Маусым – қазақ күнтізбесіндегі төртінші ай. Қазіргі григориан күнтізбесі бойынша алтыншы айға тура келеді. Жаздың алғашқы отыз күндігі. Маусым сөзі арабтың «мезгіл» деген сөзінен шыққан. Әлемге танымал «муссон» желінің де атауы осы арабтан алынғаны белгілі.

Ал орысша «июнь» атауы латынша «Junius» сөзінен шыққан. Яғни «Юнона айы». Ал Юнона ежелгі грек мифологиясындағы Юпитердің жары, отбасы мен некенің жебеушісі саналған. Біздің түсініктегі Ұмай ананың грекше нұсқасы болса керек.

2 маусым

«Бүкіл Америка әдебиеті Марк Твен шығармаларының әртүрлі нұсқасы ғана», – дейді Эрнест Хэмингуэй. Нобель сыйлығының лауреаты осындай биік деңгейге көтерген Твен 1897 жылы қайтыс болған. Негізінен ол бұл жылы емес, 13 жыл өткеннен кейін 1910 жылы өмірден озады. Бірақ америкалық «New York Journal» баспасы 1897 жылы қателесіп Марк Твенге арнап некролог жариялаған еді. Бұл кезде жазушы Лондонда жүрген және қаламгер өміріндегі дәл осы кез күйзеліске толы кезең болатын. Бірақ өз мемлекетінен жеткен бұл хабарды көңіліне алмай, журнал редакциясына телеграмма жолдаған. Ол телеграмма баспаның оқырмандардан кешірім сұрауымен 1897 жылдың 2 маусымында жарық көрді. Ал баспаға жазған хатында жазушы өз мінезінен айнымай: «Менің өлімім туралы ақпарат тым дақпыртқа толы», – деп жазып жіберген еді.

2 маусым күнін АҚШ-тағы сатқындық немесе толықтай жеңілістің күні деп атауға болатын шығар. Өйткені төрт ғасырға жуық еңсесін бастырмай, от қарулы еуропалықтармен соғысып келген жаңа құрлықтың ескі халқы – үндістер 1924 жылдың 2 маусымында Америка мемлекетінің азаматтығын алған. Бұл оқиғадан кейін олар екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қызыл-ақ жолақты, жұлдызды ту астында өзге мемлекетке қарсы соғысқан. Кінәлауға келмес, бірақ бұл ұрпақтың өз ата-бабасы алдындағы ең сорақы ісі шығар. Дегенмен ғасырдан басталған соғыс ХХ ғасыр басына дейін жалғасып, 18 миллион үндіс халқынан 350 мың ғана қалған еді. Дәл осы статистикадан-ақ түркілердің алыс туыстарында өзге амалдың қалмағанын көруге болады. Ұрпақ сатқындығын «гуманизмге» салып тарих пен адамзат кешірер. Бірақ үндіс тайпаларының өздері сенетін баба әруақтары кешірер ме екен?

6 маусым

Қазір кез келген адамның киімдерінің арасынан кемі бір джинсы тауып алуға болады. Заманында жұмысшылар киімі ретінде ойлап табылған ол бүгін өзге сипат алып, тіпті кейбір үлгілері салиқалы киімдер қатарына да еніп кетті.

Көпшілік джинсының отанын Америка деп біледі. Расы солай. Бірақ оның ойлап табушысы Леви Страус Германияның оңтүстігінде еврей отбасында дүниеге келген. Леви 18 жасқа толған жылы оның отбасы Америкаға көшіп келіп, мұнда шағын саудамен айналыса бастайды. Бірақ табыс аз. Бүкіл отбасын асырауға жетпейді. 6 жыл бойы осы тіршілікпен айналысып, түк шықпасын анық ұққан елгезек әрі пысық Леви сол замандағы алтын өндірісі дамып жатқан Калифорнияға жол тартуды ұйғарады. Бірақ ол жағдайын түзеуді алтынмен байланыстырмайды. Леви кенеп сатумен айналысқысы келеді. Ол замандарда Калифорния штатындағы Сан-Франциско кенептен жасалған шатырлы қала болатын. Бірақ болашақ джинсының авторы бұл қала өзін осынша бақуатты етіп қана қоймай, атын тарихта қалдырады деп ойламаған еді. Өйткені алғашқы джинсының тігілуі өте қарапайым болатын.

Бір күні өз кенептерін сату үшін кезекті алтын өндіру бригадасының басшысына келген Левиді бригадир ашулы қарсы алып: «Қайдағы кенеп? Қайдағы шатыр? Жұмысшыларыма дұрыс шалбар тауып бере алмай отырмын. Бәрі жыртылып қала береді», – деп өте дөрекі шығарып салады. Қолындағы кенептің өте мықты материал екенін білетін Леви жылдамдатып тігіншіге барады да кең, жұмысқа ыңғайлы етіп шалбар тіктіреді. Осылай 2-3 сағаттың айналасында дүниеге алғашқы джинсы келді. Бірақ, түсі қоңыр және оның джинсы атауы да осы қоңыр түсті кенепке байланысты. Ол Генуяда өндірілетін мата болған соң сыртында «Jeans» деп жазылып тұрар еді. Ал бұл жазу ағылшынша «джинз» деп оқылатынын ойласақ, киімнің атауы өзінен өзі шыға келеді.

Кейіннен Генуяда бұл қоңыр түсті матаның тасымалдануы тоқтатылып, Леви Франциядан көк түсті саржа матасын сатып алуға мәжбүр болған. Бұл өз кезегінде бүгінгі біздің көзіміз үйренген көк түсті джинсының өмірге келуіне себеп болды.

Киімді ойлап тапқан Леви Страустың компания бұл брендте әлі күнге дейін алғашқы орындарды берген емес. Ол «Levi’s» деп аталады. Көрген де боларсыз. 6 шілде бүгінгі таңдағы ең көп қолданылатын киім үлгісі көк түсті джинсының ресми туған күні.

10 маусым

Бүгінде бүкіл әлем қаламұшты алмастырған жазу құралы болды. Дегенмен ол қаламұшты бір мезгілде алмастыра салған жоқ. Өйткені алғашқы қаламдардың сапасы өте нашар болатын. Сондықтан оның бір жарым ғасырлық ғұмырында бірнеше даму болды.

Алғашқы қалам 1888 жылы, екінші жаңартылған нұсқасы 1904 жылы, үшінші жаңа үлгідегі қалам 1916 жылы патенттелген. Ал соңғы бекітілген, бүгінгі күнгі нұсқасына қатты ұқсайтынын 1943 жылы америкалық саудагер Милтон Рейнольдс өз атына патенттеген болатын. Бірақ оны тапқан венгриялық журналист және өнертапқыш Ласло Биро болатын. Еврей отбасында дүниеге келген Ласло өмірінің көп бөлігін Аргентинада өткізіп, алғашқы қаламды да осы елде жүріп құрастырып шыққан. Сондықтан болар бүгінгі күнге дейін Аргентинада мұндай қаламдар өнертапқыштың құрметіне «бироме» деп аталады.

20 маусым

Ақымақ қылма, Америка!
Жаурадың ғой, шұлық берейін.
Сібір мен Аляска – екі жағалау,
Монша, арақ, гармонь және албырттық.
Егер Ресейлік «ЛЮБЭ» тобының «Ақымақ қылма, Америка!» атты әнін жолма-жол
аударар болсақ, шамамен осындай мағына береді.

1990 жылы жазылған әннің астарында ХІХ ғасырда болмашы ақшаға АҚШ-қа сатылып кеткен Алясканы даулау жатыр. Ән мәтінінде америкалықтардың суыққа шыдамсыз екенін айта келіп, бұл даланың олардың табиғатына сәйкес келмейтінін тілге тиек етеді. «Жаурадың ғой, шұлық берейін» деген сөздің де астарында осы мағына жатқаны байқалады.

Жер көлемі 1 717 854 шаршы шақырым Алясканы Ресей толықтай 1867 жылы сатты. 7,2 миллион долларға сатылған құрлықтан 1917 жылы алтын табылып, бүгінгі күні ол жерден өндірілген алтын салмағы 1000 тоннадан асып жығылады. Яғни, Америка бұл жерге кеткен ақшасын мыңдап өндіріп алды.

Аляска атауы «Китті аймақ» деген мағына береді. Бірақ тағы бір деректерде «Үлкен жер» деген мағынада да қолданылған.

20 маусым АҚШ президенті Эндрю Джонсонның Алясканы сатып алғаны жөнінде ресми мәлімдеме жасаған күні болып саналады. Бұл 1867 жыл болатын.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз