Жақында ғана күрес түрлерінен Азия чемпионаты мәреге жетті. Сары құрлықтың ең үздік балуандары бақ сынаған додада Қазақстан құрамасы да үздіктер қатарынан көрінді. Еркін күрестен сынға түскен Нұрқожа Қайпанов 70 келіде қарсылас шақ келтірмей, Азия чемпионы атанды. Кейіпкеріміз бұл жетістікке небәрі 20 жасында жетіп отыр. Бұл Қазақстанның күрес тарихында болмаған жетістік десек те болады.

Нұрқожа 1998 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. 2007 жылы отбасымен Ақтөбеге қоныс аударып, спорттағы алғашқы қадамын сол жақтан бастайды.

– Бала күнімнен күресті ерекше жақсы көрдім. Ауладағы балалармен ылғи күресіп ойнайтынмын. Сосын «күреске барамын, балуан боламын» деп әкемнің құлақ-миын жей бастадым. Ақыры, тоғыз жасымда әкем өзі жетектеп күреске алып барды. Ең алғашқы бапкерім Мажит Сағынтаев күрестің қыр-сыры мен түрлі әдістерін үйретті. 6-сыныптан кейін Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында спорт мектеп-интернатына оқуға түстім. Мажит ағайым қазіргі бапкерім Аян Бейсембаевтың қолына табыстады.

Нұрқожа жасөспірімдер және жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында топ жарған. Сондай-ақ әлемдік ареналарда да сынға түсіп, халықаралық турнирлерде үздік шыққан.

– Жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанғаннан кейін, әлем чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік алдым. Өкінішке қарай, Босния және Герцеговина елінде өткен әлем чемпионатында жолым болмады. Жастар арасында да ел біріншілігінде үздік шығып, Азия чемпионатында сынға түстім.Үндістанда өткен додада қола жүлдеге қол жеткіздім. Бірақ жастар арасындағы әлем чемпионатында да үздіктер қатарынан көріне алмадым.

Жас та болса ересектер арасындағы алғашқы Қазақстан чемпионатында тәжірибелі балуандарды сан соқтырып, 70 келідегі үздік спортшы екенін көрсетті. Нұрқожа бір жыл бойы тек осы додаға дайындалған.

– Ересектер сапына ауысқаннан кейін бір жыл бойы тек Қазақстан чемпионатына дайындалдым. 2019 жылға қойған негізгі мақсаттарымыздың бірі ел чемпионатын ұтып, Азияға жолдама алу болды. Әрине, тәжірибелі балуандармен сынға түсіп, жеңімпаз атану оңай болған жоқ. Ең қиын белдесу Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Дәурен Жұмағазиевпен болды. Дұрыс қойылған тактиканың нәтижесінде жеңіске жеттік. Ал финалда Жамбыл облысының балуаны Нұрдәулет Әжіқұлдан айламды асырдым. Бірінші кезеңде 6:0 есебімен ұтып жатып, екінші кезеңде аздаған қателіктер жіберіп қарсыласыма төрт ұпай бердім. Спортта бір ғана қателік шүмектеп төккен теріңді құмға сіңген судай қылады.

Қазақстан чемпионатында топ жарған Нұрқожа Азия біріншілігіне жолдама алып, ересектер арасындағы алғашқы халықаралық турнирде бағын сынауға мүмкіндік алады. Керемет күресімен күллі жанкүйерді тамсандырған балуанымыз қарсыластарының бәрін уақытынан бұрын ұтып, жеңіс тұғырынан көрінді. Алғашқы айналымда түрікменстандық Батыр Боржаковты 11:0 есебімен ұтса, жартылай финалда тәжірибелі Иран балуаны Алиакбар Емамишогаеиді айқын басымдылықпен ұтты. Ал алтын жүлде үшін белдесуде жапондық Коджиро Шиганың жауырынын жер иіскетті. Осылайша, Нұрқожа 20 жасында Азия чемпионатын ұтқан алғашқы қазақ балуаны атанды. Қазақстан күрес тарихында мұндай жетістікке ешкім қол жеткізбеген.

– Азия біріншілігі өте сәтті өтті және жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл мен қатысқан алғашқы ірі жарыстардың бірі. Дүбірлі додада елімізге алтын жүлде сыйлап, Әнұранымызды шырқатқанымыз үшін қуаныштымын. Құрлық бәсекесінде барлық кездесуім де оңай болған жоқ. Әсіресе, финалға жолдама беретін белдесуде өте талантты ирандық балуанды жеңдім. Осы кездесуім көпке дейін ұмытылмасы хақ. Ал финалға өткен соң, жанкүйерлерді жерге қаратпай, қол созым жердегі алтыннан көз жазып қалмау үшін барымды салдым. Бұл жеңісімді бапкерлерім мен маған жанкүйер болған барша қазақ еліне арнаймын. Ендігі мақсат – өз елімізде өтетін әлем чемпионатында көк туымызды көтеру. Шыны керек, бұл жеңіс өзіме деген сенімділікті арттырды. Ерінбей еткен еңбегің міндетті түрде жемісін беретінін түсіндім. Сондай-ақ қателіктермен көп жұмыс істеп, физикалық тұрғыдан да әлеуетімді арттыруым керек. Бұйыртса, бұдан да үлкен додаларда топ жаруды көздейміз.

Нұрқожаның ендігі мақсаты – елімізде өтетін әлем чемпионатында сынға түсіп, жеңімпаз атану. Сол үшін күн-түн демей еңбек етіп, тер төгуде.

– Кез келген спортшының арманы Олимпиада және әлем чемпионы атану екені айқын. Әрине, бұл мақсатқа жету оңай емес. Елімізде өтетін әлем чемпионатында өнер көрсетуге толық мүмкіндігім бар. Қазір бапкерлер 2016 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Нұрлан Бекжанов екеумізді көздеп отыр. Алдымызда бірнеше халықаралық турнир бар. Сол жарыстарда кімнің нәтижесі жақсы болса, сол спортшы әлем чемпионатында сынға түсуге мүмкіндік алады. Азия чемпионатында топ жаруым әлем біріншілігінде белдесуге біртабан жақындатты. Шыны керек, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысып қана қоймай, еліміздегі байрақты бәсекеде топ жарғым келеді. Еркін күрестен әлі Әлем чемпионы шықпағаны барша жанкүйердің жанына бататынын білеміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін балуандарымыз барын салып жатыр. Бұйыртса, бабымыз бен бағымыз қатар шапса, әлем чемпионы атанатынымызға кәміл сенемін.

Нұрқожа белдесетін салмақ (70 келі)олимпиадалық салмаққа жатпайды. Яғни әлем чемпионатында топ жарғанымен, Олимпиада ойындарына жолдама ала алмайды. Бұған қатысты балуанымыздың өз ойлағаны бар екен.

– 70 келіде әлемнің ең мықты балуандары белдескенімен, олимпиадалық салмаққа жатпайды. Сондықтан Олимпиадада өнер көрсеткісі келетіндердің бәрі 74 келіге ауысады. Осы спортты серік еткеннен бері Олимпиаданың биік шыңына шығуды көздедім. Әлем чемпионатын сәтті өткізгеннен кейін салмақ ауыстырамын. 74 келідегі балуандармен де белдесіп, терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп жүрмін. Бірақ алдын ала ешнәрсе айтқым келмейді. Қазіргі басты мақсат – әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету.

Спортқа келген кез келген жеткіншек сияқты Нұрқожа да мықты спортшыларға еліктеп, солардың жетістіктеріне жеткісі келеді. Тіпті кумирінің қарсыласына айналатынына да кәміл сенеді.

– Еліміздің абыройын асқақтатқан балуандар көп. Ерекше күресімен әлемді тамсандырғандар қаншама. Бірақ маған америкалық Джордан Барроуздың күресу мәнері ұнайды. Барроуздың Олимпиада, әлем чемпионаттарындағы белдесулері адамды сүйсіндіреді. Дегенмен біздің де дәл солай өнер көрсетуге әлеуетіміз жетеді. Барроуздың күресін тамашалап, артықшылығы мен кем тұстарын саралаймын. Шыны керек, кез келген қарсыласты ұтуға болады. Ол тек өзіңе байланысты. Әр белдесуге соңғы күшің сарқылғанша, психологиялық тұрғыдан да, физикалық жағынан да дайын шығуың керек.

Нұрқожа қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі де, анасы да спорттан құрқол емес. Өзінен кейінгі інісі де күреспен шұғылданады.

– Әкемнің аты-жөні – Аралбек Жайлауов. Спортқа жақын, бала күнінде бокс, футбол сынды спортқа қатысқан. Анам да гимнастикамен шұғылданған. Інім Құрманбек те маған еліктеп, күреске қатысқысы кеп жүр. Бала күнімде әкеме қоймай «күреске апар, күреске апар» дегеннен кейін ол кісінің де үмітін ақтағым келеді. Одан бөлек, әлемдік аренаға шыққанда қаншама қазақ жанкүйер болып, тақымын қысады. Ата-анам мен елімнің артқан сенімі әрқашан үлкен жеңіске жетуге жетелейді.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз