Балжан Абылғазиева – Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында орналасқан Каннам университетінде білім алып келген талапты жастардың бірі. Сүлейман Демирел университетінде оқып жүріп, аяқ астынан Кореяға оқуға барған кейіпкеріміздің басынан өткен қызықты сəттері мен шекара сыртында алған əсері «Ұлан» оқырмандары үшін де пайдалы деген ойдамыз.

– Балжан, Корея несімен ұнағанын айтайықшы алдымен?

– Кореяның халқы киноларында қандай болса, өмірде де дəл сондай. Өздеріне өте көп күтім жасайды, сəнді киінеді, нəзік келеді. Ұлдары да, қыздары да бойшаң, ұқыпты. Өңдері аппақ. Əдемі қыз-жігіттер көп. Адамдардың ішкі мəдениеті өте жақсы дамыған. Қауіпсіз. Тəуліктің кез келген уақытында алаңсыз көшеге шығып, шаруаңызды бітіре аласыз, емін-еркін қыдырып жүрсеңіз де болады. Қандай да бір затыңызды ұмытып кеткен болсаңыз, келесі күні сол жерден таба аласыз.

Кəрістер өте ұялшақ əрі қонақжай. Ұстаздардың өзі шетелдік студенттерге иіліп
амандасады. Бұл мəдениет ерекше жылылық сыйлайды. Жергілікті жастар шетелдік студенттермен келіп сөйлесуге ұялады. Олардың ойынша, біздің ағылшынымыз нашар. Өздері ағылшын тілін жақсы білеміз деп ойлайды. Шет елден келген студенттерге əр кез жаныңнан табылатын бір жергілікті студент бөледі. Менің де жанымда бір қыз болды. Уақыт өте келе құрбымдай болып кетті. Маған апта сайын қалам, блокнот беріп, өздерінің ұлттық тағамдарын, рамён əкеліп тұратын. Өзі сондай қолы ашық қыз екен. Басында мен оны түсінбей, күмəнданып жүрдім.

Сондай-ақ, олар шынымен пластикалық операцияны көп жасайды. Бірақ өте табиғи жасалады. Олардың тарихына үңілсек, қатты сұлу халық емес. Қараторы болған деседі. Ал біз көрген кəрістер əппақ. Дұрыс тамақтанудан, жақсы күтімнен терілері ағарған. Олар күннен қатты қорғанады. Күнді зиян деп есептейді. Ерлер де, əйелдер де күннен қорғанатын крем жағады. Сұлулыққа денсаулық ретінде қарайды. Сонымен қатар, Корея халқын дінсіз халық деп біледі ғой.

Олар бүгінгі күні христиан дініне көп өтіп жатыр. Шіркеу көп. Сол шіркеуде сектанттар жүреді. Олар кез келген жерде жүріп, шетелдік студенттермен
сөйлесіп, оларды алдауға, өздеріне шақыруға тырысады. «Есімің кім, қай елден келдің, біз саған Кореяны көрсете аламыз, өзіңді жалғыз сезінсең бізге хабарлас» деп айтып жатады. Жатақханаға келіп, студенттермен сөйлеседі. Ағылшын тілін жетік меңгерген. Бір күні көшеде жүрген кезімізде, алып кете жаздағаны бар. Кішкене дауыс көтеріп, ренішіңді білдірген кезде олар да сескеніп қалады.

Жастары өте білімді. Көп оқиды. Күнделікті сабақ уақытында кітапханадан бос орын таппайсыз. Ғылым-білімге үйір. Бəрі бірдей жұмыс істеп, тапқан қаржысын өздерінің дамуы үшін жаратады. Басым көпшілігі қымбат ұялы телефон, қымбат техника пайдаланады. Саяхат жасау – олар үшін ең үлкен мақсаттардың бірі. Мəдениет тануға көбірек көңіл бөледі. Өздеріне көп уақыт арнайды. Бірақ жастар ішімдікке жақын. Жұма, сенбі, жексенбі күндері олар үшін демалыс. Сабақтан шыға салып, жиналып, ішімдік ішіп көңіл көтереді. Бірақ бəрі өз орнымен. Орынсыз іс жасамайды. Əрі кетсе қатты күлетін шығар.

– Не нəрсе таңсық болып көрінді?

– Кореяда жергілікті студенттер емтихан уақытында мүлдем телефон қолданбайды. Емтихан уақытында телефон қолдану – мүлдем талқыланбайтын дүние. Бұл нəрсені ұстаздары да, өздері де дұрыс деп есептейді. Біздің елде қолданбау керек десе де, бір амалын тауып қолдануды ойлап тұрады ғой. Ол жақта студенттер олай ойламайды.

– Материалдық жағдайы қалай? Қарапайым студенттің жағдайы қандай?

– Тамақ қатты қымбат. Киім арзан. Ұлттық тағамдары өте ащы. Ащы емесіне
тапсырыс берсеңіз де, ащысын əкеліп береді (күліп). Олар нан жемейді. Барлық
тамақпен күріш жейді. Бұрын кəрістерде мүлдем семіздік деген болмаған. Жергілікті халықтың айтуы бойынша, қазіргі уақытта көбейіп келе жатыр екен. Жан-жақтан келген мəдениет оларға да əсерін тигізіп жатыр. Дегенмен, жергілікті халық мейлінше диетологтар кеңес еткен тағамдарды ғана пайдаланады.

– Қазақстандық білім беру жүйесімен салыстырғанда, қандай айырмашылық бар?

– Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Менің ойымша, бұл СДУ-дың білім беру жүйесі халықаралық деңгейде екенін көрсетеді. Студенттермен қарым-қатынас, мультимедиа бағытында білім беру, ұстаздардың біліктілігі бəрі бірдей. Халықаралық стандартқа сай. СДУ-дың ұтымдылығы осында деп ойлаймын. Ал жалпы Қазақстан жайында біле бермейді. Көбі Өзбекстанды біледі. Қазақтарды əртүрлі ұлтқа ұқсата береді.

– Неліктен басқа елді емес, Кореяны таңдадың?

– СДУ-ға оқуға түскеннен бастап, Еxchange бағдарламасымен Түркияға баруды жоспарладым. Түркия елінің актерлары мен əндері, жалпы мəдениеті ұнап жүрді. Бірақ кейіннен университеттің Түркия елімен серіктестігі аяқталған соң, ол жаққа баруға мүмкіндік болмады. Үшінші курста Корея еліне деген махаббатым ояна бастады. Биыл сəті түсіп, жақын құрбым Араймен бірге Кореяға бардық. Бірінші мақсат ағылшын тілін жақсарту болған еді. Бірақ ағылшын тілін дамыту үшін Корея жақсы таңдау емес. Негізі тіл көтеру үшін Еуропа елдері жəне АҚШ тиімді. Ағылшын тілі өте жоғары деңгейде болмаса да, жаңа достар, жаңа мəдениет үйрендім. Ол жаққа өте көп шетелдік студент келеді. Олардың əрқайсысы əр елдің мəдениетін ала келеді. Сол үшін де маған үлкен тəжірибе болды.

Ал қалай тапсырғаныма келсек, бірінші университетіміздің залында Еxchange бағдарламасын таныстырды.Ол кезде біз аса мəн бере қоймадық. Себебі бəрібір оқуға түсе алмаймыз деген күдігіміз басым болды. Бір-екі күн қалған кезде бақ сынап көрейік деп ойладық. Ең алдымен тест тапсырдық. Тест қатты қиын болды. Тест басталуға 5 минут қалған кезде шығып кеткім келді. Бірақ соңына дейін жазып шығуым керек деп өз-өзімді жігерлендіріп, сол жерде қалдым. Екінші күні ауызша болды. Ол жерде де өзімді көрсете алдым деп ойламаймын. Бір аптадан кейін жауап шығуы керек еді. Біз өткен жоқпыз деп ойлап жүрдік. Хат келді. Түсініксіз болған соң, сол бағдарламаны ұйымдастырушылардан қайтадан сұраған кезде, ол кісілер өткенімізді айтты. Үшінші мəселе – құжат жинау. Менің төлқұжатымның мерзімі өтіп кеткен екен. Үш күннің ішінде жасатпасам, үлгере алмай қалады екенмін. Ол үшін қосымша ақша қосу керек болды. Əйтеуір қиындықпен, соңғы күні барып құжатты өткіздік. Екі-үш айдан кейін шақырту хаты келді, визаға тапсырыс беріп, билет алып, Корея еліне топ ете түстік.

– Əңгімеңе рахмет, Балжан. Еңбегің жансын!

Əңгімелескен
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз