Ақтаудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Гүлфайруз Ниялова бен Ақбөбек Жеткізгенова мамандық таңдауға көмектесетін «Dream Job» мобильді қосымшасын ойлап тапты. Олар – «Technovation-2019» жобасының жеңімпаздары. Мамандық таңдай алмай жүргендерге көмекші құрал. Қыздар қосымшаның тарихы мен жұмыс істеу тактикасын айтып берді.

– Біз жас ғалымдардың Epiphany тобын құрдық. «Dream Job» – алғашқы жетістігіміз. Білім саласындағы статистика қосымшаның пайда болуына себеп болды. Еліміздегі мектеп түлектері мамандықты өздері таңдамайды. 52%-ы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Осы олқылықтың орнын толтырғымыз келді.

«Technovation Challenge-2019» байқауында бақ сынап, екінші кезеңге жолдама алдық. Бұл – əлемдік өнертапқыштардың бақ сынайтын додасы. Байқаудың алғашқы кезеңіне онлайн өтініш толтырып, жұмыстарымызды жүктедік. Қорытынды кезеңде үздік жұмыстардың қатарында болды, – деп қуантты Ақбөбек.

– Мен үшін алғашқы сынақ емес. Осыған дейін робот жасап, WRO (World Robot Olympiad) сынды ғылыми байқауларға қатысып, жүлдегер болдым. Тобымыздағы барлық оқушы үздіктер қатарына ілігу үшін ерінбей еңбектенді. Ұсыныс пен идеяға ұстаздар қолдау білдірді, – дейді Гүлфайруз.

Осы күнге дейін білім саласына қажетті түрлі мобильді қосымша пайда болды. Бірақ жүзеге тұтынушылардың жарап жатқаны ілуде біреу. Қыздар ойлап қосымшаның ерекшелігін түсіндірді:

– Біздің қосымшаға ұқсас бірнеше түрі шықты. Ол жақта мамандықтар топтастырылмаған. Оқу орны туралы толық мəлімет жоқ. Біз барлығын қамтыдық. Себебін қысқа-нұсқа түсіндіреміз. Жалпыға қолжетімді болу үшін Андроид платформасындағы Play Market-ке жүктедік. Бірақ пайдалануға рұқсат алу үшін ақша төлеу керек. Қазір сілтеме немесе QR коды арқылы пайдалануға болады.

«Dream Job» деген атауды да өзіміз ұсындық. Алғашқы бетінде елімізде сұранысқа ие жүзге жуық мамандықтың тізімі мен оқу орындары бар. Балаларды жігерлендіретін тұлғалардың қанатты сөздерін тде қосуды ұмытпадық. Қысқаша айтқанда қосымша «Қай оқу орны мықты?», «Кім болам?» деген сұраққа жауап береді. Білімді сынайтын бақылау тестін шешуге болады. Болашақта қажетсіз мамандықтардың тізімі мен себебін түсіндіретін мəліметті енгіземіз. Қолданушы қабілеті мен қай пəнге икемі бар екенін анықтайтын əртүрлі сұрақтардан тұратын сегіз түрлі тест тапсырады. Тест қорытындысында оқушыға сəйкес мамандықтар тізімі мен сəйкес оқу орындарының аты шығады. Бұл əдіс оқушының қалыптасқан маман болуына көмектеседі. Болашақта мəліметтерді ағылшын тіліне аударып, АҚШ-тан басқа елдердегі сұранысқа ие мамандықтардың тізімін береміз. Мамандығының майталманына айналған əлемге əйгілі тұлғалардың жетістікке жету жолдарынан үзінді де болады. Оқушыларға мамандық таңдауға көмектесетін құрылғы біздің елде ғана бар. Шетелдік жобалар экологиялық бағытқа арналған. Біздің ұтып тұрғанымыз да осы, – дейді талабы зор қыздар.

Қазақ ғылымының дамуына үлес қосып жүргендердің дені – жастар. Ақбөбек пен Гүлфайруз ғылымда қолтаңбасы бар ұстаздары Ералханова Айкерім апайы мен Мамиев Жамал ағайына алғыс білдіреді. Балаларының жетістігіне ата-аналары да дəн риза. Өздерінің айтуынша, ғылым саласында олқылықтар бар. Мектеп қабырғасындағы ғылыми жобалар қағаз күйінде қалып қоятынына қапалы. Плагиат жобаларды анықтау жағы да жолға қойылғанын қалайды.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №26
25 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз