– Сен өтірік айтып тұрсың, жақсы бала сөйте ме екен,– деді інім көзіме көзін қадап тұрып.

Мен айтарға сөз таппадым.

– Сөйтуге бола ма екен?– деді ол артынан тағы да.

Оның бетінен қағып, зеки алмадым. Өзі сондай сүйкімді, көңілін қимадым.

Ол артынан маған аяушылықпен үңіліп, мұрнын тыржита қарады. Іле қайта ренжіді.

– Неге өтірік айтасың?

Кеше сыныптасым Жандос «велосипедімді сатамын, базарға бірге жүрші» деген соң ілескем. Барсақ, сауда қызып жатыпты. Затымызды сатып, мәз боп тұрғанымыз сол еді, бес-алты баланың сап ете түскені.

– Мынау біздің велосипед. Кеше ұрлап кеткен. Сендер алған екенсіңдер ғой. Қолға түстіңдер ме, бәлем? – деп үлкендеу біреуі менің жағамнан ал кетті.  Арпақ-тұрпақ алыса кеттім.

Көптің аты көп, оларға шамамыз келмеді. Бір қарасам, Жандос жоқ. Мені тастап, тайып тұрыпты. Мен де сытылып шықтым да, зыта жөнелдім.

Келген бойда Жандосты іздедім. Сөйтсем, айыпты Жандос екен. Тұра қашқаны өз алдына, велосипедті ұрлағаны да рас екен. Мен көрместей болып кері бұрылдым.

– Не болды? – деп сұрады көшеде кездескендер. Содан білдім, бетімде төбелестен із қалғанын.

– Құлап қалдым, – дедім жалтарып. Өтірігіме үлкендер емес, бес жастағы інім де сенбеді.

– Өтірік айтпа дейсің, өзің айтасың, – деді ол маған қадалып. Мен үндемей төмен қарадым.

– Бұдан кейін өтірік айтпаймын,– дедім мен сәлден соң уәде беріп.

Інім сенбеді.

Бетте «таңба» бар екен деп сабақтан қалуға болмайды ғой. Ертесі сыныпқа ертерек келіп, соңғы парталардың біріне жайғасып алдым. Сабақ уағында апай байқамаған шығар десем, өзімді алдаппын.

– Не болды?– деді қасыма келіп.

– Құлап қалдым, – дедім дайын жауабымды айтып.

– Өтірігіңе болайын! – деді сынып жетекшіміз миығынан күліп.

Ары қарай үндемей қойдым. Балалардың бұл да бір қаруы. Үндемей қойсаң, сұрағына жауап ала алмаған адам өзі қояды.

Кешке үйге келгенде анам өңімнен бір көңілсіздікті аңғарған сияқты:

– Тыныштық па? – деді.

– Тыныш! – дедім. Бірақ анам маған сенбегендей ұзақ қарады.

– Балам-ау, халқымызда «Өтірік өрге бастырмас», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген мақал-мәтелдер бар. Соны есіңнен шығарма…

Анашым қадалып аз тұрды бұрылып кетті. Денем ысып кірерге тесік таппадым. Жүрегімнің түкпіріне кіріп алған бір ыңғайсыз сезім тынышымды алып барады.

«Өзіме де сол керек. Енді өлсем де өтірік айтпаспын»…

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2019

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз