Голливудтық фильмдер адамды өзіндік экшнмен баурап алса, Қытай тарапынан келген кинофильмдер легінен шығыстық леп есетін. Оларда суреттелетін төбелестің өзі белгілі бір тәртіппен құрылып, голливудтікіндей көше төбелесінен мүлдем бөлек көрінетін-ді. Осы қытайлық фильмдер арқылы біз адам денесіндегі нүктелер жайында біле бастадық. Негізгі қаһарман қарсыласының белгілі бір нүктесіне ине тығып қоюы арқылы жеңіске жетеді. Бірақ бұл біздің халық үшін мифтік дүние секілді көрінетін. Жәй кино сұлулығы үшін ойлап табылған «ғылым» секілді елестейтін.

Елімізде ашыла бастаған қытай медицина орталықтары инемен емдеу әдісін кеңінен таратып, насихаттай бастады. Бұл әдіс ғылым тілінде – акупунктура деп аталады. Ол б.з.д. 3000 жыл бұрын пайда болған. Заманында тек патшаларға арналған емдеу әдісі бүгінде барша халыққа қолжетімді. Сонымен қатар акупунктураның түрі де көбейіп, сан тарамға бөлініп кетті. Солардың ішіндегі бірі –акупрессура деп аталады. Біз акупунктура ғылымының ішіндегі осы саласы жөнінде сөз етеміз.

Әлемдік өркениетте «ауруды ақшаға айналдыру» деген термин кездеседі. Мұның астарында дәрі-дәрмек бизнесі жатыр. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұл бизнес тұйық шеңбер іспетті.

Адам ауырады. Дәрі сатып алады. Ол дәрі адамның ауырған жерін емдей жүріп келесі бір ағзасына зиянын тигізеді. Сол зиян тиген ағзасын емдеу мақсатында адам өзге дәрі сатып алады. Ол тиісінше тағы өзге мүшеге ауру әкеледі. Тұйық шеңбер осылай кете береді. Шегі жоқ. Міне, осы әлемдік бизнеске қарсы қояр күш ретінде ғалымдар бірқатар дәрі-дәрмексіз емделу жолын ұсынады. Оның қатарында біз сөз етіп отырған акупунктура, оның бір саласы саналатын акупрессура да бар.

Акупрессура – адам дене-сіндегі белгілі бір нүктелерді басып, оларға массаж жасау арқылы науқасты дертінен айықтыратын емдеудің түрі. Яғни, медицина тілімен айтқанда, акупунктура мен массаждың қосындынан шыққан емдеу әдісі болып саналады. Бұдан ары біздің бұл саладағы біліміміз таяз тарта береді. Сондықтан «DAUALINE» массажбен сауықтыру орталығының мамандары Шапиықұлы Ұлықпан, Пазыл Гүлзадамен сұхбат құруды ұйғардық. Елімізге акупрессура, яғни нүктелі массажбен емдеу әдісін
алғашқылардың қатарында алып келген мамандар – осылар.

«DAUALINE» массаж сауықтыру орталығына кіргеннен-ақ өзімізге таныс емес, жағымды иіс сезген едік. Алғашында жауыннан соңғы киікотының иісі секілді сезілген.
Шапиықұлы Ұлықпан ағамыз бен Пазыл Гүлзада әпкеміз ерлі-зайыпты кісілер болып шықты. Екеуі қатар отырып біз қойған сұрақтарға кезектесіп жауап беріп отыр. Бірақ, екі маманның сөзі бір-бірін толықтырушы екенін ескере отырып, бір адамның сөзіндей етіп жазуға тырыстық.

– «Нүктелі массаж» деген терминді сіздердің орталықтарыңыз арқылы алғаш естідік. Адам денесіндегі маңызды нүктелерді тітіркендіру арқылы емдейтін әдістеріңіз турасында да біршама оқыдық. Ол туралы кейінірек. Маған қызығы, адам денесіндегі ғажайып нүкте дегеніміз не?

– Адам тұтасымен энергиядан тұрады. Тіпті әлем үлкен жарылыс әсерінен энергиядан пайда болғанын білеміз. Адам ағзасындағы энергия қан тамырлары арқылы емес, өзіндік арналары арқылы таралады десек, сол арнаның бойында нүктелер кездеседі. Ол нүктелерді қытай тілінен тікілей айырып-қосқыш деп аударуға болады. Жарықты жағып-сөндіретін қарапайым айырып-қосқыштар секілді бұл нүктелер де адам бойындағы энергияның тасымалдануына жауап береді. Әр нүкте әртүрлі адам мүшесіне энергия тасымалдауға жауапты. Осы нүктелер, арналар суықтың, ауырлық әсерінен жабылып қалып жатады. Біздің мақсат – сол жабылып қалған нүктелерді массаж арқылы ашып, адам ағзасындағы энергия және зат алмасуды қалпына келтіру.

Әр нүкте адамның әртүрлі мүшесіне жауапты. Біз сол нүктелерді бірдей салмақта басып көріп, емделушіден оның қаншалықты ауыратынын сұраймыз. Неғұрлым қатты ауырған сайын сол нүкте жауап беретін мүше ауырады деген сөз. Сонда біз адамның ауруын өзіне анықтатамыз. Олар кейде өз науқастарының дәл медициналық қорытынды-лармен сәйкес шыққанына таңғалады.

Бұл бізге белгілі медицина тілінде диагноз қою деп аталады. Ары қарай біз сол нүктелерге күнделікті массаж жасап, адамның бүкіл ағзасын қуалап шығамыз.

– Мұның тарихы қайда, қай ғасырларда жатыр?

– Дәл нүктелі массаждың пайда болғанына 20 жыл тол-ған жоқ. Бірақ, қытай тілінен тікелей аударып айтсақ, өмір нүктелерінің белгілі болғанына 5000 жылдан асып кеткен. Бұл нүктелер ХХІ ғасырға дейін инемен емдеуге пайдаланылып келді.

Нүктелі массаждың негізгі авторы – Жань Жау Кхань атты қытайлық емші. Ол ертеден
белгілі нүктелердің пайдалылы-ғын кездейсоқ байқаған. 2001 жылы дәрігердің әйелі ісік ауруымен ауырып, екі дүниенің ортасында қалады. Жань Жау Кхань тамыр ұстап, шөп дәрілермен емдейтін атақты емші болған. Әйеліне бүкіл өзі білетін емді қолданып, күнделікті массаж жасап отырады. Күндердің күнінде әйелінің арқасындағы бір нүктені уқалаған сайын оның жаны тынышталатынын байқаған. Бұл құбылысқа таңғалған емші ескі қытай медицинасындағы нүктелерді зерттей жүріп, жарының денесіндегі сол нүктелерге массаж жасауын жалғастыра береді. Нәтижесі адам сенгісіз. Әйелі ісік ауруынан құлан таза жазылып шығады. Жань Жау Кхань осы тәжірибесін өзіне емделуге келген барлық науқасқа қолданып, адам денесінен жаңа нүктелер таба бастайды. Бірақ, адамның бәріне бірдей әсер ететін нүктелі массаждың қартайған адамдарға әсері болмай жатқаны оның негізгі идеясын күл-талқан етудің сәл-ақ алдында тұрды. Ол мұның барлығын зерттей келіп, қартайған адамдардың ағзасында жылудың аз болатынын байқаған. Сондықтан ол бірінші кезекте емделушілерін қызыл бұршақтан жасалған жастықтармен жылытып алып, сосын емдеу процесіне кірісетін болды. Сонымен қатар ол зімбір шәйін ішкізу арқылы ішкі температураны да көтеруге болатынын негізге ала отырып, массаждан бұрын емделушілеріне осы шәйді ішкізетін болған. Бүкіл процесс осы ғана.

Ерлі-зайыпты кісілер әңгімесін аяқтап болып, маған сөз болып отырған зімбір шәйін ұсынды. Мана кірген кездегі иіс осы шәйдің иісі екен.

– Бұл емдеудің түрінің ғылыми негізі қалыптасты ма?

– Әрине. Нүктелі массаж арқылы сауықтыру бүгінгі күні қытайдағы үшінші медицина деңгейіне көтерілген. Рак, диабет секілді бүгінгі күні емі табылуы қиын аурулардың барлығына осы массаждың әсері күшті. Әлемдік тәжірибеде осындай ауыр жағдайдағы аурулардың емделуі жөнінде көптеген факті тіркелген.

Қытайлар бұл массажды «өмір нүктесі» деп атайды. Біз қазақ қоғамына ыңғайлап «ғажайып массаж» деп атадық. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі ресми медицина аурудың салдарымен ғана күресуге қауқарлы. Мысалы, қатерлі ісік кезінде ісікті кесіп немесе күйдіріп тастаудан өзге ештеңе істемейді. Оны түпкілікті емдеуді мүмкін емес деп таниды. Ал бұл массаж аурудың түпкілікті негізімен күресуге арналған. Бүкіл ағзаны тазалап, зат алмасуды қалпына келтіріп, иммунитеті көтерілген адамға медициналық көмектің қажеті шамалы. Өйткені оның ағзасы аурумен енді өзі-ақ күресуге қауқарлы. Біздің емдеу әдіснің, «ғажайып массаждың» артықшылығы да осында.

Сонымен қатар, жоғарыда көрсеткендей әдіспен біз адамның ауруын нүктелер арқылы анықтап алып, тек сол нүктелерді ғана емес, бүкіл адам ағзасындағы нүктелерге массаж жасау арқылы кешенді түрде ем жасаймыз. Яғни адам бүкіл ағзасындағы энергия алмасу арналарын ашу арқылы өз бойынан жеңілдік сезінеді. Тіпті бұл әдіс арқылы жануар-ларды да емдеуге болады екен. Адам денесіндегідей ғажайып нүктелер олардың да бойынан табылып жатыр.

– Бұл жолға қалай келдіңіздер?

Осы тұста ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өз жолдарын айта бастады. Пазыл Гүлзада әпкеміз:

– Мен өмірімде арманымды үш рет ауыстырдым. Бала кезімде дүкенші болуды арман-даған едім. Өйткені барлық балалар секілді мен де тәттіні жақсы көрдім. Ал тәтті дүкенде ғана бар.

Екінші, кітап оқуға қызыға жүріп кітапханашы болуды арман еттім. Өзімнің бүкіл кітабымды оқып тастап, кітапханаларға баратын едім. Ал ондағы кітапханашылар кішкентайлығыма қарап, көп кітаптарды бермей қоятын. Сол кезде кітапханашы деген дүниенің байлығы қолында тұрған адамдай көрінуші еді.

Соңыра ес біліп, оң-солымды тани бастағаннан дәрігерлікке ойыстым. Бұл арманым барлы-ғына түсінікті шығар. Тіпті кейбір адамдармен бұл арманымның себебі де сәйкес келетін болу керек. Бала жаста отбасыңнан нендей кемшілік көрсең, өсе келе соны толықтырғың келетін әдет барлық адамда бар ғой. Әкем ауырып отырушы еді. Демікпесі болатын. Әкені емдеуді армандай жүріп, дәрігерлік мақсатқа айналып кетті. Бірақ балалық алаңғасарлығымның кесірінен мамандығымды жазған кезде қателесіп, нәтижесінде мал дәрігерлік оқуды тәмамдадым.

Қытайда жазылған мамандығыңды өзгерте салу қиын іс болатын. Кейіннен елге келіп, мектепте мұғалімдік қызмет атқара жүрсем де, балалық арманым ойымнан шықпай қойды.

Ақыры осы массаждың түрін естідім. Қызығып барып оқыдым. Жақсылығына көзім жетті. Мұғалімдікті тастап, медицина факультетіне түсіп, қосымша массаждың курстарын алып жүріп, осы кәсіпті бастап кеткен жайым бар.

Ұлықпан аға жарының сөзін тыңдап болып:

– Басым көп ауыратын. Қаланың шуы, стресс – бәрі қосылып басымның күнделікті ауруына алып келді. Бір күні Гүлзада отырғызып қойып, үйреніп жүрген массажын жасады. Қанша дәрі ішкенде жарты сағатсыз басылмайтын ауруымның бір демде басыл-
ғанына қайран қалған мен: «Маған да үйрет. Осымен түпкілікті айналысайық», – деп
бастап кеттік. Айналысқанымызға 2 жылдан асты. Алды-мыздан бірінші тәңірінің, екінші осы массаждың әсерінен қаншама адам жазылып кетіп жатыр. Шүкір дейміз.

– Жалпы, массаж қандай ауру түрлеріне бағытталған?

– Адам ағзасындағы барлық дертке ем деп айтуға толық негіз бар. Қатерлі ісік, қант диабеті секілді созылмалы ауыр науқастарға дейін ем болатынын жоғарыда айтып өттік қой. Сонымен қатар адамдардың зиянды тұрмыс әдеттерінен пайда болатын ауруларға да таптырмас ем.

Мысалы, бүгінгі таңда салқындатқыштан адамдар көп зардап шегіп жатыр. Жаз айларында кеңселерде, автокөліктерде үздіксіз қосылып тұратын салқындатқыш тыныс алу жолдарынан бастап, буын аурула-рына дейін апарып соқтырады. Өйткені суық жел адамның сүйегінен өтіп, тазаланбаған фильтрден соғып тұратын лас ауа өкпесін зақымдайды. Біздің массаж осы ауруларға таптырмас ем болады.

Автокөліктердің жаз айларында көбіне терезесін ашып жүру де жүргізушінің науқастануына алып келеді. Кеңсе жұмысшыларының қимылсыз күн тәртібі, күнұзақ мониторға телміріп отырып бүкір тарта бастауы секілді күнделікті қалыптасқан әдеттерден болған аурулардың барлығына бұл массаж бірден-бір ем.

Бүгінде үлкен проблемаға айналып келе жатқан простатит, яғни қуық безінің қабынуы секілді аурулар да нүктелі массаждың әсерінен жазылады. Бұл массажды жасату жүрек талмасын алу мүмкіндігін азайтып, тіпті аллергиядан айықтырады.

Қазақстанның біршама аймағын аралай жүріп батыс және Оңтүстік Қазақстан халқының біраз бөлігі қан қысымының жоғарылауынан қиындық көретінін байқаған едік. Бұл ауытқудың да теориялық және тәжірибелік тұрғыдан массаж арқылы толықтай жазылатынын дәлелдедік.

Жарық, созылмалы жөтел, асқазан жарасы секілді аурулардың да массаж арқылы жазылғанын көзіміз көрді. Жалғастыра берсек, әрбір науқастың қалай айыққанын
айтып беруге болады. Өйткені олардың барлығының қуанышы көз алдымызда. Тіпті кейбіреулері біздің дамуымызға өз септігін тигізген болатын. Олардың массаж кезінде сезінген сезімдері арқылы біз де өз өзімізге жаңалық ашып келеміз. Нық сеніммен айтуға болады, біздің ұстазымыз – науқастың өзі.

– Иә, жалғастыра берсек, ұзаққа созылар түріміз бар. Әңгімелеріңізге рақмет! Істеріңізге сәттілік тілеймін!

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз