«Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» атты жобасы бар. Жоба аясында 29 Голливуд кинокартинасы қазақ тіліне дубляждалған. Олардың қатарында балалар жақсы көретін «Көліктер», «Батыл жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента» мультфильмдері де бар.

«Өзіңнен баста» жобасының арқасында бүгінде жүзден астам отандық актердің дауысы «Walt Disney Pictures» базасында сақталған. Қазақ тілі «Walt Disney» компаниясының тарихындағы отыз тоғызыншы, ал «Sony Pictures» үшін жетінші тіл болды. Осы жобаның арқасында қазақ актерлері Уилл Смит, Джонни Депп, Анжелина Джоли сынды əлемдік кино жұлдыздарын қазақ тілінде сөйлетті. Қалай дейсіңдер ме? Дубляж өнері арқылы.

Аладдин
kinopoisk.ru

Дубляж дегеніміз – кинофильмнің дыбысын басқа тілге аударып, фонограммасын жаңадан жазу. Дубляжда жаңадан жасалған фонограмма фильмдегі кейіпкерлердің ауыз қимылына, ернінің ашылып-жабылуына дейін үйлесім тауып, түпнұсқадан алшақ кетпеуі керек. Дубляж жасау үшін режиссер, дыбыс операторы, монтаждаушы, аудармашы, сөз мөлшерлеуші мамандар алдымен фильмді көріп алып, үйлестіру жұмыстарын бірге жасайды. Қазақстанда алғаш дубляж жасау ісі 1940 жылы қолға алынған.

Дубляждау – актер болудан да қиын

Сонымен, әлемге танымал «Аладдин» қалай қазақша сөйледі? Фильм кейіпкерлерін кім, қалай дыбыстады? Оны Алматыда дубляж актерлерімен өткен баспасөз конференциясында өздерінен сұрадық.

Фильмдегі басты кейіпкер Аладдинді жас актер Айсұлтан Жәлиев, жынның дауысын Дәурен Серғазин, Джафарды Нұрлан Әлімжан, Жасминнің дауысын Шехназа Қызыханова дубляждады. «Аладдин» фильмін қазақша сөйлету үшін елуден астам актер атсалысқан. Ал фильмнің саундтрегі саналатын Жасминнің әнін әнші Динара Сұлтан орындайды.

Бір қызығы, кастингке қатысқан актерлердің дауысын шетелдік компания мен актерлер өздері таңдап, бекітеді екен. Мысалы, Уилл Смиттің рөліне қазақстандық актер Дәурен Серғазиннің дауысын таңдаған. Алайда, Дәурен Серғазин Уилл Смитті дыбыстағанда оның басқа тілдегі дубляждарына еліктемей, қазақы шырай беруге тырысқанын айтады.

«Фильмдегі Жынның образы – ең қиыны. Жын ән де айтады, әзіл, рэп те айтады. Көңіл-күйі құбылмалы. Сондықтан, қиын тұстары көп болды. Walt Disney Pictures мені бекіткен соң, жауапкершілікпен алып шығуға тырыстым. Бірақ, Уилл Смиттің әлем бойынша дубляждалған дауыстарына еліктемей, оны шынайы қазақша сөйлетуге тырыстым. Кейбір әзілдерін, әндерін қазақы стильге салып алдым», – дейді Дәурен Серғазин.

Ал жауыз кейіпкер Джафарды дыбыстаған Нұрлан Әлімжан «Өзіңнен баста» жобасына алғаш рет қатысып отыр екен.

«Маған жағымсыз кейіпкердің дауысын салу берілді. Негізі жағымсыз образ – ең жарқын образ. «Аладдиндегі» Джафар үнемі айғайлап сөйлейді, жиі ашуланады. Сондықтан, маған кей кездері өз дауысымды құрбан етуге тура келді. Таңнан кешке дейін айғайлай беріп, өзім де шаршап қалатынмын. Шындығында, дубляж – актер болудан гөрі қиынырақ», – деді ол баспасөз конференциясында.

“Болашақ” корпоративтік қорының баспасөз бөлімі

 

«Фильмдерді аудару жобасы – тек дубляж емес, бірінші кезекте, қазақ тілін қолдану саласын кеңейту, оны ілгерілету және қазақстандықтардың қазақ тіліндегі әлемдік студиялар контентіне қол жеткізу құқығын жүзеге асыру жобасы», – дейді «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Шәйжүнісова.

 

 

P.S. Расымен, фильмді тамашалап отырып арабтардың ертегісінен қазақылықты байқадым. Қазақша ән, қазақша әзіл, күнделікті тұрмыста қолданатын сөздер еріксіз баурап алады. «Өзіңнен баста» жобасының идеясы да осы. Қазақша сөйлеуді, фильмді қазақша көруді өзімізден бастайық.

Дана Қанатқызы

(“Ұлан” №24, 11 маусым 2019 жыл).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз