1986 жыл Кеңес Одағының «табалдырығынан келін емес, кесір болып аттады». Тіпті оның түбегейлі құлауының шешуші кезеңі болды десек қателеспейміз. Екі-ақ жағдайды атайын. Чернобыль атом электр стан-циясындағы жарылыс пен 16 желтоқсандағы Қазақстан жастарының толқуы. Екі оқиға арасындағы 8 айда болған оқиғаларды жіпке тізіп шықсаңыз, Кеңес өкіметінің басқан қадамы кері кеткен жыл болғанын бірден түсінесіз.
Екі оқиғаның бірі қазаққа, екіншісі бүкіл әлемге қасірет әкелді. Біз сол әлемге зауал әкелген оқиғаға тоқталмақпыз. Сонымен Чернобыль атом электр станциясы жарылмаған болса…

1986 жылғы 26 сәуірде Германияның Лубмин қаласында таңертең жауын жауып тұрған болатын. Осы қаладағы барлық жұмысшы жауын астында жұмыстарына бет алды. Қызметкерлер арасында атом электр станциясында жұмыс істейтіндер де болған. Олар жұмысқа кірер алдында біршама тексерістен өтетін. Тексеріс адамның алкогольді сусын ішпегенін және қан қысымы мен адам денесіндегі радиацияны қадағалайды. Алғашқы екі тексеру жақсы өтті. Бірақ радиациялық тексеру дәрігерлерді таңғалдырған. Жұмысшылар денесінен адам өміріне 2 есе қауіпті радиация мөлшері анықталған еді. Осы кезде-ақ шетелдік ғалымдар әлемнің бір түкпіріндегі атом электр станциясының жарылғанын түсінді.
26 сәуір. Түнгі сағат 1:23-те Чернобыль атом электро стан-циясының 4-блогындағы тәжірибе барысында реактор қуаты күрт өсіп, соңы жарылысқа апарды. Жарылыстың сәулеленуі 500 атом бомбасының сәулеленуіне тең болып, қоршаған ортаға 250 тонна улы қорғасын шашыраған. Бұл апаттың зардаптары 24500 жылға дейін жетеді. Яғни электростанция маңайы осынша жыл бойы тіршілікке жарамсыз.

Төрт мыңға жуық адам жарылыс кесірінен, он мыңнан аса адам осы жарылыс садарынан қайтыс болған. Бүгінгі күні әлемде 7000-ға жуық қаңырап қалған қала бар. Станция маңындағы Припять қаласы да осы қалалардың қатарында. Ал апат болмаған жағдайда бұл қаланың тұрғын-дарының саны бүгінгі күні 15 мың-нан асып жығылар еді.
Жарылыс болмаған станция 29 миллиард киловатт электр энергиясын өндіруді жалғастыра беретін. Бұл қуат 40 миллион адамның бір жыл бойы өмір сүруіне жетеді.

Жарылыстан кейінгі радиация мөлшері сағатына 1 рентгенге жеткен. Бұл адам өміріне қауіпті саналатын мөлшерден 20 мың есе жоғары. Осы радиация жер шарына бұлт арқылы үш дүркін тарап, онкологиялық аурулар 40 пайызға өсуіне алып келді. Яғни электростанция маңайына улы қорғасын ғана әлемге ауру шашты.

Мұның барлығын ашып жазу үшін бір ғана «Егерде…» айдары, тіпті бүкіл журналымыз жеткіліксіз. Біз тек ертеңге сабақ болар деген ниетте ғана қасіреттердің беткі қабатын қалқып алдық. Бірақ, адамзаттың тарихтан ештеңе үйренбейтінін бүгінгі әлемдік саясаттан көріп отырған жайымыз бар.

Атом бомбасынан бас тартқан мемлекет аз. Атом электр станциялары тоқтаған жоқ. Тіпті жаңалары салынғалы жатыр. Мұның бір ұшы біздің елге де тиіп кетеді. Семейіміз бен Байқоңырымыз тұр. Адам өміріне «бейбіт түрде» қауіпті дүниенің коллекциясын толықтыруға АЭС қана жетпейді. Ал бұл үшеуінің басы бірігер болса, еліміздің радиациялық қалдықтар көметін полигонға айналуының ауылы да алыс емес. Бұл сөзімізге Украина, оның ішінде Чернобыль дәлел. Биылғы жылы аталған станция маңынан радиациялық қалдықтар көмілетін полигон қолдануға беріледі. Біз 33 жыл бұрынғы оқиға мен оның салдарын ұмытып кеттік. Иә, тарих ұмытпағанымен, адам ұмытшақ.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз