Балалар, сыймай қалған киімдеріңді не істейсіңдер? Бауырларыңа, көршінің баласына бересіңдер ме? Ал енді бірің қоқысқа тастай саласыңдар. Алматылық оқушылар Сабина Есалы мен Адина Байжұма киімді қоқысқа тастауға қарсы.
Қоқыстағы киім қоршаған ортаға зиян дейді. Қыздар жасаған «Second Life-Alem Tech» мобильді қосымшасы арқылы тек киім-кешек емес, оқыған кітаптарды басқа адамға өткізуге болады.

Астанада өткен халықаралық «Tесһnovation» байқауында қыздардың тапқырлығына көпшілік риза болыпты. Сабина мен Адина редакцияға келіп, емен-жарқын əңгімелескен едік. Өздерің секілді оқушылардың ой-пікірі сендерге де ой салар деп үміттенеміз.

Сабина: Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысымын. Біздің жасаған мобильді қосымшамыз «Екінші өмір» деп аталады. Қосымша арқылы адамдар кимейтін киімдерін, ескі кітаптарын екінші адамға өткізеді. Кейбір адамдар киімдерін қоқысқа тастай салады. Киімдер қоқысты одан сайын көбейтеді. Қазіргі киім-кешектің құрамында синтетика, химиялық қоспалар бар. Демек, мұндай киімдер өздігінен жойылып кетпей, жылдар бойы жата береді. Жақында қала сыртындағы қоқыс полигоны өртеніп, Алматыны жағымсыз иіс пен түтін басты. «Терезені жауып жүріңдер, сыртқа шықпаңдар» деген ақпарат тарады. Эколог мамандар ауа құрамын зерттегенде ауада зиянды заттардың мөлшері көп болғанын айтыпты. Оқыс оқиғаға жол бермеу үшін тазалықты əркім өзінен бастау керек.

Адина: Еуразия технологиялық лицейінің 6-сынып оқушысымын. Болашақта ұялы телефондағы «Play market» бағдарламасына қосымшаны жүктейміз. Əзірге қосымшаның баламасын жасадық. Қазақстаннан бөлек АҚШ пен Ресейді енгіздік. Өзіміз тұратын қаланы тауып, киілмейтін киімді қайда өткізуге болатынын білеміз. Мысалы, Алматы қаласын таңдасақ, киім қабылдайтын бес мекеме шығады. «Тепло» – қайырымдылық жоба. Ұйымдастырушылар киімді қабылдап алып, жағдайы жоқ адамдарға жеткізіп береді. Киімді арнайы өңдеуден өткізіп, тазалайды. Ең бастысы киім жыртылмаған, бүтін болуы керек. Қиын жағдайға тап болған адамдар «Теплоға» өздері жайлы мəлімет қалдырып, қажетін алады. Тым ескі киімдер жануарларды жылытуға тəлімбаққа жіберіледі. Сондай-ақ, қажетті киім мен мекенжай, анықтама телефондары жазылған. Өкінішке қарай, ескі киімді өңдейтін орындар өте аз. Көп жерлерде жəшік қойылған.

Ұлан: Осындай мобильді қосымша басқа елдерде бар ма?

Адина: Интернеттен іздеп көрдік. «Play market» бағдарламасында «Адамдар» деген қосымша бар екен. Өткізетін киімді суретке түсіріп, өлшемін жазады. Керек адам əлгі кісіге хабарласады.

Ұлан: Жоба туралы идеяны кім айтты?

Адина: Сынып тақтасына қоғамдағы өзекті мəселені жаздық. Сонда экологияның маңызды екенін түсіндік. Сөйтіп, керек емес заттарды пайдаға асыру керек деп шештік.

Былтыр «Technovation» сайысына бес қыздан тұратын «High fi ve» тобымен қатыстым. Республика бойынша 1-орын алып, келесі кезеңге өттік. Еуразия бойынша 1-орын алып, ақшалай сыйлық алдық.

Сабина: Мен бағдарлама жұмысына, Адина жұмыстың толық жүруіне жауапты болсақ, қалған қыздар дизайнер қызметін атқарды. Кейін қыздар белгілі себептермен топтан шығып кетті. Барлық күш екеумізге түсті.

Ұлан: Қосымша жалпыға қолжетімді болу үшін не керек?

Адина: Бізге жұмысты əлі де дамыту керек. Көп адам өздері туралы мəлімет қалдырғысы келмейді. Қосымшаны тұрғындар тіркелмей-ақ қолданса дейміз. Арнайы мамандардың көмегі керек.

Сабина: Қазақ отбасында жақсы əдет бар. Мысалы, мен үйдің үлкенімен. Маған сыймай қалған киімді өзімнен кейінгі сіңлілеріме беремін. «Киетін ешкім жоқ» деп қоқысқа лақтыра салу дұрыс емес. Өйткені киім əлі де жаңа. Өзіміз жасаған қосымша арқылы киімдерімізді өткізіп көрдік. Жақсылық жасау – жүрекке жылу сыйлайтын жақсы əдет екенін білдік.

Ұлан: «Technovation» сайысына қалай дайындалдыңдар?

Адина: Қосымшаны жасауға төрт ай берілді. Пайдасы мен мақсаты туралы стенд жасадық. Жарыс көрме түрінде өтті. Əр қатысушы өз жобасын көрсетіп, дəлелдейді. Көрермендер өздеріне ұнаған жобаға дауыс береді. Жарысқа дейін үлгеруге тырыстық.

Кіші топта бақ сынап, арнайы сыйлық пен «Балапан» арнасының «Жұлдызым»
бағдарламасына қатысу мүмкіндігін ұтып алдық. Жобаны қорғау кезінде киім салатын қорап жасадық. Адамдар қорапқа қажетсіз заттарын салды. Енді бірі өзіне керегін алды. Бізге «Қорапты ұрлап кетсе қайтесіңдер?» деген сұрақ қойды. Болашақта бұл мəселені де шешеміз. Арнайы дабыл қаққыш немесе бейнекамера орнатуға болады. Қораптың шын мұқтаж жандарға арналғанын жазып қоямыз.

Сабина: «Technovation» сайысымен қатар екі жобаға қатыстық. Америка елшілігі
мен Шеврон компаниясының қолдауымен қыздарға арналған лагерьге бардық. Екі аптада тағы жоба жасадық. Лагерьге өту үшін арнайы конкурстан өттік. Конкурсқа 70 оқушы қыз өтініш білдіріп, оның 16-сы өтіпті. Адина екеуміз 2-орын алдық. Mіcrosoft компаниясының қыздарға арналған «Mіcrosoft Dlgıgırlz» лагері екі күнге созылды. Робототехникадан жобамызды қорғап, 2-орын алдық.

Адина: Ардуино платформасы компьютердің миы секілді. Əртүрлі датчиктерін іске қоссаң, түрлі нəрсе жасауға болады. Мысалы, су датчигі арқылы судың көтеріліп не түскенін білеміз. Платформаны екі итальяндық ойлап тапқан. Роботтардың баламасын жасау өте қолайлы. Жарыста жас жағынан ең кішкентайы біз болдық. Жобаны қорғайтын кезде ұялып қалған қыздар болды. Біз өз ойымызды еркін айтып, еңбегімізді көрсетуге тырыстық. Платформа арқылы зағип жандарға арналған көзілдірік жасадық. Жолда кедергі болса, көзілдірік адамға белгі береді. Қазылар біздің жобаның өзекті екенін айтып, алғыс білдірді.

Сабина: «Technovation» сайысымен қатар екі жобаға қатыстық. Америка елшілігі мен Шеврон компаниясының қолдауымен қыздарға арналған лагерьге бардық. Екі аптада тағы жоба жасадық. Лагерьге өту үшін арнайы конкурстан өттік. Конкурсқа 70 оқушы қыз өтініш білдіріп, оның 16-сы өтіпті. Адина екеуміз 2-орын алдық. Mіcrosoft компаниясының қыздарға арналған «Mіcrosoft Dlgıgırlz» лагері екі күнге созылды. Робототехникадан жобамызды қорғап, 2-орын алдық.

Сондай-ақ, «Ақылды үй», «Робот шаңсорғыш» жасауға да болады. Сыйлыққа Ардуиноның жинағын берді. Демалыста осы құралдарды пайдаланып, жақсы роботтар құрастырамыз. Жаз бойы дайындалып, келесі жылы байқауға қайта қатысамыз.

Сабина: Қыздар əдемілікке көңіл бөледі ғой. Барлық жағынан əдемі болуға тырыстық. Жарыс кезінде қоқысты реттейтін бағдарлама жасаған топты көрдік. Өзіме қатты ұнады. Өйткені қоқыспен күресу – əлемдік мəселе.

Ұлан: Бос уақытта немен айналысасыңдар?

Адина: Үйдің үлкенімін. Қолым қалт етсе, бауырларыма көмектесуге дайын тұрамын. Спорттан джиу-джитсуға қатысып, математика үйірмесіне барамын. «Меtһod» мектебінен бағдарлама жасауды үйреніп жүрмін.

Сабина: Шет тілін үйренгенді жақсы көремін. Мектептен арнайы диплом алдым. Екі жыл қытай тілін оқып, екінші дəрежеге жеттім. Ағылшын тілінен олимпиадаға қатысамын. Синхронды суда жүзуден Алматы қаласы бойынша 2-орын алдым. Бос уақытымда биге барып, інім мен сіңліме көмектесемін.

Ұлан: Робототехникаға қыздарға қарағанда ұлдар қызығады…

Адина: Иə, дұрыс айтасыз. «Қыздар үйде отыру керек» деген сөзді естиміз. Біз
қыздардың қолынан көп нəрсе келетінін дəлелдегіміз келеді. Жарысқа барғанда робот жасағаны үшін ауғанстандық екі оқушы қыздың жауапқа тартылғанын естідім. Елімізде оқуға ұмтылған оқушыға тыйым жоқ. Бейбіт заманда өмір сүргеніме қуанамын.

Сабина: Қазір роботтар көп нəрсені жасай алады. Мысалы, Ұлыбританияда дрон-полиция бар. Дрон-тікұшақтар көшедегі жайсыздықты бейнекамераға түсіруге, іздеуде жүрген адамды табуға көмектеседі екен. Қызметі арзан. Сондай-ақ, ұялы телефон арқылы Сири немесе Алиса деген роботтармен əлемді аралауға болады. Сөзден гөрі іс маңызды. Мақсатымыз – қоғамға пайдалы іс жасау. Жақында Wunder.kz стартап байқауына қатысамыз. Жеңіске жетсек, Сингапурға жолдама береді.

Ұлан: Сəттілік тілейміз!

Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №25
18 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз