Елімізде тұңғыш рет қарттарға арналған травел-шоу форматындағы «Саяxаттандырылмағандықтарыңыздан» жобасы басталды. Жобаның мақсаты – ата-əжелермен бірге əлемді аралау. Жоба аз уақытта көрермен көзайымына айналып үлгерді.

Алғашқы кейіпкер – Майғайша апа. Жасы 75-те. Екі баланың анасы, алты немеренің əжесі. 46 жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаз. Бұрын-соңды шетелге шықпаған. Осы жоба арқылы алғаш рет Таиланд еліне саяхаттады. Піл көргенін, оны жуындыруға көмектескенін көріп, өзіміз де тай елінде жүргендей болып отырдық. Кокос шырынын да тұңғыш рет ішіпті. Қаланы мотоциклмен аралайды. Майғайша апа ел астанасы Бангкокқа барып, патша сарайын тамашалады. Жергілікті қарапайым отбасыларда құтты қонақ болып, олардың ішкі тұрмысымен танысты. Жасында көрген бейнетінің зейнетін көргеніне Майғайша апа дəн риза.

Фото: vlast.kz

Келесі кейіпкер – 72 жастағы Момыхан апа. 12 сағат жол жүріп, Доминиканаға жеткен. Мұнда əжей теңіздің тұңғиығына сүңгіп, балықтарды су түбінен көреді. Дельфиндермен бірге теңізге шомылады. Аздап ағылшын тілін де үйреніп алыпты. Жасына қарамастан биіктен секіреді. Тауға өрмелеуге де уақыт табады. Момыхан апа төлқұжатына əлемнің барлық елінің мөрі басылғанын армандайды.

Қос əженің ізін жалғап Африка еліне саяхаттап келген Қабылхан апаның да сапары ерекше. Найроби қаласынан бастау алған сапар Масаи тайпаларымен жалғасады. Жолдың қашықтығынан бөлек, төбеңді тесіп өтердей ыстыққа жас адам шыдай алмайды. Ал Қабылхан апа Африкадағы беделді Масаи тайпасына қонаққа барады. Басында ақ кимешегі бар əже масаилықтардың көркін ашып отыр. Қазақша əн айтып, шашу да шашыпты. Жолына кездескен африкалықтарға «Саяxаттандырылмағандықтарыңыздан» сөзін қатесіз айтқызады. Əжемізді африкалықтар жібергісі келмей, аялдауын өтінеді. Ал Қабылхан апаны əлемнің тағы бір елі күтіп тұр еді.

Фото: tengritravel.kz

Қайбір жылдары «қарттарға коньки тебу тегін» деген ақпарат тарады. Ақылға қонымсыз жоба болғаны жасырын емес. Сөйтсек, қарттарды қарапайым дүниелермен қуантуға болады екен. Бұл жобаға риза болдым. Ауылдағы ата-əжемді қатыстырғым келеді.

Жанел ДҮНГЕНБАЙ,
№172 мектеп-гимназияның
11-сынып оқушысы.
Алматы қаласы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз