2018 жылдан бері «Мама Про» орталығында 120-дан астам ана білім алған. Сорос Қазақстан қоры мен АҚШ елшілігі дамуында бұзылысы бар жеткіншектердің аналарына осындай жағдай жасап отыр. Жобаның мақсаты айқын, қатысушы аналар сырттан көмек күтпей, бизнес жоспарын жүзеге асырады; кәсіп ашып, қиын жағдайдағы аналарға қолдау көрсетеді. Ел астанасынан бастау алған орталық Алматы қаласынан филиалын ашты. «Курсты аяқтаған аналардың өмірінде өзгеріс көп. Отбасылық кіріс орта есеппен 9%-ға өсіпті. Өз-өзіне сенімділігі мен еңбекке құлшынысы артып, кәсіпкер атанған аналар қатарға қосылды. Үздік түлектердің арасында оңалту орталығы мен әлеуметтік компания ашқандар, кондитер, аспаз, тігінші, фотограф сынды кәсіпті меңгерген аналар бар», – деп қуантты орталық директоры Гүлсім Семенова.

Үздік түлектер қатарында жас ғалым Исаак Мустопулоның анасы Мая ханым да бар. «Бұл орталықтың берері көп. Соңғы бір жылда күйзеліске түстім. Ұлымыз Исаак арқылы біздің отбасын барлығы таниды. Осы жобаға қатысып, қолымнан іс келетінін дәлелдедім. Кәсіп ашудың сырын меңгеріп алдым. Грек ұлтының келіні болғандықтан,  грек соусын дайындаумен айналысқанды жөн көрдім. Қазір үш түрін дайындап, тұтынушыларға ұсынамыз», –  дейді іскер ана.

Орталықтың екінші бөлмесі балаларға арналып жабдықталған. Тіпті арнайы еріктілер тобы да бар. «Әрбір лекте  20 ана тәлім алады. Сабақ екі ай бойы жүреді. Барлығы тегін. Жол шығынын ғана аналардың өздері төлейді. Барлық қаладан қатыса алады. Электронды түрде өтініш береді. Әзірге сабақтар орыс тілінде өтеді. Болашақта батыс өңірден ашу жоспарда бар», деді жобаның үйлестірушісі Әсия Тікеева. Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрайымы Аида Айдарқұлова аналарға сәттілік тіледі.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

(“Ұлан” №24, 11 маусым 2019 жыл).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз