Алматы қаласында High Tech Academy инновациялық мектебінің құрылысы басталды. High Tech Academy – финн әдістемесімен білім беретін мектеп. Білім ордасы Koktobe city тұрғын үй кешені аумағында орналаспақ. Шараға Қазақстандағы Финляндия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Микко Кивикоски, High Tech Academy негізін салушы, директорлары кеңесінің төрағасы  Еркін Тәтішев, High Tech Academy мектебінің директоры Татьяна Бассо, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова және қоғам белсендісі Аружан Саин қатысты.

Parviainen бюросы сәулетшілерінің идеясы бойынша, 540 баланың білім алуына жағдай жасалған кешенді құрылыс болмақ. Мектеп ғимараты бес аумаққа бөлінеді. Алғашқысы – балабақша. Одан кейін Elementary school (7-10 жас), Middle school (11-14 жас), High school (15-18 жас) болып жалғасады және спорттық-мәдени орталығы бар. Спорт кешенінде арт және музыка орталығы, бассейн және фитнес-орталық, би студиясы және жаттығу алаңы болады. Оқушы мектептен шықпай-ақ, түрлі үйірмеге қатыса алады.

«High Tech Academy арқылы жаңа білім беру кеңістігіне жол ашамыз. Нақты ғылымдарды зерттеп қана қоймай, әлемді тану үшін де оқушыларға жағдай жасалады. Біз балаларымыздың қиялға беріліп, тәжірибе жасай алғанын,  қателіктен қорықпай, оларды түзете отырып, алға қарай қадам басуға мүмкіндік алғанын қалаймыз», деді  Еркін Тәтішев.

Білім ордасы 2020-2021 оқу жылында халықаралық мектеп мәртебесін алуды жоспарлап отыр.

Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ

(“Ұлан” №24, 11 маусым 2019 жыл).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз