Газетімізде ҰБТ жайлы жан-жақты мəлімет беріп, жазып келеміз. Емтихан
басталғанда ҰБТ жайлы негізгі ақпараттарды тағы да естеріңізге сала кетуді жөн
көрдік.

Биыл ҰБТ мен КТ біріктірілген. 20 маусымда басталған емтихан 5 шілдеге дейін жалғасады. Сондықтан да мектеп ұжымы бұрынғыдай тестілеу орталығына бітіруші түлектерді апарып-əкелуге жауапты емес. Əр ата-ана өзі қамтамасыз етуі керек. 13-20 шілде аралығында білім беру грантына байқау өтеді. Ал оқуға құжат қабылдау уақыты – 10-25 тамыз аралығы.

ҰБТ басталардан бұрын су жаңа Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетов
журналистермен баспасөз мəслихатын өткізген болатын. Министр балалар мен ата-анаға емтихан кезінде өздерін қалай ұстауы жөнінде де кеңес берді. «ҰБТ – маңызды сынақ. Он бір жылдық білімнің сыналар тұсы. Ең бастысы, қатты уайымдамаңыздар. Сіздер бұған дейін тест тапсырғансыздар, мектепте білім алдыңыздар. Тест алдында жақсылап ұйқыны қандырып, сынақ тапсырарда ойды басқаға бұрып, қобалжуды басу керек», – деді. Ата-аналарға балаларына уайымын сездірмей, керісінше, емтиханды жақсы тапсыратынына сенетіндерін айтып, қолдау көрсету керек екенін үндеді. Биыл бакалавриатқа 51 085 грант бөлінген. Əдеттегідей техникалық мамандықтарға басымдық берген.

Сондай-ақ, министр мектептің рейтингіне ҰБТ көрсеткіші əсер етпейтінін, оны жергілікті білім басқармаларына тапсырғанын айтты. Тап осы мəселені жергілікті білім басқармалары мен бөлімдері ескерсе екен дейміз. Мектеп директорлары мен мұғалімдері рейтинг үшін алашапқын болып, түрлі айла-амал жасап, арандап қалмаса екен. Балаларға 11 жылда қандай білім бердіңіз, шəкірттеріңіз сол нəтижесін сынап көруі керек.

Ал жоғары оқу орнына ақылы түспек болғандар үшін бірнеше рет ҰБТ тапсыруға
мүмкіндік бар. 2019 жылдан бастап ақылы негізде оқитындар қаңтар, наурыз, маусым жəне тамыз айларында тест тапсыра алады. Əр кезде əртүрлі пəн таңдауына болады. Ал тест нəтижесін @edugovkz_bot Telegram-бот арқылы көруге болады.

Дамель МЕКТЕПБАЕВА, биолог-ғалым, Назарбаев университетінің оқытушысы:

«Шпаргалкасыз» жауап бере алатын сұрақ дайындауға болады ғой

Жыл сайын ҰБТ-ның биология бойынша берілген сұрақтарын қараймын. Сонда бір нəрсені көремін. Жəндіктердің аяғы қанша, пəлен өсімдік қанша жапырақты деген сияқты сұрақтар. Тапсырманың үштен екісі есте сақтауға, жаттауға арналған. ҰБТ техникалық пəндерді оқыту жəне тестілеу жүйесіне қолайлы. Бəрі есте сақтау үшін, ешқандай терең түсіну жоқ. Алайда осындай емтихандардың нəтижесінде балалар мектепте биология, химия жəне физика сияқты пəндерді дұрыс түсінбей, ұнатпай кетуі мүмкін.

Бізде қашан пəнді түсінуге бағытталған емтихандар болады екен? ҰБТ тапсырып келе жатқанымызға 15 жыл болыпты. Содан бері шетелдің қолданыстағы сұрақтарын бізге əкелуге болмас па еді? Ойға қонымды сұрақтарды дайындау соншалықты қиын ба? Балалар ешқандай «шпаргалкасыз», телефонсыз жауап бере алатын сұрақ дайындауға болады ғой. АҚШ-та оқығанда, бізге интернеттен көре салатын ақпараттарды есте сақтауға мəжбүрлемеді.

Мен емтиханда иммундық жүйе, антибиотиктер жəне вакциналар, экологиялық проблемалар, бактериялық жəне вирустық инфекциялардың айырмашылығы, жүректің қалай жұмыс істейтіні жəне қан топтарының айырмашылығы туралы сұрақтар болғанын қалар едім. Бұлар қарапайым сұрақ болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мəнінде əрбір адамға жəне оның жақындарының денсаулығына пайдасы тиер сұрақ болар еді.

Ж.АЙМАХАНҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №26
25 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз