Он тоғыз жастағы Алтынай Муликова – қоғамға пайдалы іспен айналысып, кітап оқуды насихаттап жүрген талапты бойжеткен. Алматыда наурыз айынан бері «Book for life» кітап көрмесі өтіп жатыр. Бір қызығы, кітаптар арнайы қаптамамен қапталып, авторы мен атауы белгісіз күйде оқырманға жол тартады. Барлық кітап 700 теңгеден сатылып, жиналған қаражат онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың еміне жұмсалады. Осындай керемет жобаға мұрындық болған Алтынайды әңгімеге тарттық.

Ұлан: Бәрі неден басталды?

Алтынай: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология факультетінде оқимын, екінші курсты аяқтадым. Үш апталық семинардан кейін басталды. Одан кейін еріктілер лигасына тіркелдім. Досым Айтөремен адамдарды жақсылыққа шақыру мақсатында әлеуметтік видео түсірдік. Үш ай бойы «Book for life»-тың жоспарын ойша құрастырып, үш ай қағазға түсірдік. Алты айдан кейін көрмеміз өтті.

Ұлан: Жобаның аты да ерекше. Кім ұсынды?

Алтынай: Жоба басталғалы Тимур Марк деген досым бағыт-бағдар беріп, көмектесті. Қазақша атау бергенді жөн көрдік. Алайда жастарға лайықтап осы атауға келістік. Әдемі естіледі. Қазақша мағынасы да бар.

Ұлан: Жобаның басты мақсаты – балаларға көмектесу. Орындалды ма?

Алтынай: Елімізде онкологиялық аурумен күресіп жатқан бала көп. Оны әлеуметтік желідегі көмек сұрайтын парақшалардан-ақ байқауға болады. Шетелде емдетеміз деп уәде бере алмаймыз. Балалардың күнделікті заттарына қаражат жинап бергіміз келеді. Қайырымдылықпен айналысатын болғасын дәріге қаражат сұрап хабарласады. Осы шарадан түскен қаражат «Мен сенімен біргемін!» деген орталықтың есепшотына аударылады.

Ұлан: Команданы қалай құрдыңыз?

Алтынай: Маған еріктілер лигасындағы жастар көмектеседі. Қоғамдық қордан келген жүзге жуық ерікті бар. Оқырманға ұсынылатын кітаптарды іріктейміз. Діни алауыздық тудыратын, теріс тәрбие беретін кітаптарды сатпаймыз. Ондай кітаптарды макулатураға өткізіп, ақшасын қорға аударамыз. Арнайы қаптамаларға салып, қазақша мазмұнын жазамыз. Бастысы, автор мен кітаптың атауы құпия болады. Өйткені кез келген нәрсені сыртқы бейнесіне қарап бағалауға болмайтынын түсіндіргіміз келді. Біздің осы идеямыз көпшілікке ой салды. Міне, осындай көзге көрінбейтін ұсақ тірліктің барлығын еріктілер атқарады.

 БІР САҒАТТА 171 КІТАП ЖИНАЛДЫ

Ұлан: Бастамаға қолдау білдіріп жатқандар бар ма?

Алтынай: Жобаны жалғыз жасай алмайтынымды білсем де, осынша үлкен қолдау болатынын сезбеппін. Ойымдағы идеяны қалай жүзеге асырарымды білмей жүргенде әлеуметтік жобаларға байқау ұйымдастырылды. «Неге әлемді өзгерткім келеді? Неге бұл конкурсқа қатысқым келеді?» деген тақырыпта эссе жазып, өтініш толтырдым. Байқауды ұйымдастырушылар ел азаматтарының әлеуметтік жобасын қолдайтын орындар болды. Нәтижесінде 125 адамның ішінен 25 адам таңдалды. Жеңімпаздар қатарында болдым. Шетелдік жаттықтырушылардан сабақ алдық. Қазір Германиядағы қоғамдық қорлармен байланыстамыз.

Ұлан: Көрмедегі кейбір кітаптарды көшеден тауыпсыздар…

Алтынай: Иә, көрме өткізу үшін кітап жинау керек болды. Ескі кітаптарды да алғымыз келді. Әр үйде оқылмайтын бір кітап болады деп ойладым. Наурыз айының басында 5-6 адам болып, көшеге шығып, үйлерді араладық. Екі сағаттың ішінде 171 кітап жиналды. Бір үй бірнеше кітап берді. Бізді алаяқ деп ойлағандар да бар. Осы орайда алматылық ата-әжелерге алғыс айтқым келеді. Бір атамыз 20 кітапты бірден ұстатып, «тезірек кетіңдер енді» деп есігін жауып алған. Шығып алып күлдік. Кейін атаға қайтып барып, көрмеге шақырып, алғыс хат табыстағымыз келді. «Ештеңе керек емес. Кітапты дұрыс мақсатта пайдаланыңдар!» – деді. Жастарды қолдайтын қарттар бар екен деп риза болдық. Сатып алған кітаптарының арасында бұрын оқылғандары болса, қайтарып берді.

Ұлан: Айналымға түскен кітап бар ма?

Алтынай: Кітап дүкендеріндегі 5000 теңгеден сатылған кітаптарды біз 700 теңгеден саттық. Әлемдік сұранысқа ие классикалық шығармалар мен тарихи кітаптар жиналды. Ескі кітапты да жаңалауға тырыстық. Елбасының өмірбаяны жазылған қалың энциклопедияны көп адам сұрады.

Ұлан: Өзің кітап оқисың ба?

Алтынай: Бір жылда жүз кітап оқитындардың қатарынан емеспін. Сүйікті кітабымды бір күнде оқимын. Кітаптағы оқиға қызықсыз болса, жалғастырмаймын. Менің қолдаушым анам. Осы іске де анамның қалауымен келдім. Болашақта жоспарымды балалар әлемімен байланыстырамын.

Ұлан: Бұл көрме жалғаса ма?

Алтынай: Барлық қаланы қамтығымыз келеді. Жақында Шымкентке бардым. Ол жақта да ұйымдастыруымыз мүмкін. Басқа өңірлерден де ұсыныстар түсті.

Ұлан: Ендеше, сәттілік!

Әңгімелескен Мадина ОҚАС

(“Ұлан” №24, 11 маусым 2019 жыл).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз