Әлде балалар басылымында жұмыс істейтіндіктен бе, әлде өсіп келе жатқан ұрпағымыздың тәрбиесі мен тағдырына алаңдағандықтан ба, балалардың басындағы мәселе біздің де қабырғамызға батады десек, артық айтпаған болар едік. Қолымызға шоқпар алып тұра жүгірмесек те, ата-аналар мен ұстаздар қауымына, тіпті балалардың өздеріне сөз арқылы әсер етіп, көзін ашып жатсақ, соның өзі жетістік сияқты көрінеді. Бірақ бір ғана мақала ештеңені шешпейтінін әрдайым түсінеміз. Сондықтан бұл жолы сөзден іске көштік. Қасымызға психолог маманды ертіп, мектепте психологиялық тренинг өткізуді жоспарладық. Жоспарымыз ойдағыдай іске асты. Транзакт анализ бойынша маман Меруерт Әбішевамен бірге Алматы қаласындағы №147 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушыларына «Буллинг және оның алдын алу» тақырыбында тренинг өткіздік. Біздің ұсынысымызды құп алып, қолдау білдірген №147 мектеп-гимназияның директоры Мәкежанова Роза Әшімбекқызына алғысымызды айтамыз.

Буллинг деген не?

Буллинг (bullying) қудалау, мазақтау, әлімжеттік жасау деген мағына береді. Соңғы уақытта елімізде бұл ашық көтеріле бастады. Түркістан қаласындағы мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік ешкімді де бей-жай қалдырмады, мысалы. Бұл басқа жерде болмаған десек, өтірік айтқан болар едік. Яғни балалар күнде көріп, көз үйренген нәрсе. Жазылмаған заң секілді, құдды. Енді бұл мәселеге тоқтау бар ма? «Ақ желкеннің» атынан алғаш рет өткізіліп отырған бұл тренингтің тақырыбын буллингке арнауымыздың осындай өзіндік себебі бар.

Меруерт Әбішева тренинг барысында біреуге әлімжеттік жасау, мазақтау, қорлау қай жағынан да дұрыс емес екенін, буллинг бар жерде ешқандай рухани-моральдық тұрғыдан даму болмайтынын түсіндіріп берді. Тренинг үш бөлімнен тұрды. Алдымен оқушылар буллингтің түрімен танысып, өмірде болған осындай оқиғалардың салдары қайда апарып соғатынын білді. Екінші бөлімде, буллингке ұшыраған балаларға қалай көмектесу керек екенін ойын түрінде образға кіру арқылы үйренді. Үшінші бөлімде буллингке ұшыраған кезде не істеу керек, қандай іс-әрекет жасау керек екенін видео арқылы көріп, буллинг туралы пікірлерін ортаға салды. Алғашында буллинг деген сөзді бірінші рет естіп отырғандарын айтып, тіпті «ашық сабаққа келдік» деп ойлап отырған оқушыларға бұл үлкен танымдық сабақ болды.

Меруерт ӘБІШЕВА, транзакт анализ бойынша маман:

Әлімжеттікті жолы болмағандар жасайды

– Буллингке посткеңестік елдерде аса мән бермейтін. Алғаш рет сол Кеңес заманында Кристина Орбакайте ойнаған «Чучело» деген фильм арқылы буллингтің психологиялық түрі экранда көрініс тапты. Бұл өте ауыр фильм. Оны балаға түсіндіріп айту қиын. Әрбір ата-ана, әр бала буллинг жасауға, яғни адамды жәбірлеуге, мазақтауға ешкімнің құқы жоқ екенін білуі тиіс. Осылай жалғаса берсе, арты үлкен қылмысқа апаратыны айтпаса да белгілі. Буллингті зерттеу АҚШ, Норвегия, Финляндия мемлекеттерінде қатты дамыған. Ол жақта көптеген курс арқылы алдын алу шараларын жүргізеді. Тіпті интернетте жәбірлеуші, қудалаушылар жазған хаттар бар. «Мен бәленшемін, мынандай ауыр іс жасадым. Соны жасағанымды білемін, кешірім сұраймын. Егер осындай қайталанатын болса, жауаптымын» деген сияқты мойындау хаттар жазылады. Ол хатты мұғалім оқып, біреуді жәбірлегенді, мазақтағанды жақсы көретін балаға ескерту ретінде береді. Бұл баланың буллинг туралы түсінігін қалыптастыруға негіз бола алады. Өйткені балаларда буллинг туралы түсінік жоқ. Сондықтан мұғалім болсын, ата-ана болсын, жәбірлеудің жаман нәрсе екенін балаларға түсіндіріп отыруы керек.

– Егер оқушы мұғаліміне, ата-анасына шағым айтып барса «тоқылдақсың», «қатын сияқтысың» деген сияқты сөздер арқылы одан сайын қорлай түседі. Мұндай жағдайда не істеу керек?

–  Психологияда «елемеу» (игнорирование) деген үлкен мәселе бар. Мысалы, ауырып жатсаңыз, бірақ емделмесеңіз, бұл – елемеу. Күйеуі әйеліне жиі қол көтеретін болса, бірақ әйелі шыдап жүре берсе, бұл да  – елемеу. Немесе жұмыста бір қызметкер бәрімен сөзге келіп, айғайлап жүретін болса, бірақ әріптестері оған шыдай алатын болса, ол да – елемеу. Елемеу – отбасында жиі қайталанатын болса, мектепте де жиі қайталана береді. Өмірде елемеудің түр-түрі бар. Мысалы, шылым шегетін адамдар оның зиянын біле тұра, шегуін тоқтатпайды. Бұл ашық түрде денсаулығына тиетін зақымды елемей тастау. Сол секілді буллингке ұшыраған әр балада «бұған бәрібір ешкім мән бермейді» деген ой тұрады. Қысым жасағанын айтса, өзін мазақтап, «тоқылдақ» дейді. Үйдегі ата-анасы «сауап бопты» дейді. Жан-жағындағы адамдардың осылай айтатыны рас қой? Бұндай жағдайда ешкімнен қолдау таппаған бала күйзеліске ұшырайды. Күйзелістің арты қандай болатыны белгілі. Джулия Робертс ойнаған «Чудо» фильмінде анасы мен баласының арасын өте жақсы мысал ретінде келтіретін эпизод бар:

– Неге бас киіміңді шешпейсің? Неге мектепке барғың келмейді?

– Мені барлығы мазақтайды. Өйткені менің түрім жаман, ұсқынсызбын.

– Олай емес, керісінше сен керемет адамсың, өмірдің сыйысың.

– Сен бұны анам болғаның үшін айтып жатырсың….

– Мен сенің анаң ретінде тек шындығын айта аламын. Менен басқа сені жақсы білетін кім бар? Мен сені тудым, өсірдім. Сен менің өмірімдегі таңғажайып сыйсың. Осы сөздерімді есіңнен шығарма.

Міне, осындай жеңіл диалогтар арқылы баланың ата-анасына сырын айтуы «тоқылдақтық» емес, керісінше жақын дос екенін дәлелдеу керек. Басындағы проблемасын айтып, бөлісу қалыпты нәрсе екенін түсіндіріп, үйрету керек.

– Жақында бір облыста елдің жағасын ұстатқан осындай оқиға болды. Мұның бәрі «ондай-ондай бола береді» деген елемеуден туындап отыр. Осы буллинг мәселесіне жаппай көңіл бөліп, жүйелі түрде жұмыс жасау үшін не істеу керек?

–  Біріншіден, бала жәбірлеушілерге қарсы тұра алатындай деңгейде болу керек. Оған шамасы жетпесе, ата-аналарынан қолдау сұрау керек. Егер ата-анасы елемей тастаса, туысқан аға-әпкелерінен қолдау сұрағаны жөн. Яғни бала өзіне қысым жасалып жүргенін саналы түрде сезіп, мұның дұрыс емес екенін, өзінің шамасы келмейтінін түсініп, әрекет жасауы қажет. Тіпті сыныптастардың арасынан да қолдайтын адамдарды іздеген дұрыс. Бір мұғалім тыңдамаса, екіншісіне барып айту керек. Егер солардың бәрінен қайыр болмаса, мектепті ауыстыру керек. Бұл жерде бәрі ата-ананың жауапкершілігіне байланысты. Қазір ата-аналар «анау не деді?» деп қайта-қайта сұрай береді. Ал бала бір-ақ рет айтады. Бұл өте қысқа әрі интим тақырып. Ешқандай сөгіп, жазғырмай тыңдай білу керек. Өйткені баланың ойында «Мені ата-анам қолдамаса, басқа кім қолдайды? Онда кімге керекпін?» деген үлкен сұрақ тұрады. Ата-анасы болмаса, ағасы, әпкесі, ата-әжесі бар екенін, әйтеуір қамқор адамдар бар екенін сезінуі керек. Үлкен кісілер өсіп алғаннан кейін «бала бәрін біледі» деген ойда жүреді. Бірақ шындығында олай емес. Өйткені балалар үлкендер жүрген жолмен әлі жүріп көрген жоқ.

– Мысалы, әлімжеттік жасайтындардан баламды қорғағым келді дейік. Барлық мәселе осы жерден басталады. Баламды қорғағым келгені үшін өзімді кінәлап шығатындар көбейіп, соңы жанжалға ұласады. Бұл әшейін ғана жағдай емес қой. Бұл мәселеге қоғамның назарын қалай аударамыз?

– Өз-өзіне қол жұмсаған балалардың оқиғасын алып қарасақ, әрдайым өзін жалғыз сезінгені анықталады. Ата-анасы көп жұмыс істейтін балалар қараусыз қалып жатады. «Менен гөрі жұмысы маңызды» деген ой балада басым болады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларында да осындай оқиғалар жиі кездеседі. Бағана айтқанымдай, бала қолдау іздеу керек. Мысалы, үйде әкесіз бала өсіп келеді. Анасы балаға әкесінің тәрбиесі жетпей тұрғанын сезеді. Сонда баланы каратэ, бокс секілді секцияларға жіберу керек. Тренер арқылы бала өзіне еркектік қасиеттерді сіңіреді. Өз-өзіне сыни көзқараспен қарай алатын ата-ана баласының тәрбиесі жөнінде психологпен әңгімелеседі. Бала – ата-анасының көшірмесі. Аспаннан түскен жоқ. Ал қоғамда әлімжеттік, әділетсіздік жасау – дұрыс емес. Әр адам әлі келгенше өзінің құқығы мен бостандығы үшін күресу керек. Өкінішке қарай, біздің қоғамда әйел де, еркек те қолдау сұрай алмайды. Өйткені кішкентай кезінде «математикадан қиналып тұр едім, көмектесіп жіберші», «сахнаға шыққанда мені қолдап жіберші, қобалжып тұрмын» деген сөздерді айта алмаған адам, өскен кезде біреуден бірдеңе сұрағысы келмейді. «Ой, қойшы, сұрап тұрам ба?» деп қоя салады. Бұл қарапайым нәрсе болып көрінуі мүмкін. Ал шындығында бұл жалғыздық. Қоғамда не болып жатқанын бұрын тек теледидардан көрсек, қазір байланыс құралдары дамыған уақытта әлеуметтік желілер арқылы әркімнің жағдайын білуге болады. Яғни жеке басында қиындығы бар адам әлеуметтік желілер арқылы оның шешімін таба алады. Меніңше, теледидарға телміріп отырғанша, тығырықтан шығатын жол іздеу керек. Қазір көптеген әкімшілік, түрлі құқық қорғайтын мекемелердің әлеуметтік желілерде парақшалары бар, егер «аяғына дейін барамын, мәселемді шешемін» деген жағдайда сөздеріңізді естіп, көмек көрсететін көптеген мекеме немесе тұлғалар бар.

– Көп жағдайда баланың таңдауы, құқы, қалауы бар екенін ескере бермейтін сияқтымыз. Кейбіреулер үшін бала отыр десе отыратын, тұр десе тұратын «зат» сияқты…

– Өте қиын сұрақ…

– Үйде берген тәрбие ертең бір әулеттің тәрбиесіне айналады. Одан кейін тұтас бір ұлттың менталитетіне әсер етеді емес пе?

– Сұрағыңызға қысқа ғана жауап берейін. Өкінішке қарай, кейбіротбасыларға көзқарасы дамыған балалар керек емес. Бұл психологияда «Мюнхгаузен синдромы» деп аталады. Бұл мәселе туралы кино түсіріліп, кітап жазылған. Жалпы бұл синдром туралы әрі қарай тарқатып айтпай-ақ қояйық. Көптеген оқырманға ауыр әсер етуі мүмкін… Бірақ, үнемі есте ұстайтын нәрсе – бала ешкімнің жекеменшігі емес. Ол тек сіздің ұрпағыңызды жалғастырушы. Ұрпағым жақсы болсын десеңіз, дұрыс тәрбие беріңіз. Балаңыз жақсы болсын десеңіз, оған махаббат сыйлай біліңіз. Жылы сөз айту, қамқорлық көрсету, қолдау білдіру, тіпті бірдеңе бүлдіріп қойса да, ешқандай айғай-шусыз сөйлесіп, өмірде бәрі қателесетінін айтып, кешіру керек. Бала жақсы әдеттерді тез қабылдайды, психологиялық консультацияларда баланың күйзелісі тез шешіледі. Бірақ отбасына қайта оралғанда, сол ортадан бала кері шегінуі мүмкін. Айтайын дегенім, өзгерістер алдымен ата-анадан басталады. Ата-ана өз қиындықтарын шешпесе, баладан көп нәрсені талап ету қателік деп есептеймін.

– Ал буллингті кім жасайды?

– Жәбірлеушінің сипаты көп. Мысалы, проблеманың көзін өзінен емес, басқа адамнан іздейді, ата-анасының қарауынан тыс қалған бала кез келген агрессивті тәсілмен ата-анасының назарын басқаларға тиісу арқылы аударуы мүмкін. Көп жағдайда отбасында болып жатқан буллинг немесе ішкі күйзелісі бар адамдар басқа адамдарға зорлық-зомбылық жасау арқылы күйзелістен шыққысы келеді. Басқаларға жаны ашымайтын, сезімін білдіре алмайтын, өзін жоғары немесе төмен бағалайтын, көшбасшы болуға ұмтылатын, басқаларға не істеу керектігін айтатын, агрессиялық реакцияларын нашар бақылайтын және өз іс-әрекетін түсіну қабілеті төмен адамдар буллинг жасауға құмар болады.

– Сіздің өз тәжірибеңізде буллингке қатысты болған жайтты айтып бере аласыз ба?

– Бұл мәселеге қатысты оқиғаларды айтуға рұқсат алғам жоқ. Сондықтан кітаптан оқыған оқиғаны айтып берейін. Бір отбасының баласы кибербуллингке ұшырайды. Үйіне әрқашан киімі жыртылып, таяқ жеп келеді. Баланың ата-анасы «өздерің шешіңдер» деп елемей тастайды. Ата-анасы сырт көзге осылай дегенімен, жасырын түрде үлкен стратегия жасайды. Туысқандарының спортпен айналысатын, чемпион болып жүрген баласын өзінің баласы оқитын мектепке ауыстыртады. Ол «туысқан бала» оқушылар арасында тәртіп орнатады. Төбелесетін жерде төбелесіп, оқушыларға қырғидай тиіп жүрген балаларды орнына қояды. Сөйтіп мектепте оқушылардан ақша жинайтын озбырлықты тоқтатады. Әрине, ол бала жалғыз өзі қарсы шықпайды, өзі сияқты мықты балаларды тобына жинап, бірге күреседі. «Туысқан баланы» жаңағы мектепке ауыстыру, сабаққа алып барып, алып қайту деген мәселені таяқ жеген ата-ана ұйымдастырады…

– Қызық оқиға екен. Әңгімеңізге рақмет!   

Дайындаған
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз