Осыдан 20 жыл бұрын футболдан Қазақстан жастар құрамасы Нигерияда өткен әлем чемпионатына қатысқан болатын. Бұл тарихи оқиғаны әлі күнге аузымыздың суы құрғағанша айтып жүрміз. Сол құрамадағы ойнаған футболшылардың қай-қайсысы да дарынды еді. Көбісі жоғары деңгейде доп тепті. Кейіннен ұлттық құраманың көшбасшыларына айналды. Арасында жарақаттарына байланысты футболдан алыстап кеткендері де болды.

Енді, міне, араға 20 жыл салып, тағы бір үлкен үміт артатын жастар толқыны келгендей. Әзірге артық бірдеңе айту қиын. Бірақ жігіттердің алғашқы қадамдары қуантады.

Еуро-2021 қайда, қашан өтеді?

Нақтырақ айтқанда, 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы 2021 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі бастапқы екі ойынын сырт алаңда өткізіп, мүмкін болған 6 ұпайды еншіледі.

Алдымен, турнир жайлы сәл ақпарат беріп өтсек. 2021 жылғы Еуропа чемпионатына 1998 жылғы 1 қаңтардан бері қарай туған бозбалалар қатыса алады. Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін Венгрия мен Словения бірігіп өткізеді. Жалпы, саны 16 команда қатысады. Жарыс қожайыны саналатын Венгрия мен Словения іріктеусіз қатысады. Ал қалған Еуропаның 53 жастар құрамасы 14 жолдаманы сарапқа салып жатыр. Олар 9 топқа бөлінген. Әр топтың жеңімпаздары мен екінші орын алғандардың үздігі тікелей жолдама алады. Сондай-ақ екінші орын алған қалған 8 команда өзара жеребе арқылы 4 жолдамаға таласады.

Қазақстан алтыншы топта орналасқан. Біздің топта Испания, Израиль, Македония, Черногория, Фарер аралдары бар.

Бұл топта фаворит – Испания жастары. Пиреней түбегі қашанда талантты футболшыларға бай. 21 жасқа дейінгі құрамасы 4 рет Еуропа чемпионы атанған. Оның ішінде соңғы 8 жылда үш рет финалға шыққан.

Одан кейін Израиль бозбалалары бар. Бұл елдің жастары бір рет, яғни 2007 жылы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде доп тепкен.

Өзге үш команданың ішінде екеуімен жерлестеріміз бір ойыннан өткізіп үлгерді.

 

Екі ойында алты ұпай

Енді Қазақстан жастар құрамасы жеңіспен аяқтаған екі ойынға қысқаша тоқталып өтсек.

Александр Москаленко, Қайрат Нұрдәулетов, Александр Кузнецов бастаған бапкерлер штабының маусым айында жинаған құрамында екі ойыншы басқа чемпионатта ойнайды. Біз айтып отырған әңгіме Еркебұлан Сейдахмет пен Акмаль Бахтияровқа қатысты. Алғашқысы осы күні Болгария чемпионатындағы «Левски» командасында ойнаса, екіншісі Ресейдің «Сочи» командасында доп теуіп жүр. Шетелдің чемпионатында ойнайтын футболшылар біздің тіпті ұлттық құрамада жоқтың қасы. Ал жастар құрамасы үшін екі ойыншының басқа чемпионаттан келуі жоғары жетістік деп бағалауға болады.

Жерлестеріміз алдымен Фарер аралдарының осал тұсын тапты. Тофтир қаласындағы бұл матчта есепті Бахтияров ашты.

Екінші голды үзілістен кейін алаңға шыққан Дмитрий Бачек соқты. Оған нәтижелі пасты шығарып берген – командалас әріптесі Жан-Әли Пайруз.

Кездесудің соңына қарай қарымта шабуылда Фарер аралдары құрамасының ойыншысы Стефан Радосавлевич есеп айырмасын қысқартты. Төреші қосқан қосымша уақытта Дмитрий Бачек берген тамаша пастан кейін Владислав Прокопенко кездесуге нүкте қойды. Қорытынды есеп – 1:3.

Бұдан кейін Черногория күтіп тұрған. Еуропа футболына талай хас таланттарды сыйлаған балтық жағалауындағы елдің жас толқынымен ойнау оңай емес екенін бапкер Москаленко де жақсы түсінді. Оның үстіне Подгорицадағы ойын Қазақстан жастары үшін аса сәтті басталмады. Матчтың 3-ші минутында алаң иелері айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болып, есеп ашты. Сол қанаттан әуелеп келген допқа орталық қорғаушымыз Сағадат Тұрсынбай да секірген. Қарбалас сәтте доп оның басына тиіп, қақпа ішінен бір-ақ шықты.

Екінші таймда бапкерлер штабы тың күшті дер кезінде қосып, жеңісті жұлып алды. Әуелі Еркебұлан Сейдахмет таразы басын теңестірді. Бұдан кейін алаң иелерінен маза кетті. Олар таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударуға асықты. Осы сәтті қазақ жастары тиімді пайдаланды. Матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда Дмитрий Бачектің сол қапталдан асырған добын астаналық Рамазан Кәрімов басымен қақпаға қадап жіберді. Бұл жеңіс голы болатын. Сөйтіп, Қаратаудан үш ұпай олжалап қайттық.

Енді 2021 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы үш айдан кейін жалғасады. 6 қыркүйекте Қазақстан жастары осы топтың фавориті Испаниямен кездеседі.

Құрамада кімдер бар?

Қақпаны 20 жастағы «Тараз» қақпашысы Мұхамеджан Сейсен күзетеді. Одан бөлек қосалқы құрамда Бекхан Шайзада («Ордабасы») мен Данил Устименко («Қайрат») бар.

Қорғанысқа Рауан Орынбасар («Жетісу»), Нұралы Әліп («Қайрат»), Сағадат Тұрсынбай («Ертіс»), Геворг Наджарян («Шахтер») жауапты. Керек кезекте көмектесетін қосалқы құрамда  Талғат Кусяпов («Каспий»), Лев Скворцов («Астана»), Дінмұхаммед Қашкен («Касабланка», Испания), Нияз Шұғаев («Шахтер») отыр.

Жартылай қорғаныста қазақ футболының болашағы саналатын бірнеше ойыншы бар. Мысалы, Акмаль Бахтияров («Сочи», Ресей), Дмитрий Бачек, Жан-Әли Пайруз (екеуі де – «Шахтер»), Адам Адахаджиев («Қайрат»), Сұлтан Сағынаев ойнайды. Одан бөлек, қосалқы құрамда өз кезектерін күтіп отырған Артем Попов («Ертіс»), Гаврил Кан («Тараз»), Сұлтанбек Астановты («Қайрат») есептен шығаруға болмайды.

Шабуыл шебінде негізгі үміт Еркебұлан Сейдахмет («Левски», Болгария) пен Оралхан Өміртаевқа («Шахтер») артылады. Екеуі де ұлттық құрамада ойнап, гол соққан жас таланттар. Ендеше, олар үшін жастар құрамасын алға сүйреу қиынға соға қоймас. Бұл екеуі болмаса, қосалқы құрамда оларды Владислав Прокопенко, Рамазан Кәрімов (екеуі де – «Астана»), Вячеслав Швырев, Артур Шушеначев (екеуі де – «Қайрат») алмастырады. Кәрімов Черногориямен ойында Өміртаевтың орнына шығып, жеңіс голын соқты.

Осы тұста Қарағандының «Шахтер» командасын қалай мақтаса да жарасады. Әсіресе, бас бапкер Николай Костовтың еңбегін айта кетуіміз керек. Болгариялық маманның арқасында Геворг Наджарян, Жан-Әли Пайруз, Оралхан Өміртаевтар негізгі құрамда ойнап жүр. Жастар құрамасының алғашқы екі ойында 6 ұпай еншілеуіне бұлардың сіңірген еңбегі зор.

Болат Есмағамбетов, футбол ардагері:

 Жастар құрамасының 100 проценттік нәтижесі керемет. Бірақ шешім шығаруға әлі асықпайық. Маған қатты ұнағаны, жігіттерде жеңіс философиясы қалыптасқаны. Олар екі ойында да жеңіс үшін алаңға шықты. Нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Бұл жерде бас бапкер Александр Москаленконың еңбегін айта кеткен жөн. Ол өте тәжірибелі маман. Қазір бұл бапкердің қарамағында болашағынан үлкен үміт күттіретін ойыншылар жетерлік. Арасында Сейдахмет, Бахтияров секілді көшбасшылар бар. Бұл жігіттерді ұлттық құрамаға да шақыруға болады.

Жастар сырт алаңда Фарер мен Черногорияның осал тұсын тапты. Бұл Қазақстан үшін керемет старт. Дегенмен іріктеу кезеңі әлі алда. Жастар әр ойынға ерекше құлшыныспен шығып, көбірек ұпай жинау қажет. Қазірдің өзінде Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуға мүмкіндік бар екенін түсіне бастадық. Соны жіберіп алмау керек.

Акмаль Бахтияров, Қазақстан жастар құрамасының жартылай қорғаушысы:

– Осы нәтижеге көңіліміз толады. Әрі қарай ұпай жинап, алдымызға қойылған тапсырманы толық орындауға тырысамыз. Сол кезде элиталық раундқа жолдама алуға болады. Қазақстанның финалдық кезеңде ойнауға мүмкіндігі бар екенін дәлелдедік деп ойлаймын. Біздің команданың жетістікке жетуге үміті зор. Ойындар әлі де көп. Ең бастысы, босаңдық танытпай, алдағы кездесулерге дұрыстап дайындалу қажет. Дәл қазір эйфория ұстаудың керегі жоқ. Қазақстан жастар құрамасы әлі де өздерің көрсететін болады. Біз тек елде ғана емес, шетелде де өзімізді дәлелдейтін боламыз.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз