Mercury Cachalot есімді жас əншінің репертуарымен кездейсоқ таныстым. Атына қарап шетелдік əнші шығар деп ойлап қалдыңдар ма? Шындығында, мұндай шығармашылық лақап аттың артында Мерей Отан есімді қазақ қызы тұр. «Үндеме», «Көктем», «Келін», «Темекі», «Ертеде», «Азап». Отандық жас əншінің əндері осылай аталады. Ол əннің əуенін де, мəтінін де өзі жазады. Орындаушы да өзі. Бірнеше аспапта еркін ойнай алады. Мерейдің əндерінің барлығы қазақ тілінде. Əндерінің стилі, орындалу мəнері де ерекше. Адамды жалықтырмайды. Оның шығармашылығымен танысқан кез келген адам осы пікірмен келісері анық.

Жас əнші өнер арқылы танымал болуға, табысты болуға талпынбайды. Ол музыканы əлеуметтік құбылыс ретінде зерттегісі келеді екен. Бакалаврды журналистика мамандығы бойынша тəмамдап, Назарбаев университетінің Еуразиялық зерттеулер мамандығына магистратураға түскен. Магистрлік диссертациясын «Қазақстандағы заманауи музыкадағы ұлттық бірегейлік пен түпнұсқалық» тақырыбында қорғапты. Жақында Мерей Отанмен өнердегі заманауи құбылыстар, шығармашылығы туралы əңгімелескен едік.

Мерей Отан: 1994 жылы 7 маусымда бұрынғы Ақмола, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында өмірге келдім. Ата-анамның туған жері Семей жəне Жамбыл өлкесі. Өзімнен үлкен əпкем бар. Əулетімізде өнермен кəсіби түрде айналысатын ешкім жоқ. Туыстарымның көпшілігі музыкаға қызығады. «Əу» демейтін қазақ жоқ қой.

Ұлан: Өнерге қызығушылығың қашан, қалай басталды?

Мерей Отан: Өнерге қызығушылығым жасөспірім кезде басталды. Бөлелерім гитара мен фортепианода ойнайтын. Соларға қарап мен де музыкалық аспаптарда ойнауды үйрене бастадым.

Ұлан: Сені Mercury Cachalot деген есіммен таныдым. Алғашында шетелдік əнші екен деп қалдым. Лақап атыңды кім таңдады, сыры неде?

Мерей Отан: Осындай есім таңдау – өзімнің идеям. Аса бір ерекше оқиғасы жоқ. Меркурий Мерей деген есіміме ұқсайды. Əпкем кішкентай кезімде мені еркелетіп «кашалот» деп атайтын. Сол екі сөздің сəйкестігі маған ұнап, оны өзімнің лақап атым ретінде қалдыруды ұйғардым. Өте сəтті шыққан сияқты.

Ұлан: Кəсіби музыкалық білімің бар ма? Қандай мамандықта, қай оқу орнында білім алдың?

Мерей Отан: Бакалаврды журналистика мамандығы бойынша оқыдым. Магистратураны Назарбаев университетінде Еуразиялық зерттеулер мамандығы бойынша оқыдым. Биыл магистр атанып отырмын.

Ұлан: Еуразиялық зерттеулер мамандығы? Сонда қандай зерттеу жасадың?

Мерей Отан: Магистрлік диссертациямның тақырыбы өнермен байланысты. Нақтырақ айтсам, «Қазақстандағы заманауи музыкадағы ұлттық бірегейлік пен түпнұсқалық» деп аталады. Менің ойымша, біздің музыкадағы жаңалықтар мен өзгеше əуендер, қазақ тілінде туып жатқан заманауи əндер қоғамдағы өзгерістердің көрсеткіші. Сондықтан заманауи музыканың əлеуметтік маңызын зерттеу қоғамды тереңірек түсінуге жол береді.

Ұлан: Əндердің түпнұсқалығы туралы зерттедім дедің. Еліміздегі музыканың түпнұсқалығын қалай бағалайсың?

Мерей Отан: Эстрадалық əндерді айналып өтейін. Қазақ музыкасы жоғары сапалы, ерекше музыкамен толығып келеді. Бұл да заманның дамуына байланысты. Меніңше, біздің еліміздегі өнер саласының болашағы зор.

Ұлан: Əндердің композиторы да, мəтінінің авторы да, орындаушысы да – өзің. Басқа мамандармен жұмыс істеп көрмедің бе? Əлде, шығармашылықтағы жалғыздық ұнай ма?

Мерей Отан: Иə, əндерімді толықтай өзім жазып, шығарып, өзім орындаймын. Басқа мамандармен жұмыс істеп көрмеппін. Мен үшін жалғыздық –шығармашылық еркіндік. Сенің жаныңнан туған əнді дəл сендей ешкім түсіне алмайды. Тыңдарманға жеткізе алуы да неғайбыл.

Ұлан: Əндерің отандық басқа орындаушылардан ерекше. Кімге еліктейсің? Стилің қалай қалыптасты?

Мерей Отан: Менің əндерім ішкі жандүниемнің, сезімім мен ойымның шығармашылық көрінісі. Əр адам өзгеше дара жаралған, өлеңдерімнің өзгешелігі де содан деп ойлаймын. Ешкімге еліктемеймін.

Ұлан: Өнерге келген жастар арасында жылдам танымал болуға деген құштарлық байқалады. Бұл үрдіске көзқарасың қандай?

Мерей Отан: Менің ойымша, əр адамның өз таңдауы болады. Егер өнер арқылы танымал болғысы келетіндер болса, бола берсін. Өнерді зерттегісі келетіндер ғалым болсын. Бəрі өз уақытымен болатын нəрсе. Қазір біреудің ісін біреу сынайтын заман емес сияқты.

Ұлан: Кез келген əнші альбом шығаруды, жеке əн кешін өткізуді армандайды. Сенің жоспарыңда осындай мақсат бар ма?

Мерей Отан: Мен үшін музыка ішкі сезімімді сыртқа шығарудың амалы. Əн жазу, əн айту мен үшін эмоционалдық қажеттілік. Сондықтан альбом шығару немесе хит əн жазу маңызды болған емес. Əрине, тыңдармандар табылып, өлеңдерім біреуге ұнап жатса, қуанамын. Бірақ, біреудің қошеметі мен берілетін атақ үшін жұмыс істеу менікі емес.

Ұлан: Сонда арман-мақсатың қандай?

Мерей Отан: Ғылыми жұмысым мен шығармашылығымды қатар алып жүру. Бақытты отбасының мүшесі болу. Кез келген адам армандайтын қарапайым бақытты ғана тілеймін.

P.S. Бізге музыка, өнер адамы, əнші, əртіс, «жұлдыз» дегенде эстрадада əн шырқайтын, жылтырақ көйлек киген, халықтың қошеметіне ие болған адамның бейнесі ғана елестейді. Ал ұлттық музыканы ғылым ретінде зерттеп жүрген
Мерей Отан сияқты жас ғалымдардың өнері де, зерттеуі де жоғары бағаға лайық. Мереймен журналистер күні мерекесі қарсаңында əңгімелестік. Əңгімеден соң журналистер арасында да «жұлдыздар» емес, зерттеушілер көбейсе екен, мүмкін мен де əлеуметтік ғылымды зерттеумен айналысармын деген ойға қалдым.

Əңгімелескен Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз