Газеттегі «Əлемді өзгерткен балалар» айдарынан қоғам үшін пайдалы іспен айналысып, түрлі өзгеріс жасап, жаңалық ашқан əлемдегі ерекше балалар туралы оқып жүрген шығарсыңдар? Осындай оқушылар өзіміздің Қазақстанда да бар. Мысалы, Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Айнұр Аман, Құндыз Мұқтар, Алуа Тұрсынхан жақында «Technovation» байқауына ерекше жоба жасады. «Challenger мобильді қосымшасы адамдарды ізгілікке, игі іс-əрекеттер жасауға шақырады», – дейді қыздар. Мобильді қосымша, байқаудың қалай өткені туралы оқушы қыздардың өздерінен толығырақ сұрап-білдік.

Ұлан: Қыздар, «Technovation» деген қандай байқау?

Құндыз Мұқтар: «Technovation» – 10-18 жас аралығындағы қыздарға арналған байқау. Халықаралық байқауға əлеуметтік маңызы бар мобильді қосымша жасаған қыздар қатыса алады.

Ұлан: Байқау туралы қайдан естідіңдер? Байқауға қанша жоба ұсынылды?

Айнұр Аман: Біз бұл байқау туралы бұрын қатысқан құрбыларымыздан естідік. Байқаудың өңірлік іріктеу кезеңіне Қазақстанның 14 қаласынан 60-қа жуық команда қатысты. Əр командада 1-5 қатысушы болады. Біздің топта мен, Айнұр Аман жəне Алуа Тұрсынхан есімді қыздар болды. Біз Талдықорған қаласындағы физикаматематика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқимыз. Жасымыз 17-де.

Ұлан: Байқауға қатысатын жобаларға қандай талап қойылады?

Айнұр Аман: «Technovation » байқауына қатысатын жобалар денсаулық, білім,
қоршаған орта жəне ойын-сауық саласы бойынша əлеуметтік мəселелерді шешуге бағытталуы керек.

Ұлан: Байқауға қандай жоба ұсындыңдар? Оны қанша уақыт жасадыңдар?

Құндыз Мұқтар: Біз байқауға ұсынатын жобамыздың идеясын 2018 жылы ойлап таптық. Жаңа əлеуметтік желі жасағымыз келді. Алайда, Айнұр, Алуа үшеуміз 12-сыныпта оқитындықтан, емтиханға дайындаламыз деп жобамызға көп уақыт бөле алмадық. Бар болғаны бір айдың ішінде мобильді қосымшаның кодын жазып, дайындап, байқауға қатыстық. Біз жасаған «Challenger» əлеуметтік желісі арнайы сыйлыққа ие болды. Бірақ, біз үшін жобамыздың жүлдесі емес, идеясы, адамдарға пайдасы маңыздырақ.

«Challenger» деген қандай желі?

Ұлан: «Challenger» деген қандай мобильді қосымша? Желінің қандай функциялары бар?

Айнұр Аман: «Challenger» – адамдардың ой-санасын өзгертуге бағытталған, əлемді жақ- сартуға арналған, адамдар арасында ізгі іс-əрекеттер жасауды насихаттайтын мобильді қосымша. Алғашында «Technovation» байқауына қандай мобильді қосымша жасаймыз деген сұраққа ұзақ жауап іздедік. «Біз жасайтын мобильді қосымша ғаламдық мəселелерді шеше ала ма?» деген сұрақ төңірегінде ойланып көрдік. Зерттей келе, мəселені қосымша емес, адамдар шешетінін түсіндік те, қолданушылары көп болатын əмбебап дүние ойлап табу керек деген шешімге келдік. Сондықтан жай ғана мобильді қосымша емес, əлеуметтік желі жасап шықтық.

Ұлан: «Challenger» қалай жұмыс істейді?

Құндыз Мұқтар: Алдымен біз жасаған «Challenger» мобильді қосымшасын жүктеп алып, тіркелу қажет. Мобильді қосымша байқаудың шарттары бойынша денсаулық, білім, қоршаған орта жəне ойын-сауық мəселелерін қамтуы керек. «Challenger» қосымшасында рандом əдісі арқылы қолданушыға түрлі тапсырмалар бері- леді. Берілетін тапсырмаларды өзіміз құрастырдық жəне барынша шынайы өмірмен, еліміздегі мүмкіндіктермен байланысты болғанын қадағаладық. Мысалы, денсаулық сақтау саласы бойынша «1 литр су ішіңіз», білім бойынша «осындай кітапты оқыңыз» деген сияқты тапсырмалар болады. Қолданушылар осытапсырмаларды орындап, əлеуметтік желіге фото немесе видео ретінде есеп беруі керек. Тапсырмалардың ішінде қоғамдық мəселелерді шешуге арналған тапсырмалар да бар. Мұның бəрін əлеуметтік желімізге тіркеліп, өздеріңіз көргендеріңіз дұрыс шығар.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №25
18 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз