсең тіпті жақсы. Əдеби ортадан саяқ жүруі бір жағы ол үшін жақсы. Өйткені, ол тазалығын сақтаса ғана осындай жақсы дүниелер жазады. Əйтпесе, əр ағасы «бағыт-бағдар» беріп, «тəрбиелеп» тастайды», – деді.

Бұл Мейіржан Жылқыбай туралы əдеби ортадағы мықтылардың пікірі. Менің түсінігімде, балалар жазушысының ең үлкен сыншысы да – балалар. Өзім жасаған тəжірибені айта кетуді жөн көрдім. Мақтану сияқты болып көрінсе, өзіңіз білерсіз. Бірақ бала тəрбиелеуде бір адамның болса да қажетіне жарар деп жазуды жөн көрдім. Жазғы каникулда екі жиенім үйде болды. Теледидар жоқ. Жұмысқа кетерде сырттарынан құлыптап кетем. Біреуі 7-сыныпты, екіншісі 1-сыныпты бітірген. Кетерде «Мына кітапты оқып отырыңдар. Келген соң талдаймыз» деп, «Ақ желкеннің ұландары» деген кітапты беріп кеттім. Кешке жұмыстан келсем, екеуі соның ішіндегі «Тауға саяхат» деген хикаятты жарыса айтып отыр. Арасында өзім де қосылып қоямын. Əрқайсымыз шығармадағы кейіпкерлердің тілінде сөйлейміз. Біреуміз балапан Үрпек, біреуміз күшік Дос, біреуміз мысық Мими, енді бірде бала қораз Айдар, құлыншақ Жебе, сауысқан Асықпа, тасбақа Тездет, қалқанқұлақ қоян боламыз. Біздің үйде де қызықты ойын басталды да кетті. 1-сыныпта оқитын Бекзат бір ай бойы айналдырып қойып қойған кассета сияқты. Күніге бір оқиғаны айтады, күніге жаңадан тыңдағандай тыңдаймын. Бірақ жалықпаймыз. Шынымен кітап кейіпкерлерінің тілінде сөйлеу бізге қызық ойын болды. Шынымен кітап жалықтырмайтын еді.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

Дәстүрлі әңгімелерге мүлдем ұқсамайды

Бірнеше миниатюрадан тұратын он беттік əңгімелер топтамасын сол күні-ақ оқып шықтым. Əңгімелерінің бəрі шағын, жинақы, тілі шұрайлы екен. Əтешті жазсын, күшікті жазсын, бəрінде де ерекше сезімталдық, ерекше байқағыштық бар. Үй жануарларының табиғаты, мінезі, болмысы қысқа-қысқа сюжет арқылы дəл суреттелген. Əдетте, мұндай байқағыштық жан-жануарларды айрықша сүйетін, олардың өмірін ұзақ зерттеген қаламгерлерде кездесетін (Айталық, В.Бианка). Балаларға арнап қалам тартып жүрген қазақ жазушыларының арасынан дəл осындай стильде жазылған əңгімелер жоқтың қасы. Мұнда ой еркіндігі, диалог нақтылығы, оқиға дамуының динамикасы, мінездер айшықтығы, тіл көркемдігі бұрынғы дəстүрлі əңгімелерге мүлдем ұқсамайды. Жаңаша баяндау, жаңаша көру, жаңаша ырғақ бар. Мұндағы оқиғалар тартымды, бəрі анимациялық фильмге сұранып тұр. Алғашқы əңгімелерін ерекше талғаммен бастаған жас қалам иесі Мейіржан Жылқыбайға «қанатың талмасын, іздене түс, өрлей бер» дегім келеді.

Сол жылы күзде «Ақ желкен» журналының 90, «Ұлан» газетінің 85 жылдық мерейтойын атап өттік. Менімен бірге Бекзат та еріп келген. Таныстыру рəсімін өткіземіз деген «Ақ желкеннің ұландары» кітабы жиналып тұрған. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек ағамыз баланың тілін қызық көріп, сұрақ қойып жатыр. Өзі оқыған кітапты көрген Бекзат есі шығып кетті. «Мен ана кітапты оқығам. «Тауға саяхат» деген ертегі бар. Күшті! 38 беттен тұрады», – деді. Шынымен кітапты ашып қарасақ, «Тауға саяхат» 38 беттен тұрады екен. Ал мен оған назар аудармаппын. «Не туралы екенін айтып берші» дейді Бекзаттың оқығанын білгісі келгендер. Судыратып алып жөнелді. 38 беттік шығарманы жаттап алған. Кітапта қалай жазылды, солай айтып жатыр. Соның арқасында Бекзат 250 адамдық орны бар сахнаға шығып кетті. Ауылдан келіп, қалаға бейімделе алмай, мектеп бағдарламасына ілесе алмай жүрген Бекзатқа осы шығарма көп көмектесті. «38 беттік шығарманы жаттап алған қандай мықты баласың!» деген сөздер оны кəдімгідей қанаттандырды. Ең бастысы, ол кітап оқыса, жетістікке жете алатынына, өзіне сенімді тұлға ретінде қарайтынына сенді. Ал мен балаға кітап таңдағанда, ең бірінші жалықтырмайтын кітап таңдау керек екенін түсіндім. Өзіңіз бірінші оқып алыңыз. Сосын бірге талдаңыз. Бекзат қазір 6-сыныпқа өтті. «Кітап оқы» деп зорлық жасамаймыз. Тіпті «Балдырған» мен «Ұланның» жаңа келген санын бір сағатта оқып тастайтын болды. Оның бəрі ең бірінші оқыған кітабының бала көңілінен шыққанының арқасы деп ойлаймын. «Тауға саяхат» оның кітапқа махаббатын оятты.

Ата-аналар мен балаларға жақсы жаңалық айтқымыз келеді. 20 шілде күні Ұлттық кітапханада Мейіржан Жылқыбайдың екі бірдей кітабының таныстырылымы болады. Оңтүстік Кореяның Азия мəдениет орталығының қолдауымен «Батыр қоян» ертегі сурет-кітабы (қазақ, орыс, кəріс, ағылшын тілдерінде), сондай-ақ «Тауға саяхат» ертегі-хикаяты жеке суретті кітап болып шықты. Бұл кітаптар əр баланың болашағына үміт отын жағатын, кітапқұмарлыққа бастайтын бастау боларына сенеміз.

Жадыра НАРМАХАНОВА

Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз