ЖЕР МЕН ӘЖЕ

Әжемнің ақ таяғы,
Жерге тық-тық тиеді.
Басқан сайын аяғын,
Басын төмен иеді.

Жер-ана мен Әже-ана,
Бір жасасып келеді.
Жер-анаға Әже-ана,
Күнде сәлем береді.

КӨК ТЕРЕК

Үй алдында көк терек,
Жапырағы көк желек.
Өсу үшін көк терек,
Көк терекке су керек.
Ауа менен күн керек
Тұрар сонда көктерек,
Төбесімен көк тіреп.

АҚ ТАЯҚ

Атам менің майданда,
Оққа берген аяғын.
Жан досындай жанынан,
Тастамайды таяғын.

Болмаса, әттең, шайқастар,
Болмас еді таяғы.
Атам сап-сау қалпында,
Жүрер еді баяғы.

ГҮЛ МЕН ЖЕР

Гүлді көрсем ауладан,
Аялаймын, баспаймын.
Шөбі болса қаулаған,
Бірден жұлып тастаймын.

Буындары қатпаған,
Гүл де біздей бала ғой.
Оны өсіріп, баптаған,
Жер де асыл ана ғой.

НЕМЕНЕ?

– «Күн» деген, апа, немене?
– Көк аспанның өңі ғой.
– «Ай» деген, апа, немене?
– Көк аспанның меңі ғой,
– «Жер» деген, апа, немене?
– Көк аспанның теңі ғой…

КҮШІК

Жат десем жатады,
Тұр десем тұрады.
Үйшігінен үйренген,
Бір кіріп, бір шығады.

Ей, десем болды ұғады,
Едірейіп құлағы.
Сүйкімді ғой күшігім,
Бәрі дұрыс ісінің.

БҰЛ КІМ?

– Ел намысын қорғаған,
Ел арманын қолдаған –
Бұл кім?
– Абылай.

– Болашақты ойлаған,
Әлемдегі ойлы адам –
Бұл кім?
– Абай.

– Жауын жеңіп жасқаған,
Жеңістерге бастаған –
Бұл кім?
– Бауыржан.

– Желтоқсанды әкелген,
Тыныш күнді әперген –
Бұл кім?
– Қайрат.

НАУРЫЗ

Алақай, келді Наурыз!
Апам жайды дастарқан.
Ақ бауырсақ, ақ уыз,
Аталарға бас тартам.

Наурыз – бақыт, жаңаша,
Әкелді елге береке.
Бола берсін тамаша,
Наурыздай мереке.

Қуанамыз тағы біз,
Үлкен-кіші, жас бала.
Мереке екен бұл нағыз,
Ұқсамайтын басқаға.

КЕЛ, ЖАТТАЙЫҚ!

Қант та аппақ,
Қар да аппақ.
Қағаз да аппақ,
Қаз да аппақ.

Аққу да аппақ,
Ай да аппақ.
Туа қалды бір тақпақ,
Алайықшы, кел, жаттап!

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз