Әлібек биыл үшінші сыныпқа барды. Оның әкесі жаттықтырушы, анасы өнер адамы. Кішкентайынан халық әнін тыңдап өскен Әлібек қазір домбыра үйреніп жүр. Домбыраға қосылып ән айтады, ал кейде жаттаған өлеңдерін оқиды. Оның жаны сүйетін істерінің бірі өлең оқу.

Демалыс күндері Әлібек әкесіне еріп ат жарысына барады. Сайгүліктердің шабысын тамашалайды.

Кешкісін анасының қасында үй жұмысын орындайды. Телефон, компьютерге жоламайтын Әлібек әр күнді қызықты, пайдалы өткізеді.

Бір күні анасы Әлібекті дүкенге жұмсады. Қайтарда жолда ол ауладағы  достарын кездестіріп қалды. Олар ойнап отыр екен. Жақындап келіп:

– Дастан, Дидар, қалдарың қалай? Не істеп отырсыңдар? – деп сұрады.

Басын көтерген Дастан:

– Карта ойнап отырмыз, – деді телефон экранын нұсқап.

– Картаны қалай телефонмен ойнайды? Оны қағазбен ойнайды ғой, – деді Әлібек таңданып.

Дастан мен Дидар бір-біріне қарап, тырқылдап күлді.

– Сен соны да білмейсің бе? – деді сосын Дидар оған бұрылып. – Бірақ, сенде телефон жоқ қой, әрине, білмейсің. Үйренгің келсе, сабаққа телефон алып кел, үйретем.

«Шынымен де, балалардың бәрінде телефон бар, менде неге жоқ?» деп ойлады Әлібек. Үйге келіп, анасына тапсырған заттарын берді.

– Рақмет, балам. Айтпақшы, кеше саған бір кітап сатып алған едім. Оқы, өте қызық, – деді анасы.

Ойы басқа жақта тұрған Әлібек:

– Анашым, оқығым келмейді. Маған телефон керек. Неге менде телефон жоқ? – деді көзін тіктеп.

– Балам, телефонды қайтесің?

– Ойнаймын. Достарымның барлығында бар, тек менде ғана жоқ.

– Жоқ, Әлібек, сен телефон ұстауға әлі ерте. Оның сен үшін қазір зияны көбірек. Жоғары сыныпқа барғанда алып береміз.

Әлібек бұртиып бөлмесіне кетіп қалды. “Ән де айтамын, өлең де оқимын, аспапта ойнауды да үйреніп жүрмін. Ал неге достарым секілді телефоным жоқ. Олар ешбір өнер үйренбесе де, телефондары бар” деп ренжіді іштей.

Ертесі Әлібек сабаққа көңілсіз келді. Кешегі екі досы телефонсыз келгенін көріп, менсінбегендей болды. Бір кезде сыныпқа директор мен ұстазы кірді.

– Сәлеметсіңдер ме, балалар. Бүгін қазақтың атақты  ақыны Мұзафар Әлімбаев аталарыңның туған күні. Сендер оны білесіңдер ме? – деді директор. Оқушылар білетіндерін  айтты.

– Ал, онда сол ақынның бір өлеңін жатқа айтыңдаршы? Айтқан оқушыға менің сыйлығым бар, – деді директор тағы.

Бір сәт тым-тырыс болып отырып қалған оқушылар арасынан Әлібек қолын көтерді. Орнынан тұрып, Мұзафар атасының балалар үшін жазған өлеңін зуылдата жөнелді. Директор Әлібекке қарап сүйсінді. Артынан қайдан жаттағанын сұрады. Әлібек анасының үйреткенін айтты.

– Анаңа көп рақмет! – деді директор. – Өлең жаттаған бала жаман бала болмайды!

Соңынан ол айтқан уәдесін орындап, Әлібекке конвертке салынған 5 мың теңге сыйлады. Әлібектің қуанышында шек болмады.

Сабақтан келген соң, Әлібек анасын құшақтай алды. Шай үстінде ол мектепте болған жағдайды баяндап, анасына рақмет айтты. Кешегі кітапты бүгін оқитынын айтты. Қатесін түсініп, кешірім сұрады. Директор берген сыйлығын анасына ұсынды. Анасы бұл қаржыға кітаптар сатып алатынын айтып, Әлібекті тағы да қуантып тастады.

Суретін салған Ерлан МОМБАЕВ

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз