Соңғы 50 жыл ішінде жер бетіндегі адамзат саны шамамен екі есеге артқанын білесіз бе? 1974 жылы жер бетіндегі халық саны 4 миллиард болса, бүгінде 7,7 миллиардқа өскен. Сондықтан ғалымдар жердегі халықтың біршама бөлігін өзге планеталарға қоныстандырудың жолдарын қарастыруда. Қазіргі таңдағы ғалымдардың пікірінше бұл үшін ең қолайлы ғаламшар – Марс. Сонымен, егерде адамзат Марста өмір сүрсе…

Жер шарының ауданы 510 072 000 шаршы шақырымды құраса, Марстың жалпы ауданы Жермен салыстырғанда үш есе кішкентай. Шамамен, 144 800 000 шаршы шақырым. Десек те екі ғаламшардың ұқсастықтары баршылық. Мысалы, Жер бетіндегі тәулік 23 сағат, 56 минут, 4 секунд болса, Марстағы тәулік 24 сағат, 40 минутқа созылады. Ал 44-45 минуттық айырмашылық адамдардың жаңа қонысына үйрену үшін аса қолайсыздық тудырмайды. Бірақ Марс ғаламшарындағы жыл 686,971 тәулікті құрайды. Марс осынша тәулікте күнді толық айналып шығады.

Жердің осінің 23 градус көлбеу орналасқаны баршаға аян және біздің ғаламшардағы жыл мезгілдерінің болуы осы көлбеуліктің арқасы. Марстың да осі өздігінен 25 градусқа көлбеу. Яғни Қызыл ғаламшарда да жыл мезгілдерінің болуы әбден мүмкін.

Жер мен Марстың тағы бір ұқсастығы – екі ғаламшарда да су бар. Тек Марста ол мұз түрінде ғана. Екі ғаламшардың топырағы және географиялық түзілістері ұқсас. Марста да таулар мен жартастар, жанартаулар мен шатқалдар кездеседі. Сонымен қатар, Марстағы ең биік тауға ғалымдар Олимп деген атау берген.

Екі ғаламшардың бір-бірінен үлкен айырмашылығы атмосферасында ғана. Марстың ауа қабаты өте жұқа және ондағы тартылыс күші де жердегіден әлдеқайда төмен. Шамамен 2,5 есе. Мысалы, жер бетіндегі салмағыңыз 80 келі болса, Марста сіздің салмағыңыз 30 келіге түседі.

Сонымен қатар Марс пен Жердің арасы айтарлықтай қашық емес. Екі ғаламшар арасы орта есеппен 225 000 000 шақырым. Орта есеппен деп отырған себебіміз, екі ғаламшар да әрқашан өз орбитасымен қозғалыста жүреді. Сондықтан екеуінің ара қашықтығы әрқашан өзгеріп отырады. Екеуінің ең алыс нүктесі 400 000 000, ең жақын нүктесі 55 000 000 шақырым. Бүгінгі ғарыш кемелерінің бағындырған жылдамдықтарымен Жер бетінен Марсқа дейін ең жылдам 39 күнде, ал ең ұзақ дегенде 289 күнде ұшып жетуге болады.

Жалпы адамзаттың екінші үйі ретінде Марс ғаламшарын оңтайлы санайтын ғалымдар тобы ондағы қолайсыз дүниенің барлығының шешімін табуға болатынын айтып отыр.
Қалай десек те, жер бетіндегі халық саны азаймақ емес. Сондықтан бұл бастаманың да жақсы жақтары бар шығар. Бірақ әлемдік мұхиттың 5 пайызы ғана зерттелген ғаламшарда өмір сүре отырып, ғалымдардың шешімді жерден емес, көктен іздеуі біршама таңғалдырады.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз