Арайлап атшы, о,таңым,
Отбасым – менің Отаным.
Бақыттың иісі аңқыған
Отаныма мен ботамын.

Бақыттың құсы басымда,
Атам мен анам қасымда.
Еркелеп күнді батырып,
Атырам таңды осында.

Оранып үлде-бүлдемен,
Шаттанып жүрем күнде мен.
Айқара ашып құшағын,
Аямас нұрын бір менен.

Бірлігі бекем, аялы
Отаным менің саялы.
Мәңгілік жұмақ орнаған,
Бақытқа құшақ жаяды.

ӘКЕШІМ

Әкешім, панам өзің,
Ақылгөй данам өзің.
Иіскесең маңдайымнан,
Марқайып қалам өзім.

Қысып ап тақымыңды,
Қолдайсың батырыңды.
Әр сөзің маған кие,
Тыңдаймын ақылыңды.

АСЫЛ АНАМ

Мәпелеп, асыраған,
Аяулы, асыл анам.
Мейірім, шуағыңды
Ойласам, тасып ағам.

Әр ісің маған үлгі,
Бағасың қабағымды.
Мен үшін шөңгелерге
Тосасың табаныңды.

Оқисың ертегіңді,
Ойлаумен ертеңімді.
Жаныңның жалауындай
Қорғайсың тентегіңді.

ОҚУҒА КҮШ САЛАМЫН

Лаулап оттай жанамын,
Оқуға күш саламын.
Жеткізеді мұратқа
Білімдіні заманым.

Білім – бізге таныс бақ,
Дамып жатыр қарыштап.
Жалқаулықты қалдырам,
Енді өткенге табыстап.

Таудай менің талабым,
Білімге күш саламын.
Ел ертеңін түлетер,
Шырағы боп жанамын.

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ҰЛЫМЫН

Тәуелсіз ел ұлымын,
Жарқыраған нұрымын.
Кең тыныстап жұтамын
Саумал ауа тұнығын.

Тыныштығым – мекенім,
Еркіндігім – шекерім.
Азаттығым – бесігім,
Мақтанышым етемін.

Еркін өмір сүремін,
Еркін ойнап, күлемін.
Бақ орнаған қазақтың
Перзентінің бірі едім.

Қарапайым қалыбың,
Ойыңда бар тағылым.
Егемен ел, өзіңді
Мен осылай таныдым.

МЕТАГРАММАЛАР

«Т»-дан егер бастасаң,
Салам небір өрнекті.
«Т»-ны сызып тастасаң,
Білім болам көрнекті.

(Тоқу – оқу)

Егер «Б»-дан бастасаң,
Бұл өмірдің қызығы.
«Б»-ны сызып тастасаң,
Шұбарланар сызығы.
(Бала – ала)

Қаратал ауданы,
Алматы облысы.

Суретін салған Елана ЛЫСЕНКО

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз