Қасымжан Жұбай – ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинаған түлек. Ол Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Жаскешу ауылындағы №37 Б.Майлин атындағы орта мектептің түлегі.

Қасымжанның ерлігін естігенде, «Барлық сұраққа қалай дұрыс жауап берген?» деген боларсыңдар. Иə, біз де солай ойладық. Аты жер жарған əйгілі мектепте де оқымайды, ауылдағы орта мектептің оқушысы… Жақсы оқудың құпиясын білмек боп, Қасымжанның үйіне қоңырау соқтық. Тұтқаны анасы Венера апай көтерді. Озат оқушы нағашысымен қалаға қыдырып кеткен екен…

Ұлан: Балаңыз ҰБТ-ға дайындықты қай кезде бастады?

Анасы Венера: Дайындықты 9-сыныптан бастадық. Ұйқыдан таңғы 5-те тұрып, 7.30-ға дейін кітап оқиды. Жаттығу жасап, таңғы ас ішіп, сабағына барады. Бала күнінен зерек. Жүрісі, киім киісі тап-таза. Сабақтан келгенде киімін шешіп, сабағын оқып, ойынға содан кейін ғана шығатын. 9 жасқа келгенде əкесі қайтыс болды. Содан болар, ерте есейді. Өзінен кейін інісі бар. Өзім тарих пəнінің мұғалімімін. Қасымжанға 5-сыныпта сынып жетекшісі болдым. Балам деп еркелеткем жоқ, бəріне бірдей қарадым.

Ұлан: Мамандық таңдауда көмектестіңіз бе?

Анасы Венера: Мінезі тұйықтау болатын. Баламның əскери адам болғанын қаладым. Бірақ, əкесінің жағдайы əсер етті ме, дəрігер болам деп шешті. Химия-биология пəніне дайындықты бастадық. Бір емес, бірнеше мұғалімнен сабақ алдық.

Ұлан: Кейбір балалар тест кітапшасын жаттайды екен…

Анасы Венера: Иə, біз де өткен жылдардағы тест кітапшасын жаттадық. Химиядан үш, биологиядан төрт мұғалімнен дəріс алдық. Балам бірде: «Мама, төрт мұғалімнен төрт түрлі оқу əдісін үйрендім. Сізге көп рақмет», – деді. Мектебіміз шағын болса да, білім беру жағынан озық тұр. Директор Ибрагим Мекенбайұлының еңбегі ерекше. Мықты ұстаздар көп. Мысалы, биолог Арайлым Ергешбаева, математик Құдірет Дəуіров, қазақ тілі жəне əдебиеті пəнінің мұғалімі Айсапар Темірбаева, химик Қанат Нышанқұлов. Баламның есепке қызығушылығын 5-8-сыныпта ардагер ұстаз Құрбанкүл Хамитова оятты. Қазақстан тарихынан схемалық карта мен оқулықты байланыстыра отырып дайындалдық. «Маған еркелеп жүр ме?» деген ой келді. Қосымша тарихқа тағы бір мұғаліммен бірге дайындалды. Тəжірибе алмасу мақсатында бірнеше оқу орталығына барды. Кейбір орталыққа үш күннен артық барған жоқ. «Мен оқып кеткен бағдарлама» деп күліп қоятын.

Ұлан: Көп оқып, денсаулығына күш салмады ма?

Анасы Венера: Жоқ, бəрі жақсы. Біз үш нұсқада дайындалдық: Оқу. Мотивация.
Спорт. Балаға ата-анасының қолдауы, жылы сөзі ерекше əсер етеді. «Балам, мен саған сенемін!», «Сенің қолыңнан бəрі келеді!», «Ерекше баласың!», «Əрдайым жаныңдамын!», «Зейінің ашылсын!» – деп жылы сөзімді аяған жоқпын. «Бүгінгі күн қалай өтті?» – деп ерінбей сұрайтынмын. Інісі əзілдеп болса да: «Ағам 140 балл жинап, əкімнің қолынан алғыс хат алады», – дейтін. Оқу деп спортты, дұрыс тамақтануды тастаған жоқпыз. Қасымжан футболды жақсы ойнайды. Күнде таңертең жүгіріп, турникке тартылып, жерден серпіле тартылады. Кепкен жемісті көп жеді. Жеміс-жидек дастарқаннан үзілмеді. Омега-3, кальций сынды дəрумендер ішті. Адам отырып жұмыс істегесін күш-қуатты көп жұмсайды. «ҰБТ-дан қанша балл жинайсың?» деп ойнаймыз ғой. 135-137 балл десем, кіші ұлым: «Мама, қиындықты көп көрдік, Құдайдан сұрағасын 140 балл тілесеңізші», – дейтін. Кіші ұлым да сабақты жақсы оқиды. Өзі өнерге жақын.

Ұлан: Қасымжан бос уақытта немен айналысады?

Анасы Венера: Дзюдомен айналысады, шахматтан аймақтық, аудандық турнирден 1-орын иегері. «Жайдарман» клубында ойнайды. Қоғамдық іс-шарада өте белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті жақсы.

Ұлан: Жоғары оқу орнын таңдадыңыздар ма?

Анасы Венера: С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің
Стоматология немесе Жалпы медицина бөлімін таңдап отырмыз. Таңдау əлі де өзгеруі мүмкін. Өйткені Қасымжан əлеуметтік желіден басқа да жоғары оқу орындарынан шақырту келгенін айтқан.

Қасымжан 6-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға сынақ тапсырыпты.
Жоғары балл жинап, резервке қабылданыпты… Сарыағаш ауданындағы
«Дарын» мектебіне оқуға түсіпті. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты оқи алмапты. Үйде мал-жан бар дегендей… Сол сəтте анасы: «Жақсы оқысаң, қай жерде жүрсең де өзіңді дəлелдейсің», – деп ақыл айтыпты.

Анасының ақылын тыңдаған Қасымжан адасқан жоқ. Ол қажыр-қайратының, ерінбей оқығанының арқасында шыңға шықты. Өзін бүкіл елге дəлелдеді. Жарайсың, Қасымжан!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз