Өткен санда қызылордалық оқушылардың мектеп ауласына қырық түп тал еккенін жазып едік. Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мектеп асханасы үшін жылыжайда көкөніс өсіретінін естіп қуандық. Игі іске мұрындық болып жүрген мектептің биология пəнінің мұғалімі Сейітжан ағай Жарылғасын екен.

– Жылыжайдың іргетасы 2017 жылы ЭКСПО кезінде қаланды. Мектеп аумағына
пластикалық бөтелкелерден жылыжай салу – мектептің оқушылары мен мұғалімдердің идеясы. Бұл əдіс арқылы елдегі экологиялық мəселені шешіп, табиғи ресурстар мен қалдықтарды өңдейміз. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар жарты жыл бойы бөтелке жинады. Құрылысқа кіріскен кезде ғимараттың іргетасына бөтелкені пайдаландық. Ол іргетастың берік сақталуына көмектеседі екен. Материал органикалық шыны болғандықтан, температураға төзе ме, төзбей ме деп уайымдадық. Алғашында тамырын ғана егіп көрдік. Қазір жылыжай балалардың ғылыми жобаларының тəжірибе алаңына айналды. Мақсат – біреу. Мектеп асханасын экологиялық таза көкөністермен қамтамасыз ету. Қаражатпен қамтамасыз ететін кəсіпкерлерді тапқаннан кейін, жұмысты бастадық. ЭКСПО көрмесінде жылыжай салу жобасы жүлделі орын алып, балалар Астанаға қонақ болып қайтты, – дейді пəн мұғалімі.

Ақторғын Елеусізова мен Қымбат Хайруллаева жылыжайдағы көкөністерден
жоба қорғап жүрген оқушылар. «Пайда болған жаңа өнімнің берері мол», – дейді
өздері.

– Зияткерлік мектепке былтыр ғана қабылдандық. Биыл 7-сыныпты аяқтадым.
Жылыжай бізден бір жыл бұрын ашылған. Маған биология пəні ұнайды. Ғылыми жобаларға қатысуды армандадым. Менің жобамның тақырыбы – банан мен кофе арқылы шалғамның (редиска) өнімділігін арттыру. Басты мақсатым – шалғам өсіру кəсібінің тиімді жолдарын ұсыну. Мектеп асханасынан қалған бананның қабығы мен кофеден ерітінді дайындап, екі күн сайын шалғамды суғарып отырдым. Бірнеше күннен кейін өскін пайда болды. Ұзындығы мен топырағын тексеремін. Банан мен кофені тыңайтқыш ретінде қолданғандықтан, олар шалғамға көп өзгеріс берді. Жылыжайда шалғам көбейіп, тамырынан өзгеріс байқалды. Жылыжайда өсірілген жеміс-жидек пен көкөністер мектеп асханасы мен жатақхананың балаларына таратылады, – дейді Ақторғын.

Биология жəне ғылыми жобалар бойынша практикалық сабақтарды
халықаралық оқытушы Джоан Браун жүргізеді екен. Жылыжайдан Ирландиядан арнайы əкелінген ерекше сортты өсімдіктерді де кездестіруге болады. Балалар аптаның екі күнінде жылыжайға барып, көшеттерінің түбін қопсытады. Басқа
оқушылармен бірге ғылыми эксперимент те жүргізеді екен. Көктемде мектеп алаңына гүлдер отырғызып, талдарды əктейді. Оқушылардың қолымен егілген жүзім, алма, шие ағашы мектеп ауласына көрік беріп тұр.

Гүлдана
НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №25
18 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз