Психологияда «аффирмация» деген ұғым бар. Аффирмация – арманға жету жолдарының бірі. Яғни, арманыңызды миыңызда сақтау. Болашақтағы өміріңізді елестетіп, жинақы әрі нақты етіп қағазға жазып, үнемі қайталау арқылы өз дегеніңізге жету. Мысалы «Мен грант иегері атанамын!», «Журналист боламын!» «ҚазҰУ-де оқимын!» немесе «Бақыттымын!», «Әр күнім сәтті өтеді!» деген сөздерді қайталап отыру көңіл-күйіңізді жақсартады. Қысқасы жоқты барға балап, болашағыңды бағдарлайсың. Мұны неге айтып отырмын? Қазіргі психологтардың, нумеролог-тардың, кәсіпкерлердің беретін ақыл-кеңесі осы. Сонда аффирмацияның түп-төркіні – сөзге сену, сөздің киесі бар екенінің ғылыми дәлелі.

Қазақта мұны «жүз пәленің тоқсан тоғызы тілден» деп кесіп айтқан. Аңдамай, абайсызда айтқан сөздердің өзіңе кесірі тиіп, маңдайыңа тас болып тигенде ғана «осыны бекер айттым» деп бармақ тістеп қаламыз. Өз сөзіңіз бен ойыңызға абай болу арқылы жамандықтар мен тосын оқиғалардан сақ боларыңыз анық. Өз сөзіңе сеніп, оған беріле құмарың ауса, бүкіл ой-санаңды бір нүктеге тоғыстыра алсаң және болашағыңа сенсең аффирмация деген осы.

Жазушы-журналист Әзілхан Нұршайықов:
«Ал мен оқуға түсетініме еш күмәнім жоқ еді. Мен бір қызық айтайын сіздерге: өзім соғыста ешқашан өлемін деп ойлаған емеспін. Соғыстан кейін алдыма «қайтсем де журналист болуым керек» деген мақсат қойып едім, ол да орындалды. Тегі адам не нәрсеге сеніп, беріле істесе, оның сол ойы орындалып шығар деп ойлаймын», – дейді. Аффирмация ішкі қуатты көрсететін ұғым. Эйнштейн жас кезінен ішкі қуатына нық сенімді болған. 23 жасында, 1902 жылы досына: «Менің басыма бірнеше ғажап идея келді. Бірақ оны әлі де жеріне жеткізіп, пысықтай түсуім керек», – деп хат жазып, өз жаңалығының таңғажайып болатынына сенді. Ол сенімі арада небәрі үш жыл өткенде жүзеге асты. 1905 жылы салыстырмалылық теориясын ашты.

Ақ параққа аффирмацияны қалай жазуға болады?
Көрінетін жерге іліп қойы-ңыз. Жазғаныңыз көзге жақын, көңілге алыс болмасын. Болымсыздан қол жетпейтін биік, көш өтпейтін шыңырау жасап алуды доғарыңыз!

Психологтардың берген кеңесі:

1. Аффирмация ұзақ сөй-леммен жазылмау керек. Қысқа әрі нұсқа болса, жалықпайсыз!
2. Аффирмацияны шын көңілмен жазыңыз және әр қайталағанда ерекше көңіл-күйде болыңыз!
3. Аффирмация бірінші жақта жазылсын не айтылсын. Мысалы, «Мен мықтымын!», «Менің табысым көп!» және тағы да басқа…
4. Аффирмацияны дауыстап айтыңыз!
5. Аффирмацияны айтып тұрып, іштей «бұлай бола қоймайды-ау» деп күмәнданып тұрсаңыз, ешқандай нәтиже шықпайды.

А.АДАМБЕК, студент.
Алматы қаласы

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз