Ілияс Жансүгіровтің ұрпақтары туралы мақала жазбақ болғам. Бұдан 5-6 жыл бұрын қазақтың үш бірдей тұлғасының (Білəл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Əуезов) ұрпағын өрбіткен Фатима Ғабитова туралы мақала жазғанымда, қызы Ильфа Жандосова Жансүгіровадан сұқбат алған болатынмын. Тағы да Ильфа апамды іздедім. Əлеуметтік желіде Ильфа апаның қыздары Ажар, Фатима, Динар, Жанар желіні белсенді қолданады. Аналарының видеоларын салып, оқырманды асылдың сынығының тыныс-тіршілігімен таныстырып тұрады. Ильфа апа 84 жасқа келсе де, əнді əдемі салады. Бірақ денсаулығына байланысты апамен жүздесе алмадық.

Ш.Қалдаяқов пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы Жансүгіровтің тағы бір ұрпағының үйіне келіп тұрмын. Кеше телефон арқылы келісіп қойғам. Домофон қоңырауын басып едім, 1-қабаттан: «Қазір есікті ашамын», – деп орысша тіл қатқан ер адамның дауысы шықты. Сыртқа шығып есікті ашты. Түрі қазаққа ұқсамайды. «Саят Ілиясұлына ма?» деген кезде, Жансүгіровтің тікелей ұрпағы емес екені анық болды. Есіктен кіргенде 89 жастағы Саят атаның өзін көрдік. Айналып-толғанып күтіп алды. Теледидар қосылып тұрған залға өттік. Бірден диктофонымды қосып, жұмысыма кірісе бергенімде, Саят атаның үйіндегі апамыз «аяғың тоңады» деп жылы тəпішке кигізіп қойды. Жүздері сондай мейірімді екен. Екеуі де маған қазақша сөйлеп жүр. Көңілім жайланып сала берді. Өзімді бұрыннан осы үйге келіп жүргендей еркін ұстадым… Аздап дауысымды қатты шығарып сөйлегенім болмаса, Саят атаның ойы тұп-тұнық екен.

Қарашаңырақта

– Бала кезде əкеңіз туралы жадыңызда қалған естеліктерді еске түсіріп көрейікші… «Халық жауының» баласы екеніңізді жасырын ұстап, аман қалған
шығарсыз. Кейін Жансүгіровтің ұрпағы екеніңізді қалай дəлелдедіңіз?

– Жансүгіровтің тұңғышымын. Саят деген атты əкем қойған. Саят-Нова деген армян ақыны болған. Соның құрметіне. Əкем мен шешем 1928 жылы қосылған деп болжаймын. Ол уақытта Қазақ АКСР-нің астанасы Қызылорда қаласы болған. Шешем жаңақорғандық. Əкем талдықорғандық. Түркістанда шешемнің Сəдуақас Оспанов деген туысы болған. Ол кісі беделді қызмет істеген азамат болыпты. Ташкентте интернат құрған. Кейін Түркістанда райкомның бастығы болды. Білесің бе, білмейсің бе, ұлы Опера жəне балет театрында дирижер болған Тұрғыт Османов. Тұран, Тұрғыт, Нұраш деген үш ұл өсірген. Солар біздің шешеміздің туыстары. Əкем мен шешем сол Сəдуақастың үйінде танысқан екен. Ол кездері Ілиястың беделі мықты болған. 1929 жылы астана Алматыға ауысқанда, əкем мен шешем Алматыға көшеді. Қазір біз отырған маңайдағы жақын үйлерде тұрған. Жəкең, Жансүгір де бізбен бірге тұрған. Жəкең молда əрі ұста болыпты. Ілиясқа алғашқы əріпті өзі үйреткен. Ол заманда ұсталар сұраныстағы адам болған. Өйткені қазіргідей техникамен емес, атпен жүретін заман. Аттың асай-мүсейін жасайтын – ұсталар. Жəкең мені шапанының ішіне тығып, қойнына салып жүреді екен. Қолына таяқ ұстап алып, көшені аралап, түсіп қалған аттың тағаларын жинайды екен. Бір қолында – мен, бір қолына тағаларды көтеріп, қораға келсе, Ілияс: «Жəке, не баланы, не тағаны жерге қойыңыз», – деп жаны ашыса: «Баланы да, тағаны да бағалаймын. Жерге еш уақытта оларды тастамаймын», – депті. Қазір ойласам, бұл сөздің мағынасы терең екен.

Төребаева Сəдуақас ашқан интернатта оқыған. Интернатта жүргенде белсенді болыпты. Əн салуды үйреніпті. Алматыға əкем екеуі алғаш келгенде əнші болып істепті. Əкемнің жақсы қасиеті – білімге құштар болып, білім аламын деген адамды əрқашан қолдапты. Əкемнің ықпалы ма, əлде шешемнің қалауы ма, 1932 жылы туылған қарындасым Сайраға 6 ай толған кезде шешем Мəскеуге оқуға кеткен. Былай болған деп нақты кесіп айта алмаймын. Өйткені ол кездегі əкем мен шешемнің не ойлап, не қойғанын мен білмеймін ғой. Əкемнің əкесі ауылға қайтқан. Бізге мамамның Айша Сиқымбаева деген əпкесі қараған (Айша күйеуінің фамилиясына жазылған). Баласы болмаған. Бірақ əкем сол кезде төртінші əйелі Фатима Ғабитованы үйіне кіргізіп алады.

Мен сол үйде болыппын. Ал Сайра шетінеп кетеді. Айшекеңнің маған жылап айтқаны мынадай: «Бірде үйлеріңе келсем, сенің жан дауысың шығып жылап
жатыр екенсің. Баланы үйде қалай жалғыз қалдырады деп, жүрегім ауырды. Сосын өзіммен бірге алып кеттім». Қарындасым қайтқасын шешеме телеграмма салыпты. Анам «қызымды өлтіріп алдыңдар» деп жылапты. Бұл жерде мен ешкімді кінəлай алмаймын. Шешемнің де мінезі бірбеткейлеу болған-ау. Мені алып Түркістанға, Сəдуақас ағайдың үйіне кетіп қалады. Айшекең: «Əкең ол кезде Фатимамен тұратын. Менің үйіме келіп шешең екеуі түпкі үйде бір сағаттай сөйлесті. Ілияс менімен жылы қоштасып кетіп қалды. Шешеңнен «не болды?» деп сұрап ем, «Ажырастық», – деді. Балаң бар, қалай ажырасасың деп жүрмін. Сонда «жұмысың болмасын» деді», – дегені бар.

– Əкеңіз анаңызбен Мəскеуден келгеннен кейін ажырасты ғой?

– Иə-иə, Сайра қайтыс болған соң. Екі жылдай Түркістанда тұрдық. Қазақтың əн-күйлерін жинаған Затаевичке əкем көп көмектескен екен. «Моему лучшему другу. Спасибо за помощь» деп қолтаңбамен кітап берген Ілекеңе. Ол менде, не Ильфада сақтаулы. Əн-күйді жинап жүріп, əкем Түркістанға Сəдуақастың үйіне барады. Сол кезде шешеммен сөйлесіп, екеумізді Алматыға əкеліпті. Əңгіме қосылуда емес, баласы үшін, баласын көріп тұру үшін шақырған ғой.

Біз Алматыға келгенде əкем Фатима Ғабитовамен бірге тұратын. Фатима үш бала тапқан жолдасы Білəл Сүлеев түрмеде отырғанда, менің əкеме кетіп қалған. Білəл түрмеден шыққан соң өзіне сыймай, Қарақалпақстанға кетіпті. Сонда басшылық қызмет істеген.

Кейіннен ол да ұсталып, атылып кеткен. Фатиманың Білəлдан бір қызы, екі ұлы болған. Фатима Ғабитоваға еш өкпем жоқ. Ол туралы сəл кейіндеу айтамын. Фатиманың Білəлдан туған Азат деген ұлы менімен жасты болатын. Ол əкеммен бірге тұрды. Менің əкемнен Фатима тəте Үміт, Ильфа, Болатты туды. Үміт 1933 жылғы. Дəрігер болған. Ильфа 1935 жылы, Болат 1937 жылы туылды. Содан кейін соғыс уақытында Мұрат туылды. Мұрат – Мұхтар Əуезовтен.

Алматыға қайта келгенде мамам филармонияда істеді. Бізге жатақхана берді. Күлəш Байсейітова, Жамал Омаровалар біздің үйге жиі келіп тұратын. Ілекең де үйге келетін. Ол келген кезде мамам сыртқа шығып кететін. Екеуі солай келіскен болуы керек. Əкем құшақтап, ойнатып кететіні еміс-еміс есімде.

Бір күні дəлізде ойнап жүрсем, күнде өзім көріп жүрген кісі: «Бері кел», – деп мені өзіне шақырды. «Енді сен мені «папа» деп айт. Мен сенің папаңмын», – деді. Мамаммен келе жатқанда, əлгі кісіні қолыммен көрсетіп: «Папа келе жатыр», – дедім. Мамам мені үйге кіргізіп алып оның əкем емес екенін, олай айтпауымды əбден түсіндірді. Бірақ кейіннен екеуі қосылды.

– Ол кім?

– Ибади Тəуекелов деген драма театрда істеген артист. Кейін ол да ұсталып кетті. Бірақ атылған жоқ. Қарағанды жақтың азаматы. Өгей əкемді жұмыстан қуып, қудалай бастаған кезде Семейдің Абыралы деген жеріне көшіп бардық. Ол жақтағы райкомның бастығы Айшекеңнің жолдасы болатын. Ол кісі Ибадиді мектепке завуч, мамамды мұғалім етіп кіргізіп қойды. Шамамен бір жарым жылдай сонда болдық. Сол аралықта Саида деген қарындасым туылады. Ибадиден. Қарындасым қазір Мəскеуде тұрады.

Қайта Алматыға келгенде шешем музыканы тастап, «Социалистік Қазақстан» газетіне корректор болды. Айшекең сол газетте машинистка болып істейтін. Əупірімдеп жүріп жұмысқа кіргізген сол ғой, аз-маз беделімен. Соғыс кезінде Айшекең Жұбан Молдағалиевтермен бірге фронтта болған. Мамам туберкулезбен ауырды. Өйткені мамам да қудалау көрген. Корректор болып жүргенде «Ұлы Сталин» деген сөз «Улы Сталин» боп жазылып кетіп, біраз əбігерге салған. Соғыс жылдарында солай шешемнен айрылып қалдым. Ауырып жүріп бізді уайымдайтын. Айшекеңе хат жазып, қайтуын өтінетін. Саиданы Ибадидің туыстары алып кетті. Ал менің туыстарымнан еш хабар болмады. Əкем 1938 жылы атылып кеткен. Бірақ ол кезде атылып кеткенін білмейтінбіз. Шешем 1942 жылы қайтыс болып, жалғыз қалдым. Витали Энголи деген көрші досым болды. «Ленинская смена» деген газетте талай жыл редактор болған. Сол екеуміз жұмысқа тұрдық. Прокуратурада «барып кел, шауып кел» деген
жүгіртпе жұмыстар істедік. Сонда бірде қант, бірде нан, бірде шəй түрінде айлық беретін.

1945 жылы Айшекең фронттан келгенде, өміріміз жақсарды. Достары да көп, жұмыс та істейді, тұрмысты тұрдық. Мені қайтадан оқуға жіберді. №25 мектепте оқыдым. Мектепте оқып жүргенде жəй жүрмей, жаңадан құрылған халық аспаптары оркестрінде домбырашы болдым. Оған мені баулыған – Тұрғыт Османов. Бірде бір əйел менімен қатар баласын ертіп келіп:

«Айналайын, Саят, тірі екенсің ғой», – деді. Айшекең: «Сендер қандайсыңдар, «тірі екенсің ғой» деп енді келіп тұрсыңдар. Далада жалғыз қалған. Неге қарамадыңдар!» – деп өктем-өктем сөйледі. Олар Талап Сұлтанбеков пен шешесі екен. Талап əкемнің бауырының баласы. Ол да жазушы. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа сабақ берген ұстаздарының бірі. Одан кейін тағы бір ағам келді. Əкемнің немере бауыры. Тау-кен инженері Болатхан Тəшім. Мəскеуде Қонаевпен бірге оқыған. Ташкент жақта қызмет істеген. Болатхан ағаның айтуымен сол кісі оқыған институтқа оқуға кеттім. 1949 жылы. Өмір бойы тау-кен саласында инженер болып істедім. Студент кезімде жақсы тұрдым, бəрі жеткілікті болды. Өйткені стипендиямнан бөлек, Болатхан аға ақша салып тұрды.

Ауылдан келген соң Азат өз бетінше Мәскеуге кетті. Тәтеша (Фатима) менімен бірге Мәскеуге барды. Сонда Азаттың жатақханасында бірер апта, менің жынымда бірер апта жатты. Сөйтіп тұрмысымызды өз көзімен көріп кетті.

Оқу бітірген соң Қарқаралы шахтасында жұмыс істедім. Менің жағдайымды білуге келген Айшекеңе тұрмысым ұнамайды. Фатима екеуі өзара сөйлескенде, «Мен оған әйелді өзім алып беремін», – депті Фатима тәте. Міне, солай бір отпускіге келгенде Фарида апаңмен таныстырды. Бірге ғұмыр кешіп жатқанымызға 65 жыл болды. Екі қызымның шешесі. Біреуі Хорватияда тұрады. Отбасылы. Екіншісі Алматыда тұрады. Есімдері Жамал, Резеда.

– Атын неге Резеда деп қойдыңыздар?

– Татардың аты ғой. Мына кісінің шешесі қойдырды. Абика дейтінбіз оны. Резада жақында келіп-кетті. Мына жүрген еркек Леша Жамалдың күйеуі. Екеуміз де аурумыз. Мен аяғымды сындырып алғам, Фарида одан бұрын құлаған. Қызым мен күйеубалам бізге қарасып тұрады. Немерелері бар.

Леша сұқбаттасып отырғанда жуылатын киімдерді мәшинеге салып, үйін сыпыртқымен сыпырып жүрді. Қарт кісілерге қарасып жатқан азаматқа риза болып кеттім. Туған баласындай қамқор екен.

Үміт Жансүгірованың жарияланбаған қолжазбасы…

Ал Саят ата бізге әкесі туралы жазған, жинаған материалдарын көрсете бастады. «Аяғым ауырғасын саған көрсететіндерімді дайындап үлгермедім. Жағдайым келмеді. Мына суретті қара, Ілекең Максим Горькиймен түскен. Ортасындағы әйелді танымадым. Мына қолжазба Үміттің мақаласы. Әкем туралы жазған. Сол күйі жарыққа шықпай қалған. Мынау менің әкемнің өлеңдерін қазақшадан орысшаға аударғандарым», – деді. Үміт Жансүгірованың қолжазбасын суретке түсіріп алдым. Онда не дейді. Қысқаша баяндай кетейін.

Материалда әкесінің төрт рет некелі болғанын айтады. Саят ата «Бірінші әйелінің есімі – Жәмила. Ауылдасы. Жасы өзінен үлкен байдың қызы болыпты. Екінші жары Аманша 1927 жылы босана алмай, бала үстінде қайтыс болыпты. Одан кейін менің шешемді алған» деген болатын. Үміт апа Ілиястың балалары соңғы екі әйелден екенін айтып, Фатима Төребаеваның мықты әнші болғанын, шыққан тегі туралы дерек келтіреді. Сұлу, қос өрім шашы болғанын суреттейді. Одан туылған Саяттың екі бірдей тамаша қыз тәрбиелеп отырғанын жазады. Бастапқы кезде Саят деген бауырлары болғанын білмепті. Мектепте Роза Нығметова деген қыздан әкелерінің тағы басқа әйелден баласы барын біліп, біраз пікірталасқа туған екен. Үміт апа бауыры туралы мақтанышпен жазады. Оның музыкаға жақындығын, оркестрде ойнағанын, нағашысының әйгілі дирижер Тұрғыт Османов екенін, Айша апа мен қарындасы Саиданы да тілге тиек етеді. Қолжазбаның соңына қазақшалап «Үміт Ілияқызы Жансүгір тегі, 25 желтоқсан, 1993 жыл, Алматы» деп жазып, үйінің мекенжайы мен телефонын көрсеткен.

Саят ата әкесі туралы жазатынымызға қайта-қайта ризашылығын білдірді. Әкесіне арнаған өлеңін ақырын музыкасымен шырқап та берді. Қарындасы Ильфамен телефон арқылы сөйлестіргісі келді. Қыздары арқылы байланысқа шығып, сұқбаттаса алмағанымызды айттық. «Иә, денсаулығы болмай жүр», – деді сосын күрсініп. Жансүгіровтің қарашаңырағындағы ұлымен жылы қоштастық. Есіктен шыққанша рақмет айтып жатты.

Ілиястың махаббаты…

Ілияс Жансүгіровтің Фатима Ғабитоваға деген көңілі ерекше болған сияқты. Екеуара жазысқан хаттарын оқысаң, махаббаттарының оты ерте тұтанғанын көресің. Екеуі де некелі болып, оның үстіне Біләл мен Ілияс дос болған соң әдеп сақтағандай көрінеді. «Менің анам Фатима Ғабитованың кейінгі ұрпаққа қалдырған мол рухани мұрасының ішінде әкеміз Ілиястың өзіне 17 жыл бойы жазған өлеңдері біздің отбасымыз үшін ерекше ыстық еді. Ол өлеңдерді әкеміздің және анамыздың өсиеті бойынша ешқайда жарияламай сақтап келдік. Өйткені анам оны тек өз шаңырағының киесі деп қасиет тұтатын. Жылдар өтті. Енді ойлап қарасам, әкемнің жан сырын тереңірек аша түсетін бұл тамаша өлеңдерді ұрпаққа таныстыру керек екен», – депті Ильфа Ілиясқызы «Мен осы – шынайы махаббат иесі» дейтін Ілияс Жансүгіровтің кітабында.

Мен қосылдым өзіңе,

Зарығып, сүйіп неше жыл.

Тоғыз жүз отыз екінші,

Жаңа өмірге кірген жыл, – дейді Жансүгіров.

1932 жылы Ілияс Жансүгіров Фатима Ғабитовамен бас қосады. Фатимамен бірге тұрған жылдарында Жансүгіров өнімді еңбек етіп, өзінің сүбелі шығармаларын жазыпты. Фатиманы «әйелсің, балаң бар» деп үйде отырғызып қоймапты. Балаларына қарайласатын адам жалдап, жарын мұғалімдік қызметінен ажыратпапты. Біләлдан туылған Азатты туғанындай көріп, маңдайдан иіскеп, аялы алақанын аямапты. Фатима мен Ілияс 5 жыл бірге өмір сүріпті.

Мен айналдым көзіңнен,

Жаутаңдаған жаным-ай!

Сол көзіңнен қызулы от,

Тұрған сынды жанып-ай.

Сені көрсем көңілім тоқ,

Көрсем көзім көңілім жай.

Егер сені көрмесем –

Көңілім быт-шыт, мазам жоқ,

Бұл не болды апырмай!.. – дейтін Ілиястың махаббат туралы өлеңдерінің барлығы Фатимаға арналыпты. Фатима Ғабитованың да шынайы махаббаты Жансүгіров болғанға ұқсайды. Үшінші рет тұрмыс құрған Мұхтар Әуезовпен жазысқан  хаттарын оқып отырсаңыз, араларында махаббаттан гөрі балаларға деген қамқорлық, солардың болашағына деген алаңдаушылық басым болғанын байқайсың. Себебі, екеуара хаттың негізгі тақырыбы – ақша, күнкөріс қамы! Фатима Ілиясты сүймесе, кейіннен ұлы Саятты іздеп, оны үйлендірмес те еді ме?..

Саят атамыздың анасы Фатима Төребаеваның Мәскеуге оқуға кетіп қалуына да Ілияс пен Фатима Ғабитованың екеуара жазысқан хаттары әсер еткен шығар. Кім білсін… Біз де былай болған деп нақты кесіп айта алмаймыз. Биыл қазақ поэзиясындағы өлеңді жаңа өрге шығарған Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл. Ол зұлмат жылдары «халық жауы» атанып, 44 жасында атылып, үйінді үйдің астында қалған. Қазақ әдебиетіндегі күрескер тұлғаның өмірін, ұрпақтарын жасөскін оқулыққа қосымша ретінде біле жүрсін дедік. Шығармаларын оқып жүрміз ғой, достар?

Жадыра
НАРМАХАНОВА

Ұлан» газеті, №25
18 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз