Қазақстанда спорттың кез келген түріне үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Соның ішінде футболға ерекше назар аударып, жас жеткіншектерді әр елдегі академияларға жіберген болатын. 2009 жылы қазақтың 26 жеткіншегі «Оле Бразил» футбол академиясына жолдама алып, үш жыл Бразилияда жаттықты.

2012-14 жылдары тағы 26 бала Пеленің отанында доп тебуді үйренді. Мұндағы басты мақсат – қазақ футболының көсегесін көгертіп, құраманың деңгейін көтеру болды. Дегенмен, бұл жеткіншектер үкілеген үмітімізді қаншалықты ақтай алғаны белгісіз. Ал біздің кейіпкеріміз Қазыбек Қашқабаев аула футболын көтеру мақсатында Қазақстанға арнайы Испаниядан бапкерлер шақыртып, талантты балаларға қолдау көрсетіп жүр. Тіпті, қазақ балаларының Испанияда доп тебуіне жол ашқан.

– 2014 жылы аула футболын жүйелендіру мақсатында «Достар» футбол клубын құрып, жас жеткіншектерге қолдау көрсетуді жөн көрдік. 2017 жылы Англияда Манчестер университетінде спорттық менеджмент мамандығы бойынша білім алған Абдрахман Шерханов бауырымызбен бірлесіп, бірнеше жобаны іске асырдық. Еліміздің түкпір-түкпірінен талантты балаларды жинап, мықты команда жасақтадық. Жинақталған команданы Испанияның «Хетафе» футбол клубына апарып, әртүрлі турнирге қатыстырдық. Еуропада кез келген турнирге футбол агенттері келіп, талантты ойыншыларды іздейді. Әр ойыншыны сырттай бақылап, жеке-жеке тілдеседі. Көңілінен шыққан таланттарды мықты деген футбол академияларына ұсынып, бағыт-бағдар береді. Команда сапындағы Даниел Сайлаубек есімді баланың талантына тәнті болып, «Хетафе» футбол клубына алып қалды. Даниел қазір Испанияда білім алып жатыр. Испания Даниелдің барлық жағдайын жасап, бар өнерін паш етуге мүмкіндік беріп отыр.

Қазір Қазыбек Қашқабаев «Future Footballers Factory» академиясының басшысы Абдрахман Шерхановпен бірге Испанияның атақты «Эспаньол» командасынан бапкерлер шақыртып, сол команда сапына қосылуға жас өрендерге жағдай жасауда.

– 2018 жылы құрған жос-парларымыз іске аспай, тек биыл сәті түсті. Испаниядағы танымал клубтың бірі «Эспаньолмен» бірнеше ай келіссөз жүргізіп, төрт бапкер мен бір спорт менеджерін елімізге алдырттық.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында талантты балаларды іріктеп, 240-тан астам баланы таңдап алдық. Сол іріктелген балаларды Испанияның «Эспаньол» командасының бапкерлері жаттықтырып, тәжірибелерімен бөлісті. Одан бөлек, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан төрт жеткіншекті таңдап алды. Олар алдағы уақытта «Эспаньол» футбол академиясында бір ай білім алады. Жақсы көзге түссе, жергілікті футбол клубтарының сапына қосылуы да мүмкін. Мұның алдында әр клубтан мықты балаларды жинап, Еуропаға жіберетін едік. Бірақ ол жерде шығынның барлығын баланың ата-анасы көтеретін. Еуропалық клубтар көп баланың ішінен бірнешеуін ғана таңдап алады. Қалғаны елге қайтуға мәжбүр. Көп ата-ана баласының Еуропаға баратын қаражатынан қиналады. Сондықтан бапкерлерді Қазақстанға өзіміз шақырайық деп шештік. Қазір италиялық бапкерлермен де келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жас жеткіншектеріміздің Италияда доп тебуіне мүмкіндік жасауға тырысамыз. Күзге таман атақты «Ювентус» командасының бапкерлерін шақыртуды жоспарладық. Еліміздегі «Жас қыран» мен «Еңбек» футбол командалары да бірлесе жұмыс істеуге шақырып, шет елден бапкер-лер алдыруды көздеп отыр.

«Достар» футбол клубының ашылғанына бес жыл болғандықтан, әлі академиясы жоқ. Cол себепті клубта тек қаланың балалары ғана жаттығады. Бірақ болашақта ауыл-ауылды аралап, дарынды жеткіншектерді жинау жоспарда бар.

– «Достар» клубының жаттығатын базасы Алматыдағы Ақкентте және «Мәдина» спорт кешенінде орналасқан. Сондай-ақ Шымкент қаласында да филиалымыз бар. Онда 60 шақты бала жаттығады. Алматыда жаттығатын 100 жеткіншектің басым көпшілігі – қаланың балалары. Олар ағылшын тілін жетік біледі, бапкерлермен емін-еркін тілдесе алады. Мұндай балалармен жұмыс істеу бапкерлерге оңай әрі тиімді. Дегенмен спортта үлкен жетістікке жеткендердің барлығы ауылдан шыққан.

Біз ауылдағы таныстарымызға ақпарат жіберіп, хабардар етеміз. Біраз ауыл жанашырларына «аула футболын жандандырайық» деп ұсыныс айттық. Егер ауылдан осындай шараларға қолдау көрсететін жандар болса, шет елден келген бапкерлерді апаруға дайынбыз.

Болашақта үлкен академия құрып, ауыл-ауылдан дарынды жастарды жинау жоспарда бар. Қазақтан да Пеле сияқты аты аңызға айналған футболшы шықса екен деген арман-мақсатымыз бар.

«Достар» командасының басқаларға қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар. Олар доп тебуді ғана емес, салт-дәстүрді де үйреніп жүр екен.

– «Достар» командасында 8-11 жас аралығындағы жеткіншектер жаттығады. Балаларымызды футболдың қыры-сыры мен философиясынан бөлек, ұлтты сүюге, тіліміз бен дінімізді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қастерлеуге тәрбиелеп жатырмыз. Батыр-лар жыры мен ақындардың өлеңдерін жаттатқызамыз.

Ата-аналар да бұл жайтты жақсы қабылдап, алғысын айтуда. Ата-аналармен бірігіп, Наурыз мерекесін үлкен дәрежеде атап өттік. Сондай-ақ Ораза кезінде алаңымызда 150 шақты адамға ауызашар бердік. Шымкенттегі бапкеріміз Ержан Құдайназаров барлық жаттығуды ағылшын тілінде өткізеді. Балаларының доп тебуді ғана емес, ағылшын тілін де үйрене бастағанына ата-аналар дән риза.

«Достар» футбол клубында балалар небәрі екі-үш жыл ғана жаттығып, дайындалады. Жасы жеткен балаларды еліміздегі футбол академияларына ұсынады. Бірақ оларды академиялар қабылдау-қабылдамауы екіталай. Кейіпкеріміз бұл мәселенің де оңтайлы шешімін табуға тырысып жүр.

– Қазір «Достар» футбол клубының басшыларының бірі Әнуәр Бидановпен аула футболының ассоциациясын құруды көздеп отырмыз. Өйткені аула футболынан шыққан жастардың жетістіктерін көріп жүрміз және дәл сондай дарынды балалар да мансабын уақытынан бұрын аяқтап жатыр. Алматыда жалғыз «Қайрат» футбол клубының академиясы бар. Оған кез келген бала түсе алмайды. Қандай талаптар бойынша қабылдайтыны беймәлім.

Шыны керек, бес жылдан бері академияға өткен баламыз жоқ. Сондықтан Қазақ-стан футбол федерациясы аула футболына мән беріп, бір жүйеге қою керек.

Айтпақшы, кейіпкеріміз Қазыбек Қашқабаев Кембридж университеті білім-менеджмент саласының магистрі. Сондай-ақ, «Балалық шақпен қоштасу» атты прозалық кітаптың авторы. Кітапта ауылдан қалаға білім іздеп келген екі баланың өмірі баяндалады.
Қазақ футболының дәрежесін көтеруді көздейтін Қазыбек мырзаның бастамаларына сәттілік тіледік.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз