Ұзын бойлы, арықша келген, қолаң шашты, бота көзді бойжеткеннің есімі –Жұлдыз. Айналасындағы адамдармен жақсы қарым-қатынас жасайтын, еңбекқор жан. Бала кезінен ата-əжесінің қолында өскендіктен, ата-анасына аса жақын емес еді. Анасымен əңгімесі аман-саулықтан аспайтын. Онда да екі аптада бір рет қана хабарласатын.

Көзді-ашып жұмғанша университетті де бітірді. Магистратураға түсті. Сабақтары бұрынғыдан қиындай түсті. Жұмыс істеп жүріп, емтиханнан құлап қалды. Ол аздай, ұялы телефонын да жоғалтып алды. Бəрінен шаршай бастағандай бір күй кешті. Жүрегінде де тыныштық жоқ. Өз-өзінен жылай беретінді шығарды…

Германияға барып, демалып қайтты. Демалысы ойдағыдай өтсе де, кереметтей бір əсер ала алмады. Германиядан келген соң, кенеттен ауыра бастады. Жиі жөтелетін болды жəне денесін əркез əлсіздік басып тұратынды шығарды. Ентігіп қалғанымен қоймай, түнде ұйықтай алмайтынды шығарды. Басының ауыруы да жиілеп, құлап қалуы қалыпты жағдайға айналды. Сөйтіп жүргенде бір күні группаластарымен бірге флюорографияға түсті. Нəтижесі ойдағыдай болмай шықты. Компьютерлік томографияға түсті. Дəрігердің парақтың астыңғы жағына «онкологтың кеңесі керек» деп жазып бергеніне назар аудара қойған жоқ. Оның үстіне, бұрын-соңды онколог дегенді білмегендіктен де, маңызы бар дүние деп қабылдамады. Бір күні анасы хабарласып, Алматыға келетінін жəне екеуі бірге дəрігерге барып қаралатынын айтып ескертті. Анасы, артынан сіңлісі де келіп жетті. Үшеуі Жұлдыздың бір ай бойы жинаған қағазын жинастырып, онколог дəрігерге барып көрінді. Дəрігер: «Жұлдыз, сен өмір сүріп кетесің, бəрі жақсы болады», – деп айтқан кезде де еш нəрседен хабарсыз бойжеткен не болғанын мүлде түсінген жоқ. Осы кезде ғана айналасындағылардың Жұлдыздан бір нəрсені жасырын ұстағаны сезіле бастады.

Екі аптаның ішінде операцияға дайындықты бастап кетті. Екі аптаның ішінде əжесі, туыс-туғандары жиналды. Жұлдыздың жағдайы нашарлап, жүдеп, уайымға салына бастады. Онкология орталығында неше түрлі ауыр жағдайдағы адамдарды көрді. «Мен неге мұндай жердемін, неге осылай болып жатыр?» деген түрлі ой мазалай бастады. Барлық өмірін ой елегінен өткізіп, салмақтап, АНАсынан кешірім сұрады…

«Алла маған тағы өмір берсе, ата-анаммен жақсы болушы едім, оларды ренжітпеуші едім…» деп тіледі. Сөйтіп, тоғыз сағаттық операциядан шықты. Операция күрделі болды. Екінші күні палатаға ауысты. Бір айдай сарғайып сол жерде жатты. Сонда да жігерін жасытпады, жақсы көңіл-күйде болды. Күннен-күнге жақсарып келе жатқанын сезінді. Бір айдан соң шығып, шексіз қуанышқа бөленді. Ауруханадан шыққан соң Қызылордаға барып, бір ай демалды. Бір айдан соң анализдерінің кейбірі жақсы емес болып шықты, аурудың таралуы мүмкін екені белгілі болды. Ісікті алғанмен, басқа жерден шығуы мүмкін екен. Содан кейін де анасы нақты анализді қызына айта алмады. Бірақ Жұлдыз бəрін іштей білді…

Қайтадан Алматыға келді. Химия терапия қабылдайтын болды. Химиядан кейін үш күннен соң шашы түсіп, кірпік-қасы да азайып кетті. Қатты қиналды. Айналасындағылардың бəрі өліп қалатын шығар деп ойлады. Себебі ол тамақ түгілі, су да ішпеді. Дəл сол уақытта мамасы намаз оқуды бастап, дұға тілеп, Жұлдызға қатты қолдау білдірді. Екінші химия нəтижелі болды. Жұлдыз себепсізден-себепсіз жата беретін еді. Кенет бір күш пайда болды. Тіріле бастады. Жаймен жүріп, түнімен құлшылық жасады. Бұл күшті сыйлаған анасының махаббаты мен қолдауы болатын. Өміріне мəн берген жан да сол еді.

Күле бастады, қасындағы адамдармен де жақсы сөйлесе бастады. Содан кейін анализдерінің бəрі жақсарды. Достарын шақырып, бірге қыдырып, жақсы жерлерге тамақтануға барып тұратын болды. Өмірге құлшынысы арта түсті. Үшінші химиядан соң анализдерінің бəрі жақсы шықты. Ал алты айдан кейін тексерілгенде, қатерлі ісік жоқ болып шықты.

Осы бір өмірлік оқиғадан соң, Жұлдыздың анасына деген құрметі мен махаббаты артты. Бұл оның өміріндегі бағасы жоқ сабақ болды. Бағалауды жəне өмір үшін күресуді үйренді.

Аружан ДІНСЛЯМОВА,
СДУ студенті

Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз