Бірде университетте жарыс болды. Группаласым Жəмилə да құрбыларымен бірге қолға алған жобаны таныстырды. Олар балалар үйіндегі балалардың салған суреттері мен жасаған бұйымдарын саудаға шығарып, одан түскен қаржыны балалар үйіне аударып отырады екен.

Ал қазір балалардың салған суреттерін футболкаларға басуды да қолға алыпты. Осы керемет жобаның негізгі ұйымдастырушысы Ұлдана Ағабаева екен. Ұлданамен танысып, бірнеше сауал қойдық.

– Біздің жобамыз «Sábi art» деп аталады. Мұқтаж жандарға тұрақты көмек көрсетеміз. Жобаны бастамай тұрып алдымызға бірнеше мақсат қойдық. Ең бірінші кезекте балалар үйіне, одан кейін ауруханада ем алып жатқан бүлдіршіндерге жəне жағдайы төмен көпбалалы аналарға көмектесуді ойладық.

Мектепте оқып жүргенімде-ақ осындай жобалар жасағым келетін. Идеямды құрбым Жəмилəға айтып едім, бірден келісті. Екеуміз де студентпіз. Жобаның алғашқы қадамын екеуміз ғана атқарып, ат қойып, мақсат пен міндетті айқындап алдық. Ал балалар үйіне немесе ауруханаларға қаладан, мектептерден еріктілерді жинап барамыз. Мені қатарластарымның арасында мейірімді, қайырымды адамдардың бар екені қуантады.

– Жоба басқа қалалар мен аудандарда жалғасын таба ма?

– Қазір тек Алматы қаласындамыз. Қыркүйек айынан бастап астанамызда жалғастырмақ ниеттеміз. Мақсатымыз балалар үйіне барып, тек концерт қойып қайту емес, оларға тұрақты түрде қолдау көрсетіп, өмірден өз орындарын табуға жол ашу. Бұл жоба тек бір қаланың меншігі болып қалмаса деген тілегіміз бар.

Жоба барысында көп қиындық көрдім деп айта алмаймын. Біздің халық өте мейірбан. Балалар үйіне баруға ақша жинай бастасақ, тез арада жинала қалады. Біздікі –мойынға алған міндетті жауапкершілікпен атқару.

Қазірше Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйімен байланысты үзбеуді мақсат етіп қойып отырмыз. Басқа да балалар үйіне, ауруханаларға көмектесеміз. Таяуда онкология орталығында кішігірім концерт қоймақпыз.

– Бұл жоба оқу үлгерімдеріңізге зиянын тигізбей ме?

– Студенттерде бос уақыт көп қой. Мұндай жобаларға қатысу студенттердің сабақ үлгеріміне еш зиянын тигізбейді, керісінше, дамуына пайда деп ойлаймын. Шараларды сенбі немесе жексенбі күндері өткізуге тырысамыз. Демалыс күндері балалар да, біз де бос боламыз, əрі балалардың бір демалыс күнін естен кетпестей қылып өткізсек дейміз.

Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ,
ҚазҰУ студенті

Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз