Көктем келіп, күн жылынған мезгіл.

Аналық қаздар ұяларына жайғасып алып, жұмыртқа баса бастады. Таңнан қара кешке шейін қозғалмайды. Алдына қойылған жемнен жеп, су ішеді, болды. Ал ата қаз болса, жалғызсырайтын болу керек, теңселіп ары-бері жүреді. Доғадай иірілген сұлу мойнын иіп, омырауын кербездене кереді. Құс патшасындай маңғаздана басады. Бірақ ол соншалықты сабырлы болмай шықты. Өте қызғаншақ екен.

Бір күні келесі жылы мектепке баратын Асқар інім ауладағы арықтың жағасында ойнап жүр еді. Бір кезде бақырып тұра қашты. Артынан білдік, ата қаз жақындап барған Асқарды көре сала мойнын созып, тұра қуыпты. Көп өтпей жетіп келіп, қанатымен салып өткен. Қатты соққыдан Асқар жерге құлап түсіпті. Онымен қоймай, ата қаз қаңқылдап келіп, балтырынан тістеп алған.

Бұл қылығын дұрыс көрмей, ата қазды ұстап алдым да, қораға қамап тастадым. Жылап қалған ініме сонан соң барып бұрылдым. Көгерген жерін көргенде, жаным ашып тұрса да, оны жігерлендіріп:

– Жігіт деген жылай ма екен? Қорқақ көлеңкесінен де қорқады, қас батыр жауын жеңгенше жортады. Ешкімге соқтықпа, ал өзі тиіссе аяма,– дедім жұбатып.

Менің бұл сөзімнен кейін сәл жүрек тоқтатқан інім өксігін басты.

– Енді ата қаз тиіссе, қорықпай, қолыңды алға қарай соз да, мойнынан ұстай ал, сонан соң жанды жерінен теп,– дедім, қалай жалтарып, қалай қармаудың әдісін үйретіп. Асқар мұқият назар салып, меңгеріп алғандай болды. Үйреткенім бойынша, қолдарын қимылдатып, қайта-қайта жаттығып қойды.

Қолым бос болған соң қайтер екен деп ертеңіне Асқарды бақыладым. Бала емес пе, кешегі жағдайды ұмытып қалыпты… қаздың күркесіне тағы жақындады. Ата қаз және қуды. Біз қызығы, бұл жолы Асқар аса сасқан жоқ. Кешегі үйреткен әдісім жадында екен. Шабуылшы қоразды қанатымен сабалағанына қарамай, ұзын мойнынан қос қолымен ұстай алды да, кеуде тұсынан теуіп-теуіп жіберді. Қарсыласының тепкісінен сескеніп қалған ата қаз ойламаған соққыдан әрең құтылып, қаша жөнелді. Дес алған Асқар оны біраз жерге дейін қуып барып, екінші қайта беттемес қылып тастады.

Болған жайды көріп тұрған мен інімнің алдынан шығып:

– Жарайсың, батыр! Ата қазды жеңдің. Енді қорықпа.Ол саған тиіспейтін болды,– дедім басынан сипап.

Айтқандай-ақ, сол оқиғадан кейін ата қаз Асқарға жоламайтын болды.Алыстан орағытып, ұзын мойынын ініме бір созып, бір тартып алып, қашықтан айбат шегіп, жасқана ысылдап жүретін болды.

Талдықорған қаласы

Суретін салған Ерлан МОМБАЕВ

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз