Жапон дүниетанымын айғақтайтын «Бушидо» – самурай жолы философиясы хақында жазылған ежелгі «Хагакурэ» (жапырақ жасырған ойлар) кітабы әдеби стратегиялық құжат ретінде белгілі. Он бір томнан тұратын кітапта Набэшима руына жататын самурайлар өмірі, ежелгі данышпандардың ұлағатты әңгімелері, жапон ұлтының наным-сенім қағидалары, адамгершілік, ар-ұждан мәселелері өсиетнамалық тұрғыдан жан-жақты жазылған. Самурайының ар-ұждан кодексіне айналған, үш жүз жылдық тарихы бар бұл туынды қазіргі жапон кәсіпкерлерінің сүйікті кітабына айналған.

Кісіге пікір айтып, қателерін түзетіп отырған дұрыс. Жанашырлық осыдан көрінеді. Жанашыр болу өте қиын. Кісінің жақсы немесе жаман жағын анықтау оңай, ол туралы пікір айту да жеңіл… Біреуге өз пікірін білдіру үшін алдымен өлшеп-пішіп алған жөн. Ол кісі сенің сөзіңді қабылдауға дайын екеніне, саған иланатынына көз жеткізу қажет. Оған қымбат дүниелерді қозғағанда пікір айту мен сол пікіріңді ол қабыл алатындай үздік әдісін ізде. Жағдайды бағамдап, пікіріңді хат түрінде ме, әлде қоштасарда айтқан дұрыс па, шешіп ал. Алдымен оның жақсы мінезін айт, көңілі көтерілсін. Мәселен, өз кемшілігіңді айтуыңа болады, бірақ оның мінін қозғама. Осы арқылы оған өзінің кемшілігі туралы ой саласың. Кісінің міні жылдар бойы бойына әбден сіңіп, әдетке айналса, әрине, оңай түзелмейді.

Мен осыған өз тәжірибем арқылы көз жеткіздім. Жолдастарыңмен ой бөлісу, олардың мінін түзеуге көмектесу, өз кемшілігіңді жою үшін олардың пікірлерін тыңдай білу – самурайдың жанашырлығы осыдан көрінеді. Біреуді жұрттың алдында ұятқа қалдырып, оны түзетем деу бекер.

***
Елдің көзінше есінеу – әдепсіздік. Егер кенет есі-негісі келсе, танаудың үстінен саусақпен жүргізіп отырып, маңдайын сипасын. Бұл көмектеспесе қос ернін жаласын немесе алақанмен қалқалап тұрып байқатпай есінесін. Бұл түшкіруге де қатысты. Жұрттың алдында түшкіру сүйкімсіз көрініс. Бұдан басқа да байқампаздық пен әдептілікті талап ететін нәрселер бар.

***
Әділетсіздікпен күрес, құқын қорғау – қиын дүние. Өте шыншыл болуға ұмтылсаң көптеген қателікке ұрынасың. Самурай жолы шыншылдықтан да жоғары. Бұны ұғу өте қиын, бірақ ең биік даналық осында. Осы биіктіктен қарасақ, шыншылдықтың өзі ұсақ боп көрінеді. Кісінің өзі мұны ұқпаса басқаша білуі мүмкін емес. Бұл жолға шығудың тәсілі бар. Жол – басқалармен әңгімелесу арқылы табылады. Жолын таппағандардың өзі басқаларға шетте тұрып қарайды. Го ойынына қатысты нақыл бар емес пе? «Сырттан қарағанның көзі сегіз» деген. «Ойлана келе біз өз қателерімізді түсінеміз» деген ұғым басқалармен пікірлесу арқылы табылатынын білдіреді. Ежелгі аңызды тыңдап, ескі кітап оқу өзіндік қасаң пікірлерден арылып, байырғылардың пікіріне сүйену үшін қажет. Жеткен таным-түсінікпен шектеліп қалма. Ұмтыла келе, біраз түсінігі қалыптасқан соң тоқтап қалған жан қателеседі. Алдымен үлкен ұмтылыс жасау керек, одан кейін ұмтылысың жеміс беру үшін еңбектен және бұл үрдіс өмір бойы тоқтамасын. Жеткен түсінік деңгейіңе арқа сүйеме. «Бұл жеткіліксіз» деген сөзді үнемі іштей қайтала. Адам жолдан таймаудың амалын өмір бойы іздеу керек. Оған қоса ешнәрсе назардан тыс қалмайтындай, ізденіске бар назарды аударып, үйрене беру қажет.

***
Елу-алпыс жыл бұрын самурайлар жағдайға қарамай, сыртқы келбетіне мән беретін, күн сайын таңертең шомылып, қыры-натын, шашын арнайы сұйықтықпен майлайтын, аяқ-қолының тырнағын алып, кеуектаспен үйкеп, сылайтын. Сауыт-сайманы сүртіліп, майланып, жалтырап тұратындығы туралы айтпаса да болады. Сырт келбетіне мән беріп, күтіну мақтан боп көрінуі мүмкін, бірақ бұл жақсы әсер тудырудан басқа дүние. Сен тіпті өлімді қайсарлықпен қарсы алуға дайын бола тұра, сол өлімді ұсқынсыз түрде қарсы алсаң, бұл сенің шайқасқа дайын еместігіңді білдіреді. Жауың сені жек көріп, лас деп ұғады. Сондықтан қариялар да, жастар да сыртқы келбетіне мән беруі керек. Бұл әуресі көп, уақытты алатын іс болғанымен, самурайдың қабілеті осыдан да көрінеді. Бұл уақытты босқа жұмсау емес, әурешілік деп те ойлама… Кейінгі отыз жылда дәстүр өзгерді. Бүгінде жас самурайлардың басы қосыла қалса, тек ақшалай табыс туралы, пайда мен шығын, киімнің таңсық түрлері, көңілдестік туралы әңгімелеседі. Дәстүр бөлшектеніп барады. Баяғыда жігіт жиырма үшке келгенде жүрегінде жиіркенішті ойлар болмайтын, сондықтан ондай нәрселерді сөз етпейтін. Егер одан гөрі жасы үлкен біреу әлгіндей нәрсені сөз етсе жігітке намысына тигендей әсер ететін. Бұл жаңа дәстүр кісілер қоршаған ортасына көрікті боп көрінуге баса мән беруден шыққан. Пенде өзінің қоғамдағы орнына қатысты соншалықты даңғой болмағанда талай шыңды бағындырар еді. Қазіргі жастар не деген есепшіл, дүние-мүлкін қалай даңғазалап мақтанады десеңші?! Есепқой жүрек-ті кісіде парыз сезімі болмайды. Парыз сезімінен ада жан өзін сыйламайды.

***
Иттэй мырзаның сөзіне қарағанда нашар қалам иесінің өзі сөзбен көркем өрнектелген құжатты негіз етіп, соған ұқсатуға ұмтылса каллиграфия өнерінде үлкен жетістікке жетеді. Қызметші де жақсы қызметшіні үлгі тұтса жетіледі. Бірақ бүгінде жақсы қызметшіні табу қиын. Сондықтан сондай үлгіні өзің жасап алғаның жөн. Оны жасау үшін әртүрлі кісілерге қарап отырып, әрқайсысынан оның жақсы жағын алу керек. Мәселен, біреуден кішіпейілдік, басқа-сынан өжеттік, үшіншісінен әңгімелесу әдебін, төртін-шісінен дұрыс жүріп-тұруды, бесіншісінен тепе-теңдікті. Үлгі осылай туады. Өнерге келсек, шәкірттер көбіне ұстаздың жақсы жағынан гөрі, жамандығын қабылдай-ды. Бұл дұрыс емес. Жүріс-тұрысы әдемі болғанмен, шынайы еместер бар.

***
Қызмет орнында іс көп болса да сырттан біреу өз шаруасымен кірсе, оған ренжіп, суық қабылдайтындар бар. Бұл дұрыс емес. Самурайдың әдеп қағидасы бойынша, ол сол сәтте өзіне басу айтып, келген адаммен сөйлесу керек. Басқалармен дөрекі қатынас жасау арқылы сен құл деңгейіне түсесің.

***
Кейде біреудің алдына өтінішпен баруға тура келеді. Өтініш қайталана берсе, ығыр қылады да мәдениетсіз етіп көрсетеді. Біреуге жалынғаннан гөрі істі өзің атқарғаның әлдеқайда жақсы.

***
Баяғыда Қытайда айдаһарға табынатын бір адам болыпты. Киімінен бастап үй-ішін түгел айдаһардың суретімен безендіреді екен. Оның осы мақұлық бейнесіне әуестігі айдаһар Піріне жетеді. Сөйтіп бірде әлгі адамның терезесі алдында шын айдаһар көрініпті. Адам қорыққанынан сол сәтте мерт болады. Шамасы бұл кісі дақпыртқа құмар, ал іске келгенде дәрменсіздік танытатынның бірі болса керек.

***
Самурай отбасында ер баланы тәрбиелеудің ережесі бар. Баланы сәби кезінен батылдыққа баулу керек. Қорқытып, ызасына тимеген жөн. Кісі жас кезінен қорқақ болса, бұл оның жандүниесінде мәңгілікке таңбаланып қалады. Ата-аналар бала жылауын доғаруы үшін найзағайды айтып, үрейлі әңгімелерді қозғап, қорқыту арқылы зор қателік жасайды. Оған қоса балаға қатты ұрса берсе жасық боп өседі.

***
Ата-анасының арасында кикілжің орын алса, бала оларды құрметтемейді. Бұл табиғи жағдай. Тіпті құстар мен аралар да туғанда естіп, көргенінен әсер алады. Әйелдің ақымақтығымен әке мен баланың арасы бұзылуы мүмкін. Әкесі ескерту жаса-са, анасы балаға деген шексіз махаббаты себепті оған жақтасады. Егер әйел әрдайым баланың жағында болса, әке мен ұл арасы алшақтайды. Өзінің шектеулі ойлау жүйесінің кесірінен әйел баланы қартайғандағы тірегім деп біледі.

***
Есепқойлар жек көруге лайық жандар. Есеп әрдайым кіріс пен шығысты есептеумен байланысты және есепқой кісі бәрін осы тұрғыдан өлшейді. Өлім – шығын, өмір – кіріс… Оқымыстылар және соған жақын саладағылар өзінің сараңдығы мен қорқақтығын білімпаз, бипаз сөздерімен жасыруға тырысады. Адамдар көп жағдайда мұны аңғармайды.

***
Басыңа қиындық төнсе қарап тұрмау керек. Қиындықтарға батыл әлі қуана қарсы шығу керек. Бұл үшін жалғыз қадам жеткілікті. Мына нақылды есте ұста: «Су ұлғайған сайын кеме үлкейеді». (Көне «Биянь-лу» коандар кітабындағы нақыл сөз: «Су ұлғайған сайын кеме үлкейеді, былғаныш көбейген сайын Будда зораяды»).
***
Бұрынғылар айтқан екен, шешімді жеті мәрте тыныс алғанға тең уақыт межесінде қабылдау керек деп. Таканобу мырзаның сөзі бар: «Егер кісі бұдан ұзақ уақыт ойланса зияны тиеді». Наошигэ мырза былай депті: «Ерініп істеген он істің жетеуі нәтижесіз аяқталады». Әскери адам бәрін жылдам атқару керек. Ойың шашыраңқы болса, талқың жеміссіз болады. Өжеттік пен жаңаша көзқарасты пайдаланып, қажеттілікті сезіне білсең жеті рет тыныстау межесінде шешім қабылдай аласың. Бұл батылдық пен нәтижеге жетуге деген ниеттен туады. Аурудың деңгейі адам оны қалай қабылдағанына байланысты. Мен мәселен, әкемнің жетпіс бір жасында туыппын. Бала кезімде аурушаң болдым. Өзімді шынық-тырып, қартайғанда да пайдалы болуды ойладым. Содан бері ауырған емеспін.
***
Рютайдзи ғибадатхана-сындағы Камигата өлкесінде «Көріпкелдік кітабын» жақсы білген ғұлама: «Тіпті дін ада-мына да қырыққа жетпей дәреже беруге болмайды», – деп айтыпты. Яғни жас кезінде атаққа ие болған адам көп қателікке ұрынады. Мәселен Конфуций өзін қырықтан асқанда ғана ғұлама ретінде сезінген. Қырыққа тақағанда даналығы бар адамдар жеткілікті тәжірибе жинайды да қиын сәттерде шешім таба біледі.
***
Наошигэ мырза айтқан екен: «Ата-бабасының қадір-қасиетін ұрпағына қарап бағалауға болады. Адам ата-бабасының жаман емес, жақсы қасиеті көрінетіндей әрекет ету керек. Ата-баба қасиетін ардақтау дегеніміз осы.
***
Аз білетін пенде өзін білімді етіп көрсетуге тырысады. Бұл – парықсыздық белгісі. Бір нәрсені жетік білетін адам онысын жасырады. Бұл – тектілік белгісі.
***
Астамшылдық жақсыға зарарын тигізеді. Тіпті дінге қатысты айтар болсақ, тым көп уағыз, үгіт-насихат жүргізу елге зиян әкеледі.
***
…Кісі мінезінің екі жағы бар: ішкі және сыртқы. Соның біреуі жетпесе адам ешнәрсеге жарамайды. Мінез қылышқа ұқсайды. Қылышты өткірлеп, қынына салып қою керек те, анда-санда шығарып, жүзін сүртіп қайтадан орнына қою қажет. Егер қылыш үнемі жалаңаш болса иесі жөнсіз сермей бастайды. Басқалар одан қорқып, қашады. Ақырында адам доссыз қалады. Егер қылышты қынынан шығармай қойса тат басып, жүзі мұқалады. Айналадағылар сәйкесінше пікір түйеді. Адам мінезін қылышқа теңейтініміз осыдан.
***
«Чикэнмарокаши» деп аталатын шежіре Жапония-дағы ең көне кітап саналады. Бірде сол кітапты сақтап отырған Сома мырзаның сарайында өрт боп, айнала-ны түгел жалын шарпиды. Өртеніп жатқан үйіне қарап тұрып Сома айтыпты: «Мына үй дүние-мүлкімен қоса түгел өртеніп кетсе де өкінбеймін. Өйткені, бұлар орнына келетін заттар. Жалғыз ғана әулиенің көне шежіре кітабын өрттің ішінен шығарып алмағаныма қапаланамын». Сонда самурайлардың арасынан біреуі тұрып: «Мен құтқарамын шежірені» депті. Жұрт күліп: «Сарай түгел өрт құшағында. Кітапты қалай аласың?» – дейді. Суырылып тұрған шешендігі жоқ, ел көзіне ерлігімен түсе қоймаса да істі тиянақ-ты атқаратындықтан бұл самурайды мырза жеке қызметіне алған екен. Самурай халыққа: Менің қожама ешқашан пайдам тимеп еді, өйткені бәрін бақылап үлгермейтінмін. Бірақ көкірегімде әйтеуір бір күні пайдалы боламын деген сенім бар. Пайдам тиетін уақыт енді жеткен сияқты». Сөйтіп ол қып-қызыл жалынға сүңгіп кетіпті. Өрт сөнген соң мырза әлгі самурайдың сүйегін табуға әмір береді. Жұрт жабыла іздеп бақшада, сарай қабырғасы маңында жатқан күйген денені тауып алады. Жерде жатқан денені аударып қалғанда қарнынан қан ағады. Самурай өзінің қарнын жарып кітапты ішіне салып, етпеттей жатқан екен. Бүлінбей сақталған шежіре кітап содан бері «Қанды шежіре» деп аталатын болыпты.
***
Баяғыда он соқыр тау асып бара жатады. Биік құздан құламас үшін сақтықпен баяу жылжыпты дейді. Кенет алдында кетіп бара жатқаны сүрініп кетіп, төмен құлапты. Басқалары: «Қап, байғұс-ай!» десіп қала береді. Бірақ құлаған адам төменнен айғайлапты дейді: «Қорықпаңдар. Мен құласам да дәнеңе болған жоқ. Биікте келе жатып «Құласам не істеймін?» деп ойлаумен болдым. Міне, енді жеттім. Үрейден арылу үшін тезірек құлау керек!».
***
Егер кісі өте ақылды болса және бір ерекше іс атқарса, оны ешкім мақтамайды. Егер ол басқалар да істей алатын жұмысты істесе, айналасындағылар ол туралы «Сенімді ақтамайтын жан» деп жамандай бастайды. Егер қабілеті шамалы кісі әдеттегіден дұрысырақ шаруа істесе басқалар оны жабыла мақтайды.
***
Сөйлеудің басты мәні – мүлдем сөйлемеуде. Егер шаруаны үнсіз атқаруға болатындығын білсең, үндемей істей бер. Егер сөйлемеу мүмкін еместігін сезсең сөзге сараң бол да, санаңдағы түзу ойыңды ғана айт. Ойсыз сөйлеген сөз ұятқа қалдыруы мүмкін, онда жұрт саған арқасын береді.
Жапон тілінен аударған Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз