Алтын мен күміске қарағанда, түрлі тастан жасалған әшекейлерді үйлестіріп таққан ұнайды. Басқа қалаға, елге сапарға барғанда естелікке осындай заттар сатып аламын. Әлеуметтік желіде де әшекей жасайтындардың жұмысын бақылап отырамын. Жақында авторлық әшекейлер жасайтын Murat есімді қолданушының @mandala_art_kz  парақшасымен таныстым. Табиғи тастардан ерекше дизайнмен әшекей жасайтын ол Алматы қаласындағы №58 мектепте 9-сынып оқиды екен. Толық аты-жөні – Есмұрат Қадір.

Есмұраттың айтуынша, қол еңбегі мен көз еңбегін көп қажет ететін жұмыс болғандықтан, материалдың бағасына қарай мұндай әшекейлердің құны алтын-күмістен кем түспейді. Бірақ, мұны көп адам түсіне бермейді екен. Әшекей жасаудың қызығы мен қиындығы туралы Есмұраттың мектебіне барып, өзінен сұрап-біліп қайттық.

Ұлан: Есмұрат, сені көпшілік әшекей жасайтын оқушы ретінде таниды. Осы салаға деген қызығушылық қашан оянды, оған не түрткі болды?

Қадір Есмұрат: Бұл кәсіпке қызығушылығым 2-3 жыл бұрын оянды. Әпкем – дизайнер. Оның сызбалары мен жұмыстарына қарап, алғашында сурет салуға, кейін ұсақ моншақпен (бисер) бұйым жасауға құлшыныс пайда болды. Үйде көп уақытымды ұсақ моншақпен әшекей жасауға арнайтын болдым.

Ұлан: Білуімізше, жоғары сыныпта еңбек, технология деген сабақтар болмайды. Нұсқау айтатын ұстазың болды ма? Жасаған алғашқы жұмысың есіңде ме?

Қадір Есмұрат: Атап айтатындай нақты ұстазым болмады. Маған әлеуметтік желі мен түрлі каналдардың, парақшалардың пайдасы көп тиді. Ұстазым да сол деп айтуға болатын шығар. Басында кілтке арналған брелок жасайтынмын. Бірте-бірте білезік жасауға көштім. Алғашқы жұмыстарым сәтсіз болса да, мойымадым. Екі-үш жыл бұрынғы жұмыстарым мен қазіргі деңгейім салыстыруға келмейді.

Ұлан: Болашақта қайда оқығың келеді? Қандай салада қызмет етсем дейсің?

Қадір Есмұрат: Әшекей жасау менің хоббиім ғана емес. Болашақта осы салада кәсіби білім алғым келеді. Арманым – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсу.

Ұлан: Қазақ халқы ер балалардың мұндай шаруамен айналысқанын дұрыс қабылдай бермейді. Сенің жұмысыңа да сондай көзқарас танытқандар болды ма?

Қадір Есмұрат: Иә, тіпті анам да әлі күнге дейін қарсылық білдіреді. Апам, отбасымның кейбір мүшелері бұл іспен айналысуыма оң қабақ танытпайды. Олар менің заңгер, дәрігер болғанымды қалайды. Ал маған өзімнің айналысып жүрген ісім ұнайды. Үйдегілермен әлі де болса ортақ шешімге келе алмай жүрміз (күлді).

Ұлан: Ал достарың, сыныптастарың қандай пікірде?

Қадір Есмұрат: Әркім әртүрлі қабылдайды. Кейбір достарым маған арнайы тапсырыс беріп жатады.

Ұлан: Алғашында қызығушылықпен бастадым дедің. Білуімізше, жақында әлеуметтік желіде жұмыстарыңа арналған парақша аштың. Осыдан кейін өнімдеріңе деген сұраныс, тапсырыс берушілер саны артты ма?

Қадір Есмұрат: Иә, қазір кез келген кәсіп интернет арқылы дамиды ғой. Әлі жас маман болғандықтан, атымыз таныла қоймады. Өзімнің тұрақты тапсырыс берушілерім бар.

Ұлан: Бұйым жасап жүргеніме 2-3 жыл болды дедің. Қазір қандай прогресс байқалады?

Қадір Есмұрат: Айырмашылық, даму көп. Бұрын бұйымдарды суретке қарап жасайтынмын. Демек, бұл көшірме, яғни плагиат болып шығады. Қазір өзімнің авторлық дизайным бойынша ерекше бұйымдар жасаймын. Мұндай бұйымдар еш қайталанбайды.

Ұлан: Қайталанбайтын, ерекше дизайндағы бұйым жасау үшін шабыт пен идея керек қой. Неден шабыт аласың?

Қадір Есмұрат: Әрқалай. Көбіне көңіл-күйіме байланысты. Кино көріп отырып, концертке барғанда, кейде серуендеп жүріп аяқ астынан идея келеді. Дер кезінде ойыңа келген нәрсені орындай алмасаң, кетіп қалады. Ақын, композитор сияқты бұл да шығармашылық қой.

Ұлан: Бұйым жасағанда қандай материалдар қолданасың? Оларды қайдан аласың?

Қадір Есмұрат: Нақты ереже жоқ. Қолға түскеннің бәрін қолдана берем. Таспен, ағашпен жасағанды ұнатамын. Қолымда не бар, сонымен жасай беремін. Кейде арнайы тастар сатып аламын. Алматыда сауда орталықтары көп. Сол жерден аламын. Қазір алтын, күміске қарағанда қолөнер бұйымдары сұранысқа ие. Техника дамыған. Қарапайым жапырақты сірнемен қаптап та әдемі, ерекше бұйым жасауға болады. Мұндай бұйым темірден жасалған тәрізді қатты болып шығады.

Ұлан: Жасаған бұйым материалдың, идеяның, кеткен еңбек пен уақыттың бағасын ақтай ма?

Қадір Есмұрат: Нақты жауап беру қиын. Кейде ақтайды, кейде керісінше шығынға батырады.

Ұлан: Қанша уақытыңды қолөнерге арнайсың? Бір бұйым жасау үшін қанша уақыт кетеді?

Қадір Есмұрат: Сабақтан тыс уақытымның барлығын дерлік қолөнерге арнаймын. Материал мен идея дайын болса, кемінде бір сағатта жасап тастаймын.  Негізі көп уақыт идеяға кетеді. Ал материал дайын болмаса, материал іздеп, бір айға дейін жүріп қалатын кездер де болады.

Ұлан: Қазақстанда осындай бұйымдарға сұраныс қай деңгейде деп ойлайсың?

Қадір Есмұрат: Қазір киімге қарағанда қолөнер бұйымдарына, аксессуарларға деген сұраныс жоғары. Қазір күміс ерекше сұранысқа ие ғой. Болашақта қолөнер де осындай сұранысқа ие болады деп ойлаймын.

Ұлан: Қандай мақсат, жоспарларың бар?

Қадір Есмұрат: Өзіндік брендімді қалыптастырсам деймін.

Ұлан: Брендтің атауы қандай болмақ?

Қадір Есмұрат: Әзірге Murat деген атпен жасап жүрмін. Өзгерістерді қажет етеді деп ойлаймын. Оны болашақтың еншісіне қалдырамыз ғой.

Ұлан: Қазір қыздар арасында ғана емес, ер балалар арасында да аксессуар тағу сәнге айналды. Бұған көзқарасың қандай? Өзің аксессуар тағасың ба?

Қадір Есмұрат: Бұл адамның болмысына, қызығушылығына байланысты деп ойлаймын. Қыздардың арасында да сәндік бұйым тақпайтындар көп қой. Жігіттер арасында да солай. Егер адам сәнді киінуді қаласа, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Өз басым ең бірінші адамның киіміне қараймын. Өзімнің образыма сәйкес әшекейлерді өзім жасап, үйлестіріп тағамын.

Ұлан: Қолөнерде жетістікке жету үшін қандай формула маңызды деп ойлайсың?
Қадір Есмұрат: ИДЕЯ+ШЫДАМДЫЛЫҚ=ЖЕТІСТІК.

Ұлан: Әңгімеңе рақмет!

P.S. Есмұрат биыл 9-сыныпты бітіріп жатқандықтан, мемлекеттік емтиханға дайындалып жүр екен. Оқуды жақсы аяқтаған соң жаз бойы түрлі әшекей жасап, жаз айында жеке брендінің ресми тұсаукесерін жасамақ. «Сізді міндетті түрде шақырам» деп уәде берді. Сұқбаттан соң көз алдыма оқушы жасаған отандық брендінің ашылу салтанатында жүрген әдемі көріністі елестеттім…

Дана Маратова

(“Ұлан” №24, 11 маусым 2019 жыл).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз