Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары зағип жандардың өмірін жеңілдететін мобильді қосымша ойлап тапты. Назерке Əбдірахманова, Ақмерей Нұрлыбай жəне Аружан Шинбаева есімді жас өнертапқыштардан құралған ғылыми команда «Technovation» бəйгесінде топ жарыпты. Əңгіме барысында сұранысқа ие қосымша екенін түсіндік.

Ұлан: Идея қалай пайда болды?

Назерке: Біз қатысқан жарыс «Technovation» деп аталады. Халықаралық жарысқа тек қыздар ғана қатысады. Жобаның мақсаты – қыздардың ғылымға қызығушылығын арттыру. Əлеуметтік мəселелерді шешуге арналған бағыттары да бар. Биыл 60 команда қатысты. Екінші кезеңге үздік бестікке өткен командаларға жолдама береді. Біз үздік бестікке кірдік. Келесі кезең онлайн түрде болады. Тамыз айында финалистер Сан-Францискодағы халықаралық кездесуге қатысып, гранд финалға жолдама алады. Біз Азия құрлығынан онлайн жарысамыз.

Ұлан: Байқаудың талабы қандай?

Аружан: Бұл ғылыми жарыстың пайда болғанына он жылға жуықтады. Осы жылдар аралығында қаншама ғылыми жаңалық ашылды. Өркениетті орта қалыптасты. Қатысушылардың өмірінде өзгеріс болды. Жаңа достар таптық. Сайыста команданың ауызбіршілігіне мəн береді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын топ қана жеңіске жетеді. Біз де жұдырықтай жұмылып жеңіске жеттік. Жобалары мықты, бірақ түсіндіріп бере алмаса, ұпайын төмендетеді. Сөйлеу мəнері де қатаң талаптарға жатады.

Ұлан: Сіздердің жобаларыңыз көптің көңілінен шығыпты. Қанша уақыт кетті?

Ақмерей: Біздің жоба əлеуметтік мəселені шешуге бағытталған. «Able to live» мобильді қосымшасы зағип жандарға арналған. Барлық саланы цифрландыру қарқынды жүріп жатыр ғой. Біз де үлес қосқымыз келді. Мобильді қосымша əзірше ағылшынша ақпарат бергенімен, көп ұзамай қазақ жəне орыс тілінде сөйлейді. Көзі нашар көретіндер газет-журналды қиналмай оқып, айналасындағы заттарды оңай таба алады. Қолдануға да ыңғайлы жəне телефонның функциясына жүктемесі аз. Қолданушының бағытын да реттейді. Өзіне төнген қауіпті алдын ала хабарлап, бағдарлайды. Қажетті мəліметтерді аудио нұсқадан тыңдай алады. Бұл – қондырған екі функцияның алғашқысы. Екіншісі экранда танып-білген объектілердің арақашықтығын анықтайды. Қазір жобаның дизайнын жасап жатырмыз. Болашақта мүмкіндігі шектеулі жандардың бəріне қолжетімді болғанын қалаймыз.

Ұлан: Медициналық сақтандыру жағын қарастырдыңыздар ма?

Айжан: Біздің мобильді қосымшаның ерекшелігі – жедел жəрдем мен өрт сөндіру қызметін шақыра алады. Тікелей қоңырау шалмай-ақ, қосымшадағы нұсқаулық мəселені шешуге көмектеседі. Емханалардың көмегіне де мобильді қосымшаны басқару арқылы жүгіне алады. Болашақта қолданысқа енгізгіміз келеді. Əзірше кем-кетігі көп.

Ұлан: Ендеше, сəттілік!

Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ

Ұлан» газеті, №26
25 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз