2018 жылдың қаңтар айының аяғында We Are Social медиа агенттігі жəне əлеуметтік желілерді басқару платформасын əзірлеуші HootSuite əлем бойынша 4 миллиардтан астам адам интернетті пайдаланатынын хабарлады. Бұл – əлем халқының 53%-ы.

Интернет, əлеуметтік желі көп адамның өмірінің маңызды бөлігіне айналды деуге болады. Онда түрлі ақпарат, ыңғайлы қызмет пен көңіл көтеретін ойын-сауық бар. Бірақ интернеттің қаупі де жоқ емес. Жақында осы тақырыпта медиа оқытушы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медиа жəне дата зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбаймен əңгімелескен едік. Ол бізге интернетті қалай қауіпсіз қолдануға болатынын айтып берді.

– Əлеуметтік желіге қандай мəліметті енгізуге болмайды? Қай кезде өзіміз туралы мəлімет бізге қарсы қолданылуы мүмкін?

– Туған күн, мекенжай сияқты жеке басқа қатысты деректерді интернетке жарияламаған дұрыс. Сонымен бірге жеке куəлікті, банк картасын фотоға түсіріп, интернетке салуға болмайды. Өйткені алаяқтар мұндай мəліметтерді пайдаланып, атыңыздан құжат жасатады немесе банк картаңыздағы мəліметті пайдаланып, интернет арқылы төлем жасауы мүмкін. Ресми мекемелерге хабарласып, тіпті, коммерциялық ұйымдардан несие алуы да ғажап емес. Сол себепті жеке басыңызға қатысты кез келген ақпаратты интернетке жарияламас бұрын жақсылап ойланған жөн.

– Интернетте алаяқтықтың қандай түрі жиі болады?

– Қазір интернет арқылы сауда жасап, конкурс ұйымдастыратындар, үйде отырып, ақша табуға үгіттейтіндер көбейіп кетті. Сонымен бірге Қазақстанда желі арқылы адамның сеніміне кіріп, қарызға ақша сұрау фактілері де жиі кездесіп жатады. Сол себепті өмірде де, интернетте де сақ болған жөн. Қазір алаяқтар мен теріс пиғылды адамдардың арбауына түсіп қалмау үшін əр ақпаратты тексеріп, анықтап алу маңызды.

– Қай жерде жүргенін фотоға немесе видеоға түсіріп, əлеуметтік желіге үздіксіз салып отыратындар бар. Мұндай əрекет қаншалықты қауіпті?

– Интернетке қосылуға мүмкіндік беретін құрылғының көбінде геолокация қызметі бар. Бұл қызмет арқылы сіздің қай жерде жүргеніңізді смартфоннан көруге болады. Үйіңізді, жұмысыңызды немесе қай жерде қыдырып жүргеніңізді интернетте «жарнамалау» арқылы өзіңіз опық жеуіңіз мүмкін. Өйткені өзге адамға мекен-жайыңызды, үйде немесе жұмыс орныңызда қандай құнды заттың бар екенін өзіңіз беріп отырсыз. Елімізде дəл қазір қылмыстың мұндай түрі көп болмаса да, болашақта көбеюі мүмкін. Сондықтан оның алдын алу қажет. Интернет тілінде мұны «цифрлы гигиена» деп атайды. Тісіміздің ауырмауы үшін оны күніне екі-үш рет жуамыз, сол сияқты интернетте де мұқият болу керек.

– Баланың фотосын немесе видеосын əлеуметтік желіге салатын ата-ана туралы не айтасыз?

– Əр ата-ана баланың жауапкершілігін өз мойнына алады. Олар балаға кішкентай кезден тұлға деп қарауы керек. Сондықтан оның фотосуретін баланың өзі ер жетіп, келісімін бермейінше əлеуметтік желіге жарияламағаны дұрыс. Өйткені бала мектепте немесе жоғары оқу орнында оқығанда сыныптастары жəне достары оның бұрынғы фотосын тауып, мазақтауы мүмкін. Бұдан бала психологиялық соққы алуы да ғажап емес. Балаңыз болашақта ел танитын тұлғаға айналғанда оның кішкентай кездегі «бейкүнə» фотосы өзіне қарсы қолданылуы мүмкін. Американың қырық төртінші президенті Барак Обаманың басынан дəл осындай жағдай өткен.

– Ал интернетте танымайтын адаммен дос болғанда нені ескеру қажет?

– Бөтен адаммен интернетте дос болудың керегі жоқ. Егер сізге таныс емес адам достық ұсынып жатса, ол туралы барлық ақпаратты тексеріп алыңыз. Қай кезде интернетке тіркелді, қандай пост жариялайды, кімдерге комментарий жазады, басқа əлеуметтік желіде бар ма – бəрін анықтаңыз. Оның фотосуреттерін көріп, фейк емес екеніне көз жеткізіңіз. Өйткені ниеті жаман адамдар интернет арқылы баланың, тіпті, үлкендердің сеніміне кіріп, түрлі арам ойын іске асыруы мүмкін. Сондықтан бөтен адам сізге достық ұсынғанда оның сізбен не үшін достасқысы келіп тұрғанын біліп алыңыз. Егер ол адаммен дос болған соң өміріңізде ешқандай өзгеріс болмайтынын білсеңіз, оны достыққа қосудың керегі де жоқ.

– Балалар мен жасөспірімдер əлеуметтік желіні пайдаланғанда қандай ережені білуі керек?

– Əлеуметтік желіге тіркелмей тұрып əуелі ата-анасына немесе жақын туыстарына міндетті түрде ескерткені жөн. Өйткені қазір технология дамыған сайын одан келетін қауіп те көбейіп келеді. Содан соң əлеуметтік желіде жеке парақша ашқанда оның құпия сөзін дұрыс қою керек. Жеке басқа қатысты деректерді ашық жарияламаған жөн. Сонымен бірге əлеуметтік желіде біреудің ар-намысына тиетін пікір жазуға болмайды. Өйткені ұлттық, нəсілдік, діни алауыздық тудыратын пікір жазғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Интернетті тек белгілі бір уақыт аралығында пайдаланған дұрыс. Сонымен бірге əлеуметтік желіде кез келген аккаунтқа жазылмаған жөн. Егер олардың жариялаған жазбалары ұнамаса, дер кезінде өшіріп тастау керек.

– Əңгімеңізге рақмет!

Мейірман ІЛЕС

Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз