Өткен аптада Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Биыл ҰБТ-ға қатысуға 117 242 түлек өтініш білдірген. Олардың 96 380-і – биылғы мектеп бітірушілер. Қалған жиырма мыңнан астамы – былтырғы түлектер. Ал енді мынау суретке назар аударайықшы. Бұл – ҰБТ тапсырушы талапкерлерден тәркіленген заттар. Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов осы суретті өзінің Фейсбуктегі парақшасына салып, ҰБТ кезінде 90 375 ұялы телефон, 28 344 калькулятор, 1 867 шпаргалка тәркіленгенін жазды. «Құрметті ата-аналар, мұғалімдер! Балаларды адал бәсекеге және білімін көрсетуге баулиық. Жүйені алдауға үйрету – тығырыққа тірейтін жол», – деп жазды ол.

Бұл нені көрсетеді? Бұл биылғы ҰБТ тапсырған балалардың дені ұялы телефон алып кіргенін көрсетеді. Бұл балалардың тыйым салынғанын біле тұра, заңсыз екенін біле тұра, қорықпастан осындай айлаға барғанын көрсетеді. Бұл балалардың (немесе олардың ата-анасы мен мұғалімдерінің) адалдықтан гөрі қулықты құп көретінін көрсетеді. Бұл балалардың басындағы біліміне сенбейтінін білдіреді. Бәрінен сорақысы, күні ертең осы балалар оқуын бітіріп, қызметке араласа бастағанда бүгінгі қоғамның басты дерті болып отырған парақорлық пен жемқорлыққа қарсы тұра алмайтынын көрсетеді. Біз қоғамнан көп нәрсені талап етеміз, билікке қоятын талабымыз да көп. Ал мемлекет сіз бен бізден құралады. Адалдық әркімнен басталады. Өзіміз адал бола алмасақ, өзіміз бармақ басты, көз қыстыға жол беріп отырсақ, басқаларға ренжуге, басқалардан адалдық талап етуге моральдық хақымыз бар ма? Арамызда адал, принципшіл, табанды балалар көп екеніне сенемін. Сондай балалар он бір жыл бойы оқыған біліміне ғана сеніп, құры қалам-қарындашпен кіріп, тиісті ұпайын жинап шығады. Ал екінші қалтарыста телефон, шпаргалка алып кірген замандасы басқа біреудің көмегімен тест сұрақтарына жауап беріп, жоғары балл алып, өз еңбегімен талаптанған баланың орнына таласады. Бұл әділетті емес қой? Сондықтан, балалар, адалдықты, әділдікті әркім өзімізден бастайық. Бұл бізге сабақ болсын. Тексерушілерді алдап соғып, қулықпен жоғары балл алып, қалаған оқуымызға  түсерміз-ақ. «Өз күшіммен жинадым» деп мақтанармыз да. Иә, басқаларды алдау оңай. Ал өзімізді алдай аламыз ба? Айнаға қараған уақытта өтірікші, айлакер, қу адам көрінбей ме көзімізге? Бүгін біреудің алдын орап кетсек, ертең оп-оңай біреуді жарға жыға салуымыз мүмкін. Адалдық пен қулықтың арасы – бір-ақ қадам. Осыны ұмытпайықшы!

Жұлдыз ӘБДІЛДА

Ұлан» газеті, №28
9 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз