Үлкен теннисте жыл сайын өткізілетін төрт  «Үлкен дулыға» санатындағы турнир бар. Оның арасында топырақта (грунт) ойнайтыны біреу –  ол «Ролан Гаррос» додасы. Биыл осы турнирдің әйелдер арасындағы чемпиондық титулын Эшли Барти жеңіп алды.

Аустралия үміт артқан 23 жастағы Барти финалда чех қызы Маркет Вондроушованы жеңді (6:1, 6:3).

Жалпы, қазір әйелдер арасындағы теннисте  «кез келген теннисші бір-бірін ұта алады» деген тәмсіл қалыптасқан. Бұл жай ғана кезекті фраза емес, шынымен тәжірибе жүзіндегі шындық. «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлер басталмас бұрын ерлер арасында кімдердің фаворит екенін айқындау аса қиын емес. Ал әйелдерде жағдай мүлдем басқа. Мысалы, Барти наурыз айының соңында рейтингте, тіпті, алғашқы ондықта жоқ болатын. Париждегі финалдан кейін екінші орынға дейін көтерілді.

Эшлидің «Үлкен дулыға» турниріндегі жетістіктері:

Australian Open –  ширек финал (2019);

«Ролан Гаррос» — титул (2019);

Уимблдон – 3-айналым (2018);

US Open – 4-айналым (2018).

«Ролан Гаррос» додасында Аустралия қыздарының топ жармағанына жарты ғасырға жақындаған. Соңғы рет жасыл құрлықтан Маргарет Корт  Парижде үздік шыққан. Бұл 1973 жыл болатын. Ал Ивонн Гулагонг-Коулидің 1980 жылғы «Уимблондағы» жеңісінен кейін 2011 жылғы Саманта Стосур US Open-ды ұтты. Содан бері  Аустралияның аруларының теннис әлеміндегі мэйджордағы чемпиондық кубоктары тоқтап тұрған еді.

Аустралия – эмигранттардың елі. Бұл мемлекеттің намысын қорғап жүрген теннисшілердің көбі өзге жерде дүниеге келген. Айла Томлянович – хорват, Дарья Гаврилова – ресейлік, Астра Шарма Сингапурде дүниеге келген. Оның әкесі Үндістаннан, анасы Қытайда туған. Тіпті, топ-100 теннисшінің қатарында Бартиден басқа жасыл құрлықта кіндік қаны тамған теннисші жоқ. Эшли – жалғыз. Айтпақшы, Бартидың әкесі мемлекеттік кітапханада жұмыс істейді, анасы Англиядан көшіп келген. Мамандығы – дәрігер-рентгенолог.

«Ролан Гарростың» болашақ чемпионы теннис ойнауды 4 жасынан бастаған. Бала кезінде сондай-ақ нетбол ойнаған (баскетболға ұқсас дәстүрлі әйелдер спорты). Эшли нетболды екі себеп бойынша тастап кеткен. Біріншіден, тек әйелдер ойнайтын спортта жүргісі келмеді, екіншіден оның екі әпкесі бірдей нетболды бұдан жақсы ойнайтын.

Ол теннисті өзінен бірнеше жас үлкен жігіттермен жаттығып үйренген. 9 жасында 15 жастағы бозбалалармен ойнайтын болған, ал 12 жасында 18 жастан асып кеткендермен дайындалатын.

Барти осының арқасында тез танылды. Жасөспірімдер арасындағы жарыстарда жиі көзге түсіп жүрді. 14 жасында Уимблдонда (жасөспірімдер арасындағы) топ жарды. Араға бір жыл салып, ол ересектер арасында кәсіби теннис ойнауға көшті. Ал 16 жасында «Үлкен дулыға» санатындағы үш турнирдің жұптық кезеңіндегі финалына шықты. 16-17 жасында әлемдік рейтингте топ-50 теннисшінің қатарына кіруге жақын болған. Бірақ кейін үнемі үйін сағынатынын айтты. Күйзеліс белгілері байқала бастайды.

«Өкінішке қарай, бұл дерт оған менен жұқты. Мен бұрыннан осы депрессиядан күйзеліп жүргенмін. Сол үшін дәрі де ішемін», – деп мойындады әкесі Роберт.

Жұптық бәсекедегі жетістіктері:

Australian Open – финал (2013);

«Ролан Гаррос» — финал (2017);

Уимблдон – финал (2013);

US Open – титул (2018).

Сөйтіп, 18 жасында теннистен үзіліс алды. Бірақ спорттағы карьерасын аяқтау туралы ойлаған жоқ. Барти жай ғана психологиялық тұрғыдан демалғысы келген. Отбасы мен бапкері бұл шешімін қолдады. Эшли көп уақытын үйінде өткізіп, балық аулайды. Одан бөлек, өзінің жаңадан салып жатқан үйінің құрлысын бақылайды.

2015 жылдың басында крикеттен Аустралия құрамасының бас бапкерін кезіктіреді. Сол кезде оның ойына спорт түрін ауыстыру туралы идея келеді. Бартиға командалық спорт сайысында өнер көрсету қызық көрінді. Бас бапкермен келісіп, жаттығуларына қатысады. «Квинсленд Файр» атты команданың бапкері Эшлидің шеберлігіне риза болады. Негізі ол ешқашан крикетпен кәсіби түрде айналыспаған, тек арасында отбасы және достарымен ойнап тұратыны болмаса.

Арада 1 жыл өткенде Барти қайтадан тенниске оралғысы келеді. «Бұл мен үшін пайдалы уақыт болды. Мен тенниске бақытты әрі сау адам ретінде қайтып оралдым» – деді ол. 2016 жылдың 6 маусымында Эшли әлемдік рейтингте 623-орында болған. Араға үш жыл салып, Майамидегі супертурнирді, Париждегі «Ролан Гарросты» жеңіп алды. 11 маусым күні әлемнің екінші ракекасы атанды.

Францияда ол 5 америкалық теннисшінің осал тұсын тапты. Арасында Серена Уильямсті жеңген Софья Кенин, былтырғы жартылай финалист Мэдисон Киз, 17 жастағы осы маусымның сенсациясын жасаған Аманда Анисимова бар. Финалда чехиялық теннисші аса қарсылық көрсете алмады.

Қазір Эшли әлемнің бірінші ракеткасы Наоми Осакадан бар-жоғы 186 ұпайға қалып тұр. Алдағы уақытта жапон қызын жолдан ығыстыруы мүмкін. Аустралия теннисшілерінен жекелей сындағы әлемдік рейтингті тек Ивонн Гулагонг-Коули бастап көрген. Шыны керек, ол топ басында ұзақ тұрақтаған жоқ (екі апта). Айтпақшы, Ивонн мен Эшлидің ұқсастықтары бар, екеуі де абориген.

«Бұл өте керемет. Дәл қазір мен үшін бұл өте үлкен жетістік. Бірақ шын мәнінде олай емес.  Осы мақсатқа жету үшін біз көп еңбек еттік. Енді, міне, тұғырдың ең жоғары сатысындамыз – бұл енді ғажайып оқиға!

Екі апта керемет өтті. Ойыным жүріп, бабымда болғанда әлемнің үздіктерінің кез келгенімен терезесі тең ойын көрсете аламын. Екі аптаның ішінде жұлдыздардың бәрін жолда қалдырдым,керек кезде жақсы ойын көрсеттім.

Франция ашық біріншілігінде жеңіп алған трофейіммен отырамын деген үмітім ешқашан үзілген емес. Бала кезде соны мақсат қойып едім. Балалық арманым орындалды.

Маған әрдайым грунтте ойнаған ұнайтын. Алайда жолым болмай жүретін. Екі аптаның ішінде грунттағы маусымды жеңіліссіз аяқтадым», – дедіБарти WTA баспасөз қызметіне берген сұқбатында.

Барти жан-жақты, әмбебап спортшы. Теннис пен крикеттен бөлек, футбол, баскетбол, регбиге де икемі бар. Аустралияның командасынан бөлек («Ричмонда»), ағылшындардың «Манчестер Юнайтед» клубына да жанкүйерлік етеді.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №25
18 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз