Жаз мезгілі – демалу кезеңі. Демалыс уақытында барлығымызды толғандыратын нəрсе – қаражатымызды үнемдеп, уақытымызды тиімді де қызықты өткізу. Кейбіреулер демалыс үшін көп қаражат керек деп ойлайды. Анығында бюджетті үнемдеу арқылы да сəтті демалыс ұйымдастыруға болады. Біздің санамызда демалыс сөзі қымбат қонақүй, теңіз немесе жағажайдағы демалыспен астасады. Бюджеттік демалыс бізге қайталанбас эмоциялар, естеліктер сыйлары анық.

Бірінші кеңес – табиғат аясындағы демалыс. Табиғат – адамның бойына күш-қуат, баға жетпес байлық беретін сұлулық пен əсемдік əлемі. Ол ырыс пен қазынаның қайнар көзі болғандықтан, бұл демалыстан өзімізге рухани азық алып қана қоймай, туыстарымыз бен достарымыздың ортасында уақытты керемет өткізуге мүмкіндік бар.

Екінші кеңес – велосая-хат. Велосипедпен серуендеу – бюджетті үнемдеудің ең тиімді үлгісі деп айтсақ қателеспейміз. Велосипедтерді жалға алу арқылы, отбасымызбен жəне жақындарымызбен табиғаттың жаймашуақ күндерін тамашалауға болады.

Үшінші кеңес – фото-саяхат. Өзімізбен бірге фотоаппаратымызды алып, қызықты кадрларды түсіруге табиғат аясына шығудың өзі үлкен əсерге бөлейді. Демалыс кезіндегі əрбір сəтті суретке түсіру арқылы, басыңыздан өткен қызықты сəттерден естелік альбом жинауға болады.

Төртінші кеңес – спорттық жарыстар. Жаз мезгілінде спорттық жарыстар жиі өткізіледі. Сондай жарыстарға жиі барып, қолдау көрсете аламыз. Спорт жарысына жанкүйер болып, сүйікті спортшыларымызға қолдау көрсетуге барғаннан да өзімізге қажетті эмоцияларды алатынымыз анық.

Бесінші кеңес – мəдени шаралар, мұражайлар, көрме, театрға саяхат. Қалада ұйымдастырылатын мəдени шараларға, театр көрсетілімдеріне, ашық аспан астындағы əн кештеріне бару көңіл көкжиегімізді кеңейтеді.

Алтыншы кеңес – саябақтағы немесе зообақтағы серуен. Жабайы хайуанаттар жайлы түсінік алумен қатар, оларды салыстыра аласың. Сонымен қатар, саябақтағы серуен ішкі жандүниеңнің тыныштық табуына зор əсерін тигізеді.

Демалысымызды пайдалы жəне тиімді өткізгеніміздің өзі рухани баюымызға септігін тигізеді. Табиғат жəне мəдени шаралар аясында өткізген демалыс түрі жанымызға лəззат сезімді сыйлары анық.

Назерке ЖЕКСЕМБАЕВА,
СДУ студенті

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз